Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

2015 жылдың 18 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді.

Сабырлық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Адамның иманы күшейген сайын арсыздықтан арыла бастайды. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...», – деп, оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Қадірлі ағайын!

Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық!

Мейірімділік, кешірімділік, игілік, имандылық һәм адамгершілік құндылықтар салтанат құрған қоғамның қашан да болашағы баянды, келешегі кемел.

Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» – деген.

Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаның рухани дәмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.

Қадірлі қауым!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Дәл қазіргі күндері әлемнің 60-тан астам мемлекетінен жиналған қарилар Малайзия елінде Халықаралық сыннан өтті. Осымен 57-ші рет ұйымдастырылған Малайзия Халықаралық Құран жарысы өз жеңімпаздарын анықтады.

Қасиетті Құран жаттау мен көркемдеп оқу бойынша екі бағыттағы сайысқа әлемнің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген 100-ден аса хафиз-қарилар жиылып білімдерін сарапқа салды. Маусымның 6 мен 16-сы аралығын қамтыған халықаралық бәйгеде Құран Кәрімді бүкіл ереже-қағидаларын сақтай отырып, жатқа оқудың іріктеу сынына қатысқан үміткерлерден тек 30 хафиз ғана финалға өткен. Еліміздің намысын қорғау үшін аттанған Шохан Уәлиев те іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, 4 күнге созылған ақтық сайыста бақ сынады. Шохан Уәлиев жақында ғана еліміздегі VI Республикалық қарилар жарысында Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап, жүлделі орынға ие болған еді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мамандарының сенімі мен ел үмітін арқалап Малайзияға аттанған қазақстандық қаридың финалға шығуы үлкен жетістік болды. Өйткені сайыскерлерді әлемдегі мүйізі қарағайдай 20-ға жуық Қасиетті Құран хафиздері, ғалымдар жіті сараптаса әрі бәйге барысын бүкіл әлем тікелей эфир арқылы бақылап отырды. Тікелей эфирде әрбір қариға 5 сұрақ қойылып, сұрақтағы аяттың жазбаша нұсқасы экран бетінде көрсетіліп тұрды. Бұл кез-келген көрерменге сайыстың әділдігін саралауға мүмкіндік берді. Осындай сында қазақ баласы Шохан Уәлиев алғашқы 10-дықтың қатарынан табылды.

Еліміздегі ислами жоғары білім шаңырағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің студенті Шохан Уәлиев соңғы бір жыл бойы мысырлық ғалым, доктор Сәйд Абдулмәжид Сәйд Мұхамедтен Қасиетті Құран жаттаудан жіті дәріс алған. Шәкіртінің Халықаралық аламандағы аяқ алысын тікелей эфир арқылы қадағалаған ғылым докторы Сәйд Абдулмәжид: "Бұл Шоханның Халықаралық дәрежедегі алғашқы додасы. Алла қаласа, болашақта бұдан да жоғары нәтиже беретіндігіне үмітіміз мол", - деп өз сенімін білдірді. Шохан Нұралыұлы да Құран Кәрімді жаттауда Нұр-Мүбарактағы ғалымдармен қатар Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұстаздарының да еңбегін ерекше бағалауда.

Малайзия астанасы Куала-Лумпурдағы мәртебелі сайыс жеңімпаздарын марапаттауда Корольдің өзі келіп сыйлықтарды табыс еткен. Бірінші орын Катар, екінші Кувейт, үшінші Тунис мемлекетінің хафиздері иеленген, яғни алдыңғы орынды араб мемлекеттері еншілеген сайыста ТМД елдері арасынан Қазақстан ғана алғашқы ондыққа енді. Бұның өзі еліміздегі ислам дініне деген қолдау мен бетбұрыстың артып, Қасиетті Құран жаттаушы қариларымыздың қатары өсе бастағанының бір дәлелі іспеттес.







muftyat.kz

Кез келген маңызды іс дайындықты талап етеді. Мұсылман адам Құран түсірілген, күналардың кешірілуіне себепші болатын, жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатын, шайтандар кісенделетін, жылына бір мәрте ғана келетін Рамазан атты ұлық айдың келуіне үлкен дайындықпен қадам басқан жөн. Рамазан біздерге жылына бір мәрте келетін қонақ іспеттес. Егер біз оны құрметпен қарсы алсақ, қияметте құрметке бөленуімізге себепші болады. Қасиетті айдың әр уақытын бағалап, дұрыс әрі жақсылық амалдарға толы етіп өткізуіміз үшін қажетті бірнеше әдептерді ескергеніміз дұрыс.

1.Алладан рамазан айына амандықта жеткізуді сұрап, дұға ету

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көзін көрген сахабалар рамазанға алты ай қалғанда, «рамазанға жеткіз»,- деп Алладан тілек тілеп, рамазан айы өткеннен кейін алты ай бойы қасиетті айда жасаған жақсылық амалдарымды қабыл ет деп дұға ететін болған. Адамзаттың ардақ тұтар ұстазы (с.ғ.с) Рамазан қарсаңында Алладан былай деп сұрауымызды үйреткен:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبَلِّغْنَا رَمَضَانَ

«Иә Аллам, біздерге режеп және шағбан (айларында) берекет бер әрі біздерді рамазанға (амандықта) жеткізе гөр»[1].

2. Фиқһ кітаптарынан ораза турасында бір қайталап оқып шығыңыз

Ораза – намаз сияқты күнделікті бес уақыт орындалатын құлшылық емес. Ол жылына бір мәрте ғана келетін болғандықтан оразаға қатысты кей мәселелерді адам баласы ұмытып, естен шығарып алуы ықтимал. Осы себепті, тіпті, білген болса да қасиетті ай кірмес бұрын ораза үкімдерін, тағы бір қайталап шыққан жөн.

3. Өміріңіздегі ең соңғы рамазан айының оразасын тұтатындай сезімде болыңыз

Қандай да бір адаммен соңғы мәрте кездесетіндігін білген кісі ол кездесуді жіберіп алмас үшін бар күш жігерін жұмсап, кездесулерінің барынша мәнді өтуіне мән береді. Осы сыңды құлшылық мәселесінде де мұсылман адам әр жасайтын құлшылығына ерекше ден қойып, оны өзі өміріндегі ең соңғы құлшылығын жасап жатқанындай сезімде болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздерге: «Намазыңа тұрғанда, оны қоштасып тұрған адамның намазындай оқы», – деп кеңес берген. Қасиетті Рамазанды да біздер соңғы мәрте қарсы алып жатқандай сезімде болуымыз қажет. Осылай істеген адам оразадан барынша пайда алып, рамазан айының әр уақытын бос жоғалтпау үшін бар ынта жігерін салары сөзсіз.

4.Рамазан айында жақсылық амалдар жасауға шын жүректен ниеттену

Хадисте: «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты»[2],- деп айтылғандай, кез келген амал ниетпен өлшенеді. Құлшылық мәселесінде мұсылман адамның ниетін жаңартып тұруы маңызды. Рамазан айы келерден өзімізге «қандай жақсылық амалдар жасауыма болады» деген сұрақ қойып, шамам келеді деген амалдарды тізіп, іске асыруды шынайы түрде ниеттенгеніміз жөн. Тіпті істей алмай қалған жағдайдың өзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде:

فَمَنْ هَمَّ بِحَسَنَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْها كَتَبَها اللهُ لَهُ عِنْدَهُ حَسَنَةً كامِلَةً

«Кім жақсы іс істеуді ниет етсе, бірақ оны орындамаса, Алла өз қасында толық бір жақсы іс жасағанындай жазады»[3], - деп айтылғандай, істегендей сауап жазылуы үміт етіледі. Мысалға, Алла қаласа, мынандай істерді істеймін деп ниеттенсек болады:

1) Бір ай ішінде Қасиетті Құранды бастан аяқ оқып шығуды ниеттену. (Егер арабша тәжуидпен оқи алмаса, қазақша мағынасын оқу;

2) Бес уақыт намазды жамағатпен оқуға тырысу;

3) Осы айды пайдаланып бойымдағы жаман деп танылған сипаттардан мүлде арылып, өзіңді жақсы жаққа өзгерту;

4) Барлық адаммен тек жақсы мәміледе болу;

5) Таңғы және кешкі оқылатын дұғаларды тастамай оқу;

6) Тарауих намаздарына қатысу;

7) Отбасыммен жағдайы төмен бірнеше адамға жәрдемдесемін;

5.Рамазан айына арналған жоспар құру

Рамазан айының әр уақыты құнды. Әрі ол айдағы алтын уақыттарды бос өткізбес үшін адам өзінің уақытын жүйелеп, реттеп, жоспарлап қоюы қажет. Жоспарды қағаз бетіне түсіруге де болады. Ол үшін Құран оқу, дұха намазы, тарауық намазы, тәһажжуд намазы сыңды амалдарды, әрі сақтану қажетті болған бос сөзден тілді тию, жаманға көз салудан көзді тию, ашуланбау, адамдармен қарым-қатынаста күлімсіреп, жымиып сәлемдесу деген сыңды өзіңіздің бойыңызда қалыптастырамын деген амалдарды жазып қою қажет. Кейін қағазға бірінің астына бірін тізіп, бірден отызға дейінгі рамазан айының күндерін цифрмен белгілеп жазасыз. Енді күнделікті кешке жатарда жаңағы қағаздағы тізілген істерде орындаған не орындай алмағаңызды бақылып, тексеріп, орындалғанын белгілеп отырыңыз. Омар (р.а.) бір сөзінде: «Сендерді есепке тартпай тұрғанда өз-өздеріңді есепке тартыңдар. Амалдарың сендерге өлшеніп берілмей тұрғанда, алдын ала өздерің өлшеңдер»,- деп өсиет айтқанындай, әркез өзінен есеп алу – тақуа адамдардың сипаттарынан. Ал, біз ең болмағанда, қасиетті рамазан айында осы істі қолға алып, өзімізден есеп алатын болсақ, дүниеміз бен ақыретімізге тигізер пайдасы мол. Осылайша бір ай бойы өзін есепке алған адам рамазан айы өтісімен өзінің жасаған амалдарын қарап-ақ қасиетті айды қаншалықты дәрежеде өткізгендігін білуіне болады.

Алла Тағала баршамызға қасиетті айға амандықта жетіп, оразамызды шынайы ықыласпен ұстап, қияметте Раян атты жаннат есігінен кіретін құлдардан болуды нәсіп етсін!

Думан Сайфуллин

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником