Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Понедельник, 06 Апрель 2020 15:09

ИСТИҒФАР ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРАДЫ

ИСТИҒФАР ҚИЫНДЫҚТАН ҚҰТҚАРАДЫ

Бүгінде әлем жұртшылығын дүрліктірген COVID-19 жұқпалы дерті көптеген елге тарап үлгерді. Әлемде бұл індетті жұқтырған адам саны 1 миллионнан асты, 60 мың адам дүние салды. Бұл жағдай бізді де алаңдатып отыр.

Баршамызға белгілі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі еліміздегі төтенше жағдайға байланысты шариғаттағы зәрулік үкімін негізге алып, жамағат арасында жұқпалы індеттің тарап кетпеуінің алдын алып, мешітте жұма және жамағатпен оқылатын намаздарды уақытша тоқтату туралы пәтуа шығарды.

Еліміздегі мұсылман қауымы бұл пәтуа мен ҚМДБ-ның қосымша нұсқауларын түсіністікпен қабылдап, бойұсынуда. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халықты сабырға шақырып, сындарлы сәтте дұға жасап, ізгі амалдар санын арттыруға үндеді. Өзі де бастамашыл ниет танытып, бүкіл дін қызметкерлерін мүмкіндігінше қасиетті Құранды хатым етуге шақырды. Бас мүфти республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Құран хатым ету рәсіміне қатысып, бата жасап, дұға етті. Алла қабыл етсін деп тілейміз.    

Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері республикалық «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж отбасыларға көмектесіп, алғысын алуда. Моралдық һәм материалдық тұрғыда жасалған бұл көмек көптеген отбасыға қуаныш сыйлап, жігерін оятып, көңіліне демеу болғанын айта кеткеніміз абзал.

Жанға демеу болған бастаманың бірі – Бас мүфтидің кезекті үндеуі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барша мұсылман қауымын Аллаға дұға етіп, ең кемінде 100 истиғфар және Ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтуға шақырып, арнайы Үндеу жолдады.

«Барша жамағатты осы үндеуді қолдап, еліміздің амандығын сұрап, жұқпалы дерттен тезірек айығу үшін 3 сәуір жұма күні, бесін намазынан кейін «100 истиғфар және 100 салауат» немесе одан да көбірек айтып, дұға жасауға шақырамыз. Жаратқан Алла халқымызға амандық берсін, науқас жандардың тезірек айығып кетуін және мешіттерімізге қайта қауышуды нәсіп етсін. Әмин!» делінген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ел мұсылмандарына жолдаған Үндеуінде.

Қасиетті жұма күні әдебиет, тарих, өнер, дін, журналистика, т.б. саладағы белгілі тұлғалар мен еліміздегі жалпы жамағат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Үндеуін қолдап, үн қосты.

Бас мүфти бастамасын қолдаған тұлғалар әлеуметтік желіде халықты игі іске үн қосуға шақырып, ізгі тілегін жолдады. Қоғамды истиғфар мен салауат айтуға шақырған ақындар мен журналистер өсиетті өлең жырларын жариялады.

Бас мүфти «24 Хабар» телеарнасына берген сұхбатында сындарлы сәтті сауапқа айналдыру қажеттігін атап өтті. «Карантин кезінде сабыр сақтап, бұл уақытты жақсылықпен өткізуге тырысқанымыз абзал. Бұрын күйбең тірлікпен қолы тимей жүрген көптеген ата-ана қазір ұл-қыздарының қасында. Бірге құлшылық жасап жатқандар да бар. Бірге кітап оқып, уақытты тиімді пайдалануда. Ал насихат тыңдаймын деген жандар үшін де мүмкіндік мол. Біз қазір онлайн режимде уағыз айтып, тәулік бойы жұмыс істейтін call-center арқылы жамағаттың сауалына жауап берудеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы өз сұхбатында.

Расында, біз истиғфар мен дұғаны көбейтсек, Алла Тағала түрлі апаттар мен сынақтарды, жұқпалы індеттерді ортамыздан алыс етеді. Бірде бір кісі Әлиден (оған Алла разы болсын) құрғақшылық пен ашаршылыққа, ауру мен түрлі сынаққа тап болғанын айтып, кеңес сұрайды. Сонда саңлақ сахаба истиғфарды көп айту қажеттігін жеткізген.

Бір кісі біраздан бері перзентті бола алмай жүргенін айтады. Сол кезде де Әли (оған Алла разы болсын) истиғфарды көбейтуді жеткізеді. Осы жағдайларды көріп тұрған бір кісі сахабадан: «Сіз түрлі сұрақпен келген барлық адамға истиғфар айту қажеттігін жеткіздіңіз. Мұның сыры не?» – деп сұрайды. Сонда Әли (оған Алла разы болсын) «Нұх» сүресіндегі: «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Ол өте кешірімді. Ол сендерге аспаннан мол жаңбыр жаудырады. Әрі дәулеттеріңді арттырып, ұрпақтарыңды көбейтеді. Сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады», – деген аяттарды алға тартады. Расында, мұсылманның ең мықты қаруы – дұға.

Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтауға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал келетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.

Барша мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге және Алла Тағалаға мінәжат етіп, истиғфар айтып, дұға етуге шақырамыз. Алла Тағала баршамызға разы болып, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Әмин!

Жақия қажы АБДУЛЛАҰЛЫ,

«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы

Нұр-Сұлтан қаласы

Пятница, 03 Апрель 2020 13:57

«Жүрек жылуы» акциясы және #BizBirgemiz

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық жасауды қолға алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұйытқы болуымен, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен республикалық «Жүрек жылуы» акциясы бастау алған еді.

Бұған біздің облысымыз да өз үлесін қосып отыр. Карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына облысымыздағы мешіттердің жамағаты, жанашыр демеушілердің көмегімен 350 отбасыға медициналық бетперде, азық-түлік қоры жөнелтілді.

Бұл игі үрдіс аймағымыздың өзінде де жалғасып жатыр. #BizBirgemiz қайырымдылық акциясы аясында облыстық мешіттің бастамасымен кезекті рет Қостанайдағы тұрмысы төмен, көп балалы 100 отбасыға азық-түлік таратылды.

— Төтенше жағдай режимі басталғалы, облысымыздың барлық аудан-қала мешіттері тарапынан осымен 600 отбасыға тамақ және 2740 медициналық бетперде таратылып берілді. Айта кету керек, тігін цехтарына 30 мың бетпердеге тапсырыс жасағанбыз, дайын болғандарын таратып жатырмыз. Бұл науқан шектеу мерзімі аяқталғанша жалғасатын болады.

Індетті болдырмау және сақтық шаралары мақсатында мешітіміздің жамағаты мен өз ықтиярымен келген азаматтар азық-түлікті мұқтаж жандардың мекенжайына дейін апарып беруде. Осы акцияға үн қосып, қаржылай, заттай көмек көрсеткен барша жомарт жандарға айтар алғысымыз шексіз! Халқымыздың осындай жұмылған жұдырықтай береке-бірлігі арқасында барлық қиындықты еңсереміз, — деді Қостанай облысының бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты «Нұр Отан» партиясы қолға алған «Біз біргеміз» және биыл жарияланған «Еріктілер жылы» аясындағы қайырымдылық акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болуда.

Өткенде, Әулиекөл ауданы Аманқарағай ауылы «Сабыр молда» намазханасында жүрегі жомарт жеке кәсіпкерлер Ғабит Мұқанов және Абзал Нығметовтердің ұйымдастыруымен көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

Сондай-ақ Әмит ишан мешітінің наиб имамы Әл-Фараби Кенжеғара өз сөзінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы да қайырымдылық акциясын өткізуге мұрындық болып, қалың жұртшылықтың шынайы алғысына бөленгендігіне тоқталып өтті.

Сауабы мол іс-шарада аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанай Алтынсарин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының есеп және статистика бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Дарбаева, Аманқарағай № 2 орта мектебінің директоры Ғалым Ерішев, ұлағатты ұстаздар Самат Рахметов, Серік Біржанов ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Олар азық-түлікті көмекке мұқтаж адамдардың үйлеріне жеткізді. Мешіт имамы Серікбай қажы Испулов астаналық кәсіпкер Гүлнұр Бекмағамбетова тіккен бетперделеді мешітке келгендерге таратып берді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Әлемді алаңдатқан жұқпалы індет, ел ішінде үрей тудырып жатқаны ақиқат. Сол себептен жұқпалы короновирустың алдын алу мақсатында сақтық шаралары жасалуда.

Мысалы, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің қызметкерлері де бұл жайға бей-жай қарамастан, тазалық, залалсыздандыру жұмыстарын жіті қадағалап отыр.

Шаһардағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарының көмегімен мешіт іші толықтай арнайы аппараттармен залалсыздандырылды.

Алдағы уақытта мешіттегі тазалыққа жауап беретін кісілер «Деохлор» таблеткаларымен есік, баспалдақ тұтқаларын жиі-жиі тазартуға айрықша көңіл бөлінбек.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Дүниежүзі жұртшылығын дүр сілкіндірген аты жаман індет көптеген елдерде қауіпін төндіруде. Ол үшін елімізде де қауіпсіздік шаралары мен қатар қайрымдылық істері де көптен көп жасалып жатқаны баршаға мәлім.

Міне, Науырзым ауданы «Түркебай» мешітінің бас имамы Есет Ғабдімәліковтың бастамасымен мешіт жамағаты және жеке кәсіпкер Алма Галиеваның демеушілігімен қайрымдылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Барша адамзаттың амандығы үшін Алладан жәрдем тілеп, құрбандық шалынды. Сонымен қатар, ауданда медициналық бетперденің жетіспеушілігіне байланысты мешіт жамағаты қолдан 50-дана бетперде жасап, ауыл тұрғындарына тегін таратты.

Содан кейін шалынған құрбан етімен бірге күн көрісі төмен көп балалы отбасыларына азық-түлік таратылды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Пятница, 03 Апрель 2020 13:28

Ұзынкөл: 10 отбасына көмек берілді

Қостанай облысындағы белгілі дін қайраткері Есенкелді қажы Ажмахан басқаратын мешіт ұжымы қашан да жергілікті халықтың құрметіне бөленіп, ардақты ақсақалдардың ақ батасын алып келеді.

Қайырымдылық мақсатында жүзеге асырып жатқан жұмыстары да өзгелерге үлгі боларлықтай. Осы сөзіміздің жарқын мысалы ретінде жуырда ғана аталмыш мешіт ұжымы «Біз біргеміз» акциясы бойынша көмекке мұқтаж 10 отбасына қолдау көрсетті.

Ыстық ілтипатқа бөленген шаңырақ иелері Есенкелді Сақтағанұлымен барша мешіт қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

«Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында Денисов ауданында жиырма отбасы азық түлікпен қамтамасыз етілді.

Ауданның Бас имамы Р. Жиенбаев өз сөзінде «Ислам қайырымдылық діні. Дінімізде көмек көрсету, қиын жағдайда қол ұшын беру мұсылмандық парызымыз болып табылады. Мешітіміз демеуші азаматтардың арқасында осындай ізгі шараны жүзеге асырып отыр» деді.

Мешіттің бас имамы азаматтық танытып, жоғарыда аталған азық-түліктердің әрбір жанұяға жеткізілуін қадағалап, өзі іскерліктің нағыз жарқын үлгісін көрсетті. Қайырымдылық акциясы жұртшылыққа үлкен қуаныш сыйлағаны даусыз.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Қарабалық ауданы «Ғашура ана» мешітінің ұжымы шағбан айының жұма күнінде кәсіпкерлердің демеушілігмен «Біз біргеміз» акциясына лайықты үлес қосты.

Сөйтіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 отбасына азық – түлік таратты. Қайырымдылық көмегіне дән риза болған жаняұлар демеушілерге шын жүректен шыққан шынайы лебізін білдірді.

Міне, осылайша «Біз біргеміз» акциясы өзінің халыққа аса қажет екендігін айқын дәлелдеді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Жақында Рудный қалалық «Нұр» мешіті «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында көпбалалы және әлеуметтік әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті.

Әлгі аталған «Біз біргеміз» акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болып, түрлі қайырымдылық шараларға мұрындық болуда. Қазіргідей төтенше жағдайға байланысты бірқатар жанұялар қамқорлыққа мұқтаж екендігі айтпаса да түсінікті.

Сондықтан «Нұр» мешітінің ұжымыдемеушілермен бірлесе отырып жиырма отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және бетперделерді үйлеріне жеткізіп берді.

Күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерімен және балаларға арналған тәттілермен қамтамасыз етілген шаңырақ иелері мешіт ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Среда, 01 Апрель 2020 17:49

Қостанай: Ел үлесі — пәтерге

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығының аясында «Зекет» қайырымдылық қорының қолдауымен «Ел үлесі — пәтерге» акциясымен тағы бір шаңыраққа мұқтаж жанұя шаттыққа кенелді.

Негізі бұл шара елімізде баспанаға мұқтаж жандарға, көп балалы отбасыларға көмек көрсету солардың қуанышына ортақтасу үшін орындалуда.

Ал оған себепкер мешітке келуші жамағаттардың, қайырымды жандардың үлес қосуымен жүзеге асуда.

Мінекей еліміз бойынша 184 ші үйдің кілті Қостанай облысы Жітіқара қаласының тұрғыны, жалғыз басты, үш баланың анасы Тилеумаханбетова Алия Хамитовнаға бұйырды.

Баспананың кілтін Қостанай облысының Бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы арнайы тапсырмасымен Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінің Бас имамы Бердіғожин Мейіржан Қапарұлы салтанатты жағдайда табыс етті.

Қуаныш иелері үлкен шаттыққа бөленген жанұя шынайы ризашылығын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником