Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев өңіріміздегі Федоров ауданында арнайы іс сапармен болды.
Ол алдымен жергілікті «Жиентай қажы» мешітіне ат басын бұрып, елге сыйлы қадірменді ақсақалдар және жамағатпен кездесті. Жүздесуде қазіргі таңдағы өзекті мәселе - ысырапшылдықтың алдын алу жайлы тілге тиек етті.
Сондай-ақ сапар барысында аудан әкімі Тәуба Қайыржанұлымен кездесіп, аудандағы қалыптасқан діни ахуал және салынып жатқан мешіттің құрылысымен танысты. Жоба бойынша осы имандылық ордасы жанынан мешіт қызметкеріне арналған баспана мен халық игілігі үшін асхана да салынуда.
Сонымен қатар жергілікті мәдениет үйінде «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында рухани кеш болып өтті. Онда Бас имам дін мен дәстүр сабақтастығы мен оның ұлт болып қалыптасуда алатын ерекше орнын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру хақында әңгімеледі.
Баршаға мәлім, облыста қазақтың ұлы жазушысы Беймбет Майлиннің 130 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Заңғар қаламгер кезінде сауатсыздықты жою жөнінде елеулі еңбек сіңірді. Аталмыш жиында оның өшпес туындыларынан көріністер қойылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі