Облыс орталығымен іргелес жатқан Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы бас имам Асылхан қажы Түсіпбектің басшылығымен талай жүрекке қуаныш ұялататын қайырымды іс-шараларға ұйытқы болып келеді.
Күні кеше ғана көп балалы және қамқорлыққа мұқтаж отбасылардың кішкентай балаларының есінде сақталар ізгі шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, әлгі ұлдар мен қыздар шаһардағы супермаркеттерде орналасқан ойын алаңдарында болып, шаттыққа бөленді.
Сондай-ақ олар өздеріне ерекше таңсық жылқыларға мініп, табиғатты тамашалады. Осы шара барысындабалдырғандар үшін қыста мұздан жасалған сырғанақ орындарына да барып, ұмытылмас әсер алды.
Әрине, балаларын айрықша ойын-думанға кенелткен мешіт ұжымына ата-аналар қауымы шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын жеткізді. Иә, қайсы бала болмасын бақытты болуға лайықты. Олардың жүзінен күміс күлкі нышанын көрудің өзі бір ғанибет емес пе?
Қостанай облыстық мешітінің
баспасөз қызметі