Облысымыздың Ұзынкөл ауданында «Абай мұрасы- адамзаттың асыл қазынасы» деп аталатын поэзия сағаты болып өтті.
Оны аудандық орталықтандырылған кітапхана, 2-ші орта мектеп және «Ұзынкөл жастары» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, жұртшылықтың шынайы алғысына бөленді.
Тағылымды шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Болатов және аудандық «Балықты» мешітінің бас имамы Есенкелді қажы Сақтағанұлы қатысты.
Жиналғандар алдында бас имам сөз сөйлеп, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың даналығына, шығармашылығына кеңінен тоқталды.
Поэзия сағатында 5-9 сынып оқушылары халқымыздың ерекше тұлғасының асыл қасиеттері жайлы тебірене сөйледі. Абайдың әндерін орындады.
Жыл сайын елімізде діни оқу орындары бой көтеріп, онда білім алар жас буындар саны артып келеді. Діннің тазалығы мен оның туралығына ден қойып, ілімге құштарлар қатары да көбеюде.
Ислам дінінің өркен жаюына атсалысып, оның ілгері дамуына өз үлестерін қосып жүрген дін қызметкерлері қаншама. Дінді насихаттау мен дәріптеуде өз үлесін қосып жүрген дін қызметкерлерінің бірі- Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдағалиев.
Жуырда олөзі түлеп ұшқан «Нұр-Астана» мешіті жанынан ашылған «Астана» медресесі шәкірттерімен арнайы кездесу өткізді. Оған 50-ден аса медресе шәкірттері жиналды.
Кездесу барысында медресе шәкірттері жан-жақты пікір алысып, дін жолына бет бұрған әрбір шәкіртке сәттілік тіледі.
Таяуда Науырзым аудандық кітапханасында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ауыл ақсақалдары және мектеп мұғалімдерімен дөнгелек үстел өткізілді.
Кездесу барысында Абайдың өмір жолы мен қазақ халқына сіңірген еңбегі туралы жан-жақты айтылды. «Түркебай» мешітінің найб имамы Кенжеғара Әл-Фарабиде сөз сөйлеп, ата-бабаларымыздың діндарлығы мен даналығына ерекше тоқталды.
Жүздесуде жастардың діни сауатын көтеру жайы да әңгіме болды. Өйткені білімді жастар ешқашан да теріс ағымдардың жетегінде кетпейтіндігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Рудный қаласының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев қалаға қарасты Қашар кентіне арнайы барып, мешіт жамағатымен және мектеп оқушыларымен кездесті.
Мәселен, №2 Қашар орта мектебінде «Ұлт болашағы – иманды ұрпақ» атты имани тәлім-тәрбиелік мәселені қозғаған кездесуде бас имам «шынайы имандылық» пен «тәрбие» жөнінде әңгімеледі.
Жас өрендерге оқу-білімге құштарлық таныта отырып, Отанды сүю, ата-ананы қадірлеу, ұстазды құрметтеу жайында тағылымы мол насихат айтты.
Сондай-ақ жат ағымдардың қоғамға зияны туралы және осындай диструктивті ағымдардан қалай бойды аулақ ұстау қажеттілігінжете ұғындырды.
Шара барысында ұстаздар мен оқушылар тарапынан түрлі сұрақтар қойылды. Дін мен дәстүрді ұштастыра отырып барлық сауалға тұщымды жауап берілді. Мектеп ұстаздары дін қызметкеріне шынайы алғыстарын жеткізді.
Бұдан соң Бас имам Бектұрсын Торғайбайұлы «Кәмшат ана» мешітінде болып, жамағатпен жүздесті. Жамағаттың, қадірлі ақсақалдардың ой-пікірін тыңдап, жұма уағызын айтты.
Арқалық қаласының жастар - ісі жөніндегі мекемесі және ішкі саясат бөлімінің, шаһардағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен қаладағы Абай Құнанбайұлының атындағы № 6 мектебінің жүзге жуық жоғарысынып оқушыларымен «Адамның рухани құндылықтары – кемелдіктің кілті» атты маңызды кездесу өткізілді.
Кездесу барысында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Дархан Қосылбаев адамзатқа ауадай қажетті рухани азық жайлы сөз қозғады.
Ал, рухани құндылықтың қайнар көзі – иман, яғни Ислам діні, мөлдір бұлағы Құран екендігіне тоқталды. Мұхаммед пайғамбарымыздың ғұмыры мен көркем мінезі барлық өскелең жастарға өнеге екендігін айтты.
Әңгімеге арқау болған өзекті тақырып барша шәкірттерге үлкен ой салғандығы сөзсіз.
Әулиекөл ауданының Бас имамы Нұрлан Сыздықовтың осы жауапты қызметке тағайындалғанына көп уақыт өткен жоқ. Осы орайда ауданға қарасты ауылдарда халықпен кездесуді бастап та кеткен.
Жуырда ғана ол Чернышев ауылында халықпен кездесіп, діни ахуалмен танысып, халықтың пікірін тыңдады және тағылым болар әңгімесін өрбітті.
Сонымен қатар сол ауылдағы орта мектеп ұстаздары және жоғарғы сынып оқушыларымен де жүздесті. Жиналған жұртшылықты еріктілер жылында белсенді болуға шақырды.
Кездесу барысында ол экстремизм мен терроризм тақырыбына байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі – жат ағымның алдын алу. Осы бағытта оның қоғамымызға тигізетін зардаптары жайлы түсіндіру мақсатында кездесулер мен жиындар өткізіліп жатқаны белгілі.
Таяуда Федоров ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінде осы мәселе бойынша басқосу болып өтті. Оған осы саланың қызметкерлері мен мамандары қатысты.
Онда Федоров ауданы «Жиентай қажы» мешітінің Бас имамы Ерлан Тілегенов жат ағым жəне оның тигізер зияндылығы хақында уағыз айтты. Жиналған азаматтар имамның сөзін ұйып тыңдады.
Жақында Тобыл қаласы «Маңдай батыр» мешітінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының филиалында дін қызметкерлеріне арналған «Жеті рухани қазық» атты аймақтық семинар болып өтті.
Осы аса маңызды жиынға Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек Тәжімбет арнайы қатысып, алғашқы болып сөз алды. Ол «Жеті рухани қазық» жайында жан-жақты әңгімеледі.
Одан кейін Қостанай облысы әкімдігінің дін істер басқармасының бас маманы Сапарғали Абдиев қозғалған тақырып хақында пікірін білдірді.
Жиынға аймаққа қарайтын бір қатар аудандардың бас имамдары мен ауыл молдалары қатысты. Басқосуда көтерілген тақырып бойынша алдағы жұмыс жоспары құрылды.
Семинарда «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Асылхан Мұханбетжанұлы, осы мешіттің найб имамдары Азамат Мурзаканов, Медет Өтепқалиев, Қарасу және Сарыкөл аудандарының Бас имамдары Халық Абсаттаров, Нұрбол Балахметтер де өз ойларымен бөлісті.
Басқосу соңында беделді ақсақалдар қонақтар мен жиналғандарға ақ батасын берді.
Арқалық қалалық «Мұтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен осы шаһарда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан, болашақ маман иелері, сондай-ақ мешітте ислам дінін үйрену мақсатында дәріс алып жатқан қырыққа жуық шәкірттерге дәстархан жайылды.
Осы жүздесуде найб имам Балғабай Шәйкемелов «Исламдағы бауырмашылдық» тақырыбында тұшымды әңгіме өрбітіп, оның маңыздылығына тоқталды.
Арнайы шақырылған студенттер мен мешіт шәкірттері дастарханнан дәм татып, өздеріне көрсетілген құрмет үшін мешіттің ұжымына шынайы алғысын білдірді.
Қазіргі қоғамымыздағы діни ахуал мен ішкі тұрақтылықты және рухани тазалықты сақтауда имандылықтың ролі зор. Әсіресе, жастар арасында діни түсінікті дұрыс қалыптастыру және имандылық иірімдерін сауатты түрде насихаттау ісі маңызды.
Осы тұрғыда "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы негізінде Денисов ауданы "Жұма" мешітінің Бас имамы Руслан Жиенбаев, ішкі саятат бөлімінің бас маманы А.Бондаренко аудандық кітапханада және мешітте «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы жайында кездесу өткізді.
Осы жүздесуде Бас имам «Асыл дінімізде адам баласының негізгі мұраты – жер жүзінде өркениет пен мәдениетке негізделген өмірді көркейту» екендігіне және басқа да өзекті мәселелерге жан-жақты тоқталды.
Республикалық имамдар форумында қабылданған "Жеті рухани қазық" қағидалары да жастардың өмірінде ерекше орын алатындығы айтылды. Кездесулер соңында қатысушыларға «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы жөніндегі кітапша таратылды.