Бұл кеш 400 адамға жайылған дәстүрлі ауызашар дастарханымен басталды. Содан кейін осы қасиетті Рамазан айы басталғалы бері әр күні осыншама адамға дастархан жайылуына демеушілік жасаған азаматтарға дұға тілек бағышталып, қадірменді ақсақалдар ақ батасын берді.
Имандылық ордасына жиналғандар Бахытбек қажы Нұрғабылұлының Құптан намазы алдындағы «Қадір түні» жайлы айтқан уағыздарын ұйып тыңдады.
Сондай-ақ осы түнде Жандос қаридың Құптан және Тарауық намазында хатым батасы жасалып, қаридың иығына шапан жабылды.
Қадір түні барысында оның мәні мен мақсаты бас қосқан қауымға ұғынықты болу үшін викториналық яғни танымдық сұрақ-жауап түрінде ойын ұйымдастырылды. Ерекше көзге түсіп, терең білім танытқандарға Алғыс хаттар тапсырылды.
Қасиетті түнге арнайы келген қауым сәресіге арнайы жайылған берекелі дастарқаннан дәм татты.
Міне, осылайша айлардың сұлтаны Рамазандағы Қадір түні өңіріміздің басты мешітінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти
Құрметті бауырлар!
Қасиетті Қадір кеші мүбәрак болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған құлшылық-ғибадаттарыңызды қабыл еткей.
Расында, Рамазан айының қасиетті болуының ұлы ерекшеліктерінің бірі – Қадір түнінде тағдырдың жазылуы. Ал Қадір түнінің қасиетті болуының мәні – адамзат баласын екі дүние бақытына жетелеуші қасиетті кітабымыз Құранның түсуі.
Алла Тағала Құранда: «Біз шынында, Құранды Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні (қасиет және сауап жағынан) мың айдан да қайырлы. Сол түнде періштілер және Жәбірейіл Алланың әмірімен (жер бетіне Алла тағдыр еткен) барлық істерді атқару үшін түседі. Сол бір түн, ағарып таң атқанға дейін амандық-тыныштық түні болады» («Қадір» сүресі, 1-5-аяттар) деп баяндайды.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен және отбасын да құлшылыққа оятқан» дейді. Бұл түнде намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Сонымен қатар Алладан көбірек кешірім сұрап, дұға жасауды ұмытпайық.
Айша анамыз (оған Алла разы болсын) ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі, Қадір түнінде қандай дұға тілейін?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла, расында, Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре көрші» деп айтасың» деп жауап берген. Хадистердің бірінде: «Кім де кім Қадір түні иманмен және сауабын үміт етіп құлшылық етсе, оның алдыңғы күнәлары кешіріледі» делінген.
Алла Тағала баршамыздың қате-кемшілігімізді кешіріп, өз мейіріміне бөлегей. Раббымыз Қадір кешінде шынайы иманмен жасаған дұғаларымызды, намаздарымызды, берген садақаларымызды, оқыған Құранымызды қабыл етіп, сауабын еселеп жазғай.
Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әмин!
Рамазан айының құрметіне Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің ұжымы жастар жамағаты арасында волейболдан жарыс ұйымдастырды. Онда 12 команда арасындағы сайыс тартысты өтті.
Жарыс алдында елдің құрметті азаматтары мен аудандық мешіттің бас имамы Нұрлан қажы Сейілханұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.Осынау берекелі айдың қадір-қасиеті мен шарапаты жайында тілге тиек етті.
Сайыстың қорытындысы бойынша жүлделі орындарды иеленген командаларға медальдар, грамоталар мен кубоктар табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық.«Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде Түркия Республикасы мәдениет және туризм министрлігі жанындағы түрік ынтымақтастық және үйлестіру агентігі Қазақстандағы өкілдігінің ұйғарымымен және еліміздегіТүркия түлектері қауымдастығының ұйымдастырумен қайырымдылық шарасы болып өтті.
Онда олар жергілікті көмекке мұқтаж 80отбасына қасиетті Рамазан айының құрметіне азық-түлік тапсырып, үлкен сауапқа кенелді.
Әрине, арқалықтық ағайындар өз кезегінде шапағат нұрына бөлеген жаны жомарт азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті азаматтардың ұйытқы болуымен қасиетті Рамазан айында облыс орталығынан шалғайда жатқан Ұзынкөл ауданына қарасты Обаған ауылында жаңа мешіттің қазығы қағылды.
Бұл елді-мекенде ғұмыр кешіп жатқан ағайындардың өміріндегі айтулы оқиғаға Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет арнайы іс-сапармен келіп, тұрғындар мен жиналған қонақтарды имандылық ордасының қолға алынуымен шын жүректен құттықтады.
Шара барысында Бас имам және ауыл ақсақалдары қолдарына күрек алып, мешіттің алғашқы құрылысының іргетасын қаласты.
- Обағанда Ораза кезінде осындай үлкен игі істі бастап жатырмыз. Алланың жердегі үйі болатын мешіт – қастерлі орын, оның құрылысына қолдау көрсетіп, демеушілік жасағандардың алар сауабы мол. Пайғамбарымыз хадисінде «Кім де кім өмірінде бір мешіт соқса, Алла Тағала оған қияметте өзі соққан мешіт сияқты жәннатынан үй салып береді» деген.
Қостанай облысында биыл жоспар бойынша елді-мекендерде 10 мешіт салынуға тиіс. Соның біреуіне бүгін бәріміз куә болдық. Оның құрылысы аяқталып, дер кезінде пайдалануға берілсе, халықты имандылыққа, әділдікке, адалдыққа тәрбиелейтін орын болатындығы даусыз, – деді Бахытбек қажы Нұрғабылұлы.
Соңғы жылдары аталмыш құтты қоныста қаншама үйлер тұрғызылды. Алайда, мешіт салу көпшілікті біраздан бері толғандырып жүретін. Міне, соны жүзеге асырудың сәті келді.
Ауыл әкімі Марат Нұржанов жиында сөз сөйлеп, жерлестерінің қуанышына ортақтасқан облыстың Бас имамына өзінің ризашылығын білдірді.
Мыңға жуық тұрғынды қамтитын елді-мекендегі 150 шаршы метр аумақты алатын жаңа нысанның салынуына жүрегі елім деп соғатын жеке кәсіпкер Ермек Иманбаев пен өзге де жанашыр азаматтар өздерінің лайықты үлесін қоспақ.
Қасиетті Рамазан айындағы осы игі шарада Обаған ауылының тумасы, Рудный қаласының құрметті азаматы Ғабдолла Ахметжанов өзінің қуанышты екенін білдіріп, келешекте жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздан келе жатқан асыл дінімізді сіңіріп, оларды имандылыққа тәрбиелейтін парасат ордасы болады деген ізгі үмітін жасырмады.
Шара соңында «Балықты» мешітінің ұжымы Обаған орта мектебінде оқушылар арасында қазақша күрестен жарыс ұйымдастырды. Сайыс қорытындысында жеңімпаздарға мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, жергілікті 10 отбасыға Оразаның құрметіне азық-түліктер қоржыны тапсырылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен жұмада Қостанай облыстық мешітінде «Олжа Агро » холдингінің басшысы Айдарбек Асанұлы Ходжаназаров қолдауға мұқтаж 300 адамға азық-түлік салынған «Рамазан қоржынын» табыс етті.
Бұл сауабы мол қайырымдылық шарасына 4,5 млн. қаражат жұмсалды. Қасиетті Ораза кезінде жомарттық танытқан бауырымызға шапағатын көрген кісілер дән ризалығын білдірді.
«Алтын алма, алғыс ал» деген қағиданы берік ұстанған іскер азаматқа Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық мешітінің жанындағы әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен Алланың көркем 99 есімін жатқа айтудан жарыс болып өтті.
Оған 5 талапкер қатысып, өздерінің бақтарын сынады. Сайыстың қорытындысында жүлделі бірінші орынды Кәрима Абдулғани, екінші орынды Эльмира Әбдікәрімова, үшінші орынды Көркем Сапарғали иеленді.
Жоғарыда аталған сайыстың тиісті деңгейде өтуіне әйел-қыздар секторының жетекшісі Жансая Халим қыруар еңбек сіңірді. Бойжеткендер өздерінің ізденіс үстінде екендіктерін көрсетті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Денисов аудандық «Жұма» мешітінің бас имамы Руслан Маратұлы жергілікті №3 мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде маңызды кездесу өткізді. Жиынға білім ордасының оқушылары мен мұғалімдері қатысты.
Бұл кездесудің мақсаты – ғасыр дерті болып табылатын сыбайлас жемқорлықпен күресуге жұртшылықты тарту және оған адам бойында мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Жүздесуде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арман Алдиярұлы әңгімеге арқау болған өзекті мәселе мен өздерінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Содан кейін Руслан Маратұлы жоғарыда айтылған дерттің алдын алу, азаматтардың бойында адалдық пен адамгершілік, ізгілік қасиеттерді қалыптастыру, ешқандай заңды бұзушылыққа шыдамдылық танытпау хақында өз ойын ортаға салды.
Іс-шараға қатысушылар да қоғамның қарыштап дамуына кедергісін келтіретін көкейтесті тақырыпқа байланысты пікірлерін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы тапсырмасы негізінде облыс бойынша барлық мешіттерде ішкі сыртқы тазалықтар жасалды.
Осы ретте Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінде «Тазалық-иманның жартысы» деген атаумен мешіт қызметкерлері мен намазхан жамағат имандылық ордасының ауласында сенбілік өткізді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» емес пе? Аталмыш мешіттің қызметкерлері мен жамағаттар белсенділіктің нағыз үлгісін көрсетті. Айнала ұйымшылдық танытудың арқасында жарқырап шыға келді. Оны көзбен көрудің өзі бір ғанибет еді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қасиетті Рамазан айы кезінде өңіріміздің бірқатар имандылық ордаларында қайырымдылық шаралары өткізіліп, жанашыр азаматтар қолдауға мұқтаж жандардың шынайы алғысына бөленуде.
Мәселен, жуырда Жангелдин аудандық «Оспан қожа әулие» мешітінің ұйымдастыруымен осы аумақтағы мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көп балалы 200 отбасына «Рамазан қоржыны» табыс етілді.
Оған жүрегі жомарт бауырларымыз Видади Мұхаммадоглу және Назим Нариманоглу демеушілік етті. Осынау игі істі қолдап атсалысқандарға Рамазан айының шарапаты тие берсін! Ораза қабыл болсын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі