Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2021 жылды «Ихсан» жылы деп жариялағаны имандылықты пір тұтқан ағайындарға белгілі.
Қазігі таңда «Ихсан - рухани тәрбие негізі» деп аталатын аса маңызды еңбек жарық көріп, күллі республика жұртшылығы тарапынан қолдау тапты.
Бұл орайда ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігі де «Ихсан – рухани кемелдену жолы» деп аталатын құнды кітаптың тұсаукесерін өткізді.
Осынау еңбек - үстіміздегі жылға жоспарланған қос кітаптың алғашқысы. Оған облыстағы бірқатар аудан және қала имамдарының тың ізденісінен туған мақалалары енді.
Тұсаукесерге арналған жиынды Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет ашып, Ихсан ұғымының мән-мағынасын түсіндірді. Басқосуға арнайы шақырылған алқа мүшелері, зиялы қауым және мешіт жанашырлары қатысты.
Онда діни тақырыпқа көптен бері қалам тартып жүрген Қазақстанға танымал қаламгер, ақын және ғалым Ақылбек қажы Шаяхмет сөз сөйлеп, баспадан шыққан жаңа кітапқа байланысты өз ой-пікірін ортаға салды.
Алқа мүшелері мен құрметті қонақтарға «Ихсан – рухани кемелдену жолы» деп аталатын кітап сыйға тартылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі