Ислам дінінде азан айту немесе азан шақырудың алар орны ерекше. Себебі «Азан» асыл дініміздің «рəмізі» десе болады. Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген нақыл сөз де бар.
Мұсылман баласы азан шақырылған кезде оны ықыласпен тыңдап, азан сөздерін қайталауы керек. Азанның өзіндік шығу тарихы мен дінімізде алар орны ерекше. Кезінде асыл дініміз қанат жая бастаған дәуірде мұсылмандарды құлшылыққа шақыратын бір белгі, әдістің қажеттілігі туындаған.
Сонда Мұхамед пайғамбар (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) сахабалармен ақылдасып, намазға шақыру әдісін бекіту үшін мәжіліс өткізген. Осы тұста хазірет Омардың (Алла одан разы болсын) ұтымды ұсынысы қабылданып, халықты намазға шақыру үшін арнайы бір адам тағайындау ұсынылған.
Бұл жауапты міндет Біләл ибн Рабах есімді сахабаға жүктелді. Көп ұзамай - ақ Абдуллаһ бин Зәйд атты сахаба бір түс көреді . Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретілген. Абдуллаһ таң атар атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (Оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) келіп, бүге- шігесіне дейін баяндады.
Пайғамбар оны мұқият тыңдап, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де бұл түсті халыққа жеткізіп, азан мәтінін Біләл ибн Рабахқа үйретті. Сол сәттен бастап Біләл өзінің әсем даусымен азан айтып, Мәдина қаласының аспанын жаңғырықтырды.
Міне, ҚМДБ-ның тапсырмасы аясында Республикалық азан айту сайысына онлайн форматта іріктеу өткізіліп, онда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының «Зұлқарнайын Мұса қажы» мешітінің Бас имамы Еркебұлан Жаңбырбайұлы әуезді үнімен топ жарды. Сөйтіп ол алдағы уақытта республикалық жарыста облыстың намысын қорғайды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығына орай және Бас мүфтидің тапсырысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес жуырда Қанат Алмұхамедовтың қаржылай көмегімен Жітіқара ауданының «Ержан Тәтішев» мешітінің ауласына «Тоқшылық бұлағы» атты аудан тұрғындарына арналған бұлақтың ашылу салтанаты болып өтті.
Жиында арнайы шақырылған аудан мешітінің алқа мүшесі Н. Алмұхамедов және «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының техникалық басшысы А.Р Смағұлов салтанатты лентаны қию құрметіне ие болды.
Есте қаларлық басқосуда Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары З. Урманова, мешіттің алқа мүшесі Н. Алмұхамедов және Қостанай облысының Бас имамы Б.Тәжімбет көпшілікті құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Аталған салтанаттан кейін жиналғандар Забеловка ауылындағы жаңа зиратқа барды. Бұл зират «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының қаржылай көмегімен салынды. Жаңа зираттың аумағы 25 гектар. Айналасы қоршалған, уақыт талабына толық сай келеді.
Осы көпшіліктің назарын аударған игілікті шараларға Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары З. Урманова, Қостанай облысының Бас имамы Б. Тәжімбет, жергілікті «Ержан Тәтішев» атындағы мешіттің бас имамы М. Бердіғожин және мешіттің алқа мүшесі Н. Алмұхамедов, Қамысты аудандық мешітінің бас имамы А. Жүнісов, «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамының техникалық басшысы А. Смағұлов қатысты.
Бұл игілікті істер Жітіқаралық мұсылман қауымының жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Көпшілікке мәлім, үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толды. Бұл барша мұсылман қауымы үшін үлкен мерейтой.
Сондықтан да болар, аталмыш басқарма 30 жылдыққа орай 30 мың түп көшет отырғызу жөнінде бастама көтерген еді. Бұл игі іс-шара еліміздегі барша мешіттердің тарапынан қолдау тапты.
Бүгін Қостанай облысының аудан мен қалаларындағы күллі мешіттердің имамдары мен жамағаттары таңертеңнен бастап имандылық ордаларының аулаларында жасыл көшеттер отырғызды.
-«Біздің ата-бабаларымыз «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын»,- деп босқа айтпаған. Себебі, отырғызылған көшеттер уақыт өте айналамызды көркейтіп, көгалдандырумен қатар жасыл желекке бөлейді емес пе.
Ал, экология жақсарған сайын адамдардың денсаулығы да нығаяды. Сондықтан мұны жете түсінген қостанайлық дін қызметкерлері мен жұртшылық биылғы тал егу шарасына да белсене қатысып, ұйымшылдықтың нағыз үлгісін көрсетті.
Үстіміздегі жылы отырғызылған жас көшеттер ертең жапырағы жайқалған үлкен бәйтерекке айналады. Жаздың ыстық күндерінде жанға сая болары хақ. Бір жағы оның өмірімізді жалғастыратын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. тағылымды тәрбие болатындығы даусыз. Сөйтіп, олар жан-жағымыздағы көркем де көңіл-күйімізге ерекше әсер беретін табиғатты көздің қарашығындай сақтауға ықпалын тигізеді», - дейді Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ұйғаруымен еліміз бойынша барлық өңірлерде «Көшпелі керуен» атты қайырымдылық науқаны басталды.
Қостанай облыстық мешіті де осы игі шараны қолдап, қала бойынша 30 мұқтаж көп балалы аналарды, жағдайы төмен отбасыларды арнайы шақырды.
Оларға азық-түлік жөнінен көмек көрсетті. Бұл өзгелерге қай жағынан болсын өнеге болары даусыз. Алдағы уақытта да бұл шаралар жалғасын таба береді деген үміттеміз.
Жоғарыда аталған мешіт ұжымы осындай қайырымы мол істерді насихаттауға да айрықша көңіл бөледі. Соның бір жарқын айғағы ретінде наиб имам Әлішер Ертайұлы қаладағы «Қазақстан-Қостанай» және «Алау» телеарналарына арнайы сұхбат беріп, қайырымдылық жайлы кеңінен әңгімеледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі