Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңіріміздегі Федоров ауданында арнайы іс сапармен болды.
Ол алдымен жергілікті «Жиентай қажы» мешітіне ат басын бұрып, елге сыйлы қадірменді ақсақалдар және жамағатпен кездесті. Жүздесуде қазіргі таңдағы өзекті мәселе - ысырапшылдықтың алдын алу жайлы тілге тиек етті.
Сондай-ақ сапар барысында аудан әкімі Тәуба Қайыржанұлымен кездесіп, аудандағы қалыптасқан діни ахуал және салынып жатқан мешіттің құрылысымен танысты. Жоба бойынша осы имандылық ордасы жанынан мешіт қызметкеріне арналған баспана мен халық игілігі үшін асхана да салынуда.
Сонымен қатар жергілікті мәдениет үйінде «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында рухани кеш болып өтті. Онда Бас имам дін мен дәстүр сабақтастығы мен оның ұлт болып қалыптасуда алатын ерекше орнын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру хақында әңгімеледі.
Баршаға мәлім, облыста қазақтың ұлы жазушысы Беймбет Майлиннің 130 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Заңғар қаламгер кезінде сауатсыздықты жою жөнінде елеулі еңбек сіңірді. Аталмыш жиында оның өшпес туындыларынан көріністер қойылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Дүниежүзілік жастар күніне орай Ұзынкөл ауданы Арзамас ауылы Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Ұзынкөл ауданы білім бөлімі «Арзамас Жалпы білім беретін мектебі» КММ мектебінде «Бір айда бір кітап» жобасы аясында жастармен Алаштану дәрістерін өтіп қазақ зиялылары мен ұлы тұлғаларын тану аясында Алмасбек Әбсадықтың Ахмет Байтұрсынұлының ұстаздық қызметі мен шығармашылығының беймәлім деректері жазылған «Серт» кітабы оқылып талқыланды. Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің бас имамы Есенкелді Сақтағанұлы жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі екенін тілге тиек етті. Жастар жағынан толғандырған сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Сонымен қатар Федоровка ауылы «Федоров Жалпы білім беретін мектебі» КММ мектебінде «Мен жастарға сенемін» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Жастарды дұрыс жолға бағыттауға уағыз насихаттар айтылды.
Әлемдегі ең бай адамдардың бірі Билл Гейтц өзінің бір сұхбатында: «Адамдар тез баюға әуестеніп қалды. Ойының бәрі көп уақыт жұмсамай, тез байып кету. Оның бүгінде қауқарлысы құмар ойынның барлық түрі» - деген екен. Шын мәнінде қазіргі қоғамдағы көпшілік жастардың алдағы көздегені – тез баю. Сондықтан жылдам және оңай ақша табудың әртүрлі жолдарын іздеп, соған қарай ұмтылады. Бірақ елдің болашағы, ертеңі деп сеніп отырған жастың ой-арманы оңай ақша болса, намыстың жоғалғаны деп білеміз. Сондай- ақ «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»,-деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Өз болашағын жарқын әрі берекелі еткісі келсе дүниені адал жолмен табу басты ұстаным болуы тиіс.
Құмар ойындарының себебінен көп адамдардың отбасынан береке кетіп, небір қиыншылықтарға тап болып жатыр. Еңбектеніп тапқан табысын отбасына емес, картаға, ойын автоматтарына, букмекерлік кеңселерге салып сан соғып, бармақ тістегендерді көптеп кездестіруге болады. Тіпті құмар ойынына салынғандардың жұмыс істеу қабілеттері төмендеп, еріншектік, жалқаулық сияқты жаман қасиеттері басым болып тұр.
Құмар ойыны адамның білімі мен біліктілігіне қарағанда сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен ақша табудың бір түрі. Құмар ойындарының негізгі мен заңы осы тұста. Алдын ала ұйымдастырылған сәттілікке қол жеткізген ойыншының қанағатсыздығын пайдалану. Ақыр соңында қалайда болсын жеңіліске ұшырату. Қазақта «Алтын көрсе періште жолдан таяр» деген теңеу сөз бекер айтылмаса керек. Оңай олжаға қол жеткізіп, кейін ұтылсада, келесі жолы сәттілік менің жағымда болады деген сеніммен құмартып, түптің түбінде құмар ойынның шырмауына шырмалып қалғанын сезбейде қалады.
Бүгінгі күнімізде құмар ойындарын ойнау үшін белгілі бір мекенге яки букмекерлік кеңселерге арнайы барып бәс тігудің қажеттілігі шамалы. Ол үшін әркімнің өз қолындағы смартфондар арқылы тіркеліп кез-келген жерде жүріп-ақ жеңіл жетістікке жетудің жолдарын оңайлатып қойған.
Адам баласын екі дүниеде де зиянға ұшыратып, бақытсыздыққа жол бастаушы рухани дерттің бірі құмар ойынды ойнау. Алла қасиетті Құранда «Уа иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен пал ашу шайтанның амалы сналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін құтыларсыңдар», деп айтқан. (Мәйда сүресі 90-аят) Аятта құмар ойнауды «лас» істеп айтуы және шайтанның ісі деп аталуы жайдан-жай емес. Себебі шайтанның басты мақсаты адамды азғырып азапқа душар ету. Ал аяттың «Мүмкін құтыларсыңдар»,-деп аяқталуыда тегін емес. Себебі құмар ойындарын тастау, оған алып баратын себептерге жоламау, одан құтылуға бір қадам болса да жеңіл болады. Ал енді осындай жағымсыз әдеттен арылған кісі мақсатына жетеді.
Құмар ойынының зардабы тек ойыншыға емес, отбасына, дос-жараны мен әріптестеріне жалпы қоғамға тиетінін ескеріп, мұндай лас амалдардан бойымызды аулақ ұстауымыз өзімізге пайда беретінін естен шығармағанымыз жөн. Ал егер кімде-кім құмар ойынына қызығушылығы артып, осы лас іске енді кірісіп бой үйретіп жатқан болса, дәл осы сәттен өзінің нәпсісін тізгіндеуі қажет. Құмар ойындарының бәлесіне белшеден батып, одан арыла алмаудың мысалы мынадай: мәселен сіз өз аулаңызға бақша ектіңіз делік. Бақшаңызды суарып күтім жасағанда, алдыңыздан міндетті түде жемісіңіздің өсуіне кері әсерін тигізуші арам шөптер бірге шығады. Сол арам шөпті егер енді шығып, тамыры әлі тереңдемей әрі жуандамайынша жұлып тастау оңай. Олай болмаса жемісіңізге құйылған суды олда пайдаланып бойын көтеріп, сабағы жуандап, тамыры тереңдейді. Ал мұндай арам шөпті жұлу үшін екі табандап тұрып,екі қолдың бар күшін жұмсау керек болады. Құмар ойынының қызығына кірушіні бірден ол істен айырмаса, тамыры терең кеткен арам шөп сияқтанып, сол былықтың ішінде әлі көп уақыт болатынын күту керек болады.
Бүгін елімізде құмар ойнаушылардың саны күннен-күнге көбейіп соның салдарынан отбасыларынан жырақтап, ажырасып, қарызға белшеден батып, қарыз алмаған танысы қалмағандықтан өтірікші болып, ел-жұртпен араласудан қол үзіп ақыр соңы өзіне қол жұмсауға дейін алып барып жатыр. Ойынқұмарлық, ішкілік пен темекіге тәуелділіктен де ауыр психологиялық дерт. Бұл дерт-адамның денсаулығына, жұмысына, адамдар арасындағы сенім мен абырой-беделінен жұрдай болуына үлкен септігін тигізеді. Сондықтан сіз жақыныңыз немесе танысыңыздан ойынқұмарлықтың қандайда бір себебін байқасаңыз, құмар ойыны құшағына орамай тұрғанда дабыл қағып мамандардың көмегіне жүгінуіңіз қажет.
Амангелді аудандық «Сатыбалды Ишан» мешітінің Бас имамы Шамшиден Нұрсұлтан
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы өңірге екі күндік сапарын ойдағыдай өткізді. Аймақтағы аудандар мен қалалардың имамдары біліктіліктерін көтеріп, көп жайға қанықты.
Наиб мүфти осы сапар барысында Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде өткен дін негіздері «Усул әл-фиқһ» пәні бойынша мешіт имамдарының біліктілігін арттыру курсына қатысқандықтарын растайтын сертификаттарды табыс етті.
Жиын соңында Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы арнайы сапармен келген елімізге белгілі ұстаз, дін қайраткері Сансызбай қажы Құрбанұлына шынайы алғысын білдіріп, ел игілігі жолындағы қызметінде табыс тіледі.
Қостанай облыстық баспасөз қызметі
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан әзірленген «Ислам энцклопедиясының» 1 томы және «Дін және дәстүр» кітабының III-ші кітабы «Муфтият» баспасынан жарық көрді.
Осы аталған құнды еңбектердің жоба жетекшісі, көрнекті дін қайраткері, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы. Редакция алқасының құрамына республикамызға танымал тұлғалар мен білікті мамандар енген.
Аталған әрбір мұсылманның кітап сөресінен орын алуға тиісті қос танымдық еңбектің тұсаукесері облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде болып өтті. Кітаптың лентасын наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы мен Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қиды.
Бұл деректер мен дәйектерге бай, тағылымы мол дүниелер аудан мен қала имамдарына, имандылық ордасының кітапханасына табыс етілді.
Бас имам Бектұрсын Уәлиев жұртшылық назарына ұсынылған кітаптар руханиятымызға қосылған сүбелі үлес екендігін айта келіп, олардың терең мазмұнына кеңінен тоқталды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай қажы Құрбанұлы Қостанай облысына арнайы сапармен келіп, дін қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жалпы жұртшылықпен өткізілген конференцияға қатысты.
Бұл аталмыш жиын Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде діни рәсімдерде ысырапшылдыққа жол бермеу және оның алдын-алу мәселесі бойынша ұйымдастырылды.
Онда наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы сөз алып, «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін тұңғыш рет елімізде Діни басқарма құрылып, қаншама имандылық ордалары бой көтеріп, қазіргідей деңгейге жеттік. Халықтың оған деген құрметі артты. Бүгін де қалың жұртшылықтың қамын ойлап өзекті мәселені жиынға арқау етіп отырмыз» деді. Өзінің «Ысырапшылдықтың бұл дүниедегі және ақыреттегі қоғамға зияны» тақырыбындағы жасаған баяндамасын барлық қатысушылар ұйып тыңдады.
Конференцияда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, Қазақстан Жазушылар Одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбеков, Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің алқа мүшесі, ауданның құрметті азаматы Кенесары Мырзахметов, облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі, Қостанай ауданының құрметі азаматы Әбдікәрім Баекеновтер көтерілген мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ есімі көпке таныс абыз ақсақалдар Торғайбай Уәлиев, Жандарбек Сейітов, мемлекет және қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық және басқалар сөз сөйлеп, бұл басқосудың аса маңыздылығына тоқталды.
Жиын соңында қатысушыларға Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы қабылданған шешімді конференцияға қатысушылар назарына ұсынды. Шешімде: Қонақ асын тоқтату (жаназадан бір күн бұрынғы берілетін кешкі ас); ас мәзірін бірізділікке салу (бауырсақ, нан, қант, кәмпит-печенье, су, шәй, ыстық тамақ); ҚМДБ-ның «Қамқор - шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру; жылдық астарында көрсетілетін бейне - роликтерде (қойылатын әуенге (музыка) назар аудару, алкогольді ішімдігі бар бейне және фото көріністерінің, әуреті ашық киімдердің болмауы); жаназа астарын жиналысқа айналдырмау. Онда үш адамнан артық кісіге сөз бермеу секілді өзекті мәселелер қамтылды.
Конференциядан кейін қабылданған шешімге сейкес үлгі ретінде жиналған қауымға облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің асханасында дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда көрнекті дін қайраткері, ҚМДБ-ның төраға орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы Қостанай өңіріне іс-сапармен келгені белгілі. Ол іс сапар барысында Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітіне ат басын бұрды.
Алланың үйінде жергілікті жамағатпен кездесіп, бүгінгі таңдағы жұртшылықтың көкейінде жүрген өзекті тақырып бойынша уағыз айтты. Жиналғандардың қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы тапсырмасымен, наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Сансызбай Құрбанұлы екі күндік сапармен Қостанай облысына іс-сапармен келді.
Ол алғашқы күні Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде өңірдегі қала және аудан имамдарының басқосуымен семинар өткізді. Онда дін негіздері (Усул әл-фиқһ ) ілімі бойынша сабақ жүргізіп, аймақтағы барша дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге тікелей ықпалын тигізді.
Дәріс барысында Құран мен хадистің түпкі мәнін терең түсіндіріп, оның нәзік тұстарын барынша ашуға тырысты. Имамдар өздерінің көкейінде жүрген маңызды сауалдарына нақты жауап алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Дүйсенбай Қостанай өңіріне арнайы іс-сапармен келді. Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде облысқа қарасты қала және аудан имамдарына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің тапсырмасын жеткізіп, «Имамның тұлғалық келбеті» атты семинар өткізді. Бұл семинардың бір ерекшелігі, оған шалғайда тұратын имамдар онлайн форматта zoom бағдарламасы арқылы қатысты.
Кейін орталық мешітте «Уақып-сауабы үзілмейтін садақа» тақырыбында жамағатқа жұма уағызын жүргізді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев Жітіқара ауданына сапары барысында «Ержан Тәтішев» мешітінде жергілікті ақсақалдармен кездесті.
Онда «Ас беру мәдениеті» дәне «Зират және зиярат мәдениеті» тақырыптарын қозғады. Әсіресе, діни рәсімдердегі ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу жөнінде жан-жақты тоқталды.
Жиында аға буын өкілдері Бас имамның ұсынысын қолдап, көтерілген мәселеге байланысты ой-пікірлерін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі