Арқалық қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінде тәрбие мәселесіне арналған «Иманды ұл, инабатты қыз – ел тірегі» атты пікір алмасу мақсатындағы «Дөңгелек үстел» өткізілді.
Оған қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы, мектептің тәрбие жөніндегі меңгерушісі, қалалық ішкі істер басқармасының маманы, зейнеткер ұстаздар, білім ордасының медбикесі және психолог мамандар қатысты.
Кездесуде мәнді де мағыналы әңгіме өрбіді, салиқалы пікірлер айтылып, 10 және11 сынып оқушылары ұйып тыңдады. Оларға имандылық, кішіпейілділік, көркем мінез, әдептілік, адамгершілік қасиеттер жайлы насихаттар айтылды.
Сондай-ақ осында оқушыларға ғибрат боларлық өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне байланысты «Қызға қырық үйден тыйым»-деген аталы сөзге көбірек назар аударылды.
Оқушылар да түрлі сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Жалпы, бұл кездесудің өскелең ұрпағымызға берері мол болды. Осылайша, жоғарыда аталған мешіт қызметкерлері жұртшылықтың алғысына бөленді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан Икрам Қостанай құрылыс колледжінде болып, осында білім алып жатқан жастармен жүздесті.
Білім ордасындағы жиналған студенттерге «Уаһһабизмнің кесірі» деген қазіргі таңдағы жұртты аса толғандырып жүрген тақырып бойынша жан-жақты айтылды.
Наиб имам осы басқосуында қатысушылардың пікірлерін тыңдап, өскелең жас ұрпақтың жат ағымдардан аулақ болулары жөніндегі ойларын айтты.
Кездесуде студенттер талқыланған мәселе бойынша көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған тиянақты жауап алды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт Темірбекұлы Рудный қалалық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлерімен кездесті.
Онда әңгімеге «Әскер қатарына диструктивті теріс ағымдардың кіруінен сақтану» атты діни тақырып арқау болды. Мұндағы мақсат - болашақ Отанды қорғайтын жастардың санасын улайтын теріс ағымдардан сақтандыру.
- Отанды қорғау – әрбір азаматтың басты парызы. Сондықтан біз шаһардағы Қорғаныс істері жөніндегі бөліммен тығыз байланысымызды алдағы уақытта да жалғастыра бермекпіз. Мұндай жүздесулердің екі жаққа да берер тағылымы мол, - дейді бас имам Сейіт Темірбекұлы.
Жиын соңында аталмыш мекеменің қызметкерлері тарапынан қойылған сұрақтарға дін қайраткері жан-жақты жауап берді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жер бетінде анадан артық асыл жан бар ма? Мұны жете ұққан Денисов ауданы «Жұма» мешіті аудан әкімдігімен бірлесе отырып, осындағы «Әлем» мәдениет үйінде жергілікті жердегі ақ жаулықты аналарымызға ілтипат көрсетті.
Салтанатты жағдайда көп балалы 12 анаға «Алғыс хат» тапсырылды. Көрсетілген ерекше құрметке барша аналар қауымы шынайы алғыстарын білдірді.
Сонымен бірге Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде де әжелеріміз бен ақ жаулықты аналарымызға арналып дастархан жайылды.
Жиылған қауымға мешіт имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы алғысын білдіріп тілегін айтты.
Мешіт қызметіне разылығын білдірген 84 жастағы Шұға әжей жиылған аналар қауымының атынан тілегін білдіріп, батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Есенгелді Әжімахан тегі басқаратын Ұзынкөл аудандық «Балықты» мешітінің қызметкерлері жылда Наурыз айы туғанда осы өңірдегі ардақты аналарға құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған.
Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жақында бас имам және аудандағы мешіт жанындағы ақсақалдар алқасының мұрындық болуымен ақ жаулықты апаларымызға сый-құрмет көрсетілді.
Мешіттің асханасында дастархан жайылып, әрбір шаңырақтың ажары болып табылатын ақ жаулықты апаларымызға жылы лебіздер айтылып, өнерпаздар концерт қойды.
Жиналған аналарымызға салтанатты түрде сыйлықтар табыс етілді. Оған Ағайша Бижан сынды жеке кәсіпкерлер демеушілік етті. Оларға деген көпшіліктің алғысы шексіз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бақытбек қажы Тәжімбет Нұр-Мүбарак университетіндегі қостанайлық студенттермен кездесті. Негізгі мақсат: биылғы түлектерді жұмысқа шақыру және өзге студенттерді жазғы маусымда аймақ мешіттеріне тәжірибелік жұмыстарға баулу.
Қостанай өңірін қазағы қайнаған Оңтүстік аймақтармен салыстыра алмаймыз. Қызметке кіріскен әуелгі уақытта ислам білімінің артықшылығы жайлы елге жеке-жекелеп тұрып түсіндіргендейміз. Соның нәтижесінде білімге қызығушылығы артқан 10 бала екі айда біраз нәтижеге қол жеткізгені бізді қуанышқа бөледі. Енді оларды көріп тағы оннан аса жастар білім алуға келіп жатыр. Осы арнайы білім беріп жатқан жастар арасында бірнеше бала Нұр-Мүбарак университетіне келуге. Исламтанушы болуға ниеттері бар...
Осылайша қуанышымен бөліскен Бақытбек қажы Тәжімбет болашақта Нұр-Мүбарак университетінің дайындық курсын ашуға ниеттері барын жеткізді. Өйткені, дінді түсінген тұрғындар арасында ислам біліміне деген қызығушылық та арта түскен.
Ал бүгінде Нұр-Мүбарак университетінде Қостанай облысынан барлығы 19 студент білім алуда. Оның бесеуі қыз бала. Алдағы жазда арқалық студенттердің үшеуі бакалавр дәрежесіне ие болу алдында тұр.
«Хаққа қызмет, халыққа қызмет» деген қостанайлық делегация Алла жолында елге қызмет етудің артықшылығы жайлы жан-жақты саралап өтті.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттің басшылығымен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы негізінде бастау алған сауат ашу курсы бірінші түлектерін шығарып салып, енді міне жалғасын бастап та кетті.
Қазір облыс көлемінен келген 14 шәкірт Қостанай қалалық мешітінде оқуда. Оларға облыстағы білікті діни мамандар сабақ береді. Аталған мерзім ішінде Құранды жете үйреніп, Ақида, Тәжуид және араб тілінен дәріс алады.
Салтанатты рәсімде Қостанай облысы «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Икрам Бахытжан білім алушы шәкірттерге сәт сапар тіледі.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Бақытжан қажы Икрам кезекті жүздесуін өткізді.
Бұл жолы ол білім саласында жылда үлкен жетістіктерге ие болып жүрген Сырбай Мәуленов атындағы қазақ гимназиясына ат басын тіреді. Мұндағылар дін қайраткерін жылы жүзбен қарсы алды.
Өз саласының білікті мамандар білім ордасындағы 9-шы сынып оқушыларына жалпы дін туралы мол мағлұмат берді. Өскелең жас ұрпақтың жат ағымдардан аулақ болулары жөнінде өздерінің нақты пікірлерін айтты. Олардың қойған сауалдарына тиянақты жауап берді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Үстіміздегі жылы елімізде алғыс айту күні тұңғыш рет өткізілді. Сондықтан бұл мерекеге облыстық Марал ишан мешітінің ұжымы да ерекше көңіл бөлді.
Сол күні аталған мешіттің наиб имамы Бақытжан Икрам мен «Зекет» қорының өңіріміздегі өкілі Жақсылы Ғайсин және жанашыр қажы аталар мен аналар облыстық балалар үйінде болды.
Олар осында тәрбиеленіп жатқан балдырғандарға ең ізгі тілектерін білдіріп, тәттілерін таратып, сол мекемеге кілем табыс етті. Мекемедегі басшылары мен тәрбиешілер жанашыр жандарға шынайы алғыстарын жеткізді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Тағылымы мол кеш
Бас мүфти 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» деп жариялады. Осыған орай Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде қалалық политехникалық колледжінің студентерімен «Дін. Тарих. Мәдениет.» атты кездесу өткізілді.
Жүздесу барысында мешіттің бас имамы Сабыржан Есмурзин қазақ халқының этногенезі мен этникалық тарихын және көшпелі мәдениетінің қалыптасуын баяндап, ислам мәдениетінің игі әсерін түсіндірді.
Бұл басқосуға қатысқан студенттерге мешіттің бас имамы қазақ халқының исламды қабылдау кезеңінің VIII ғасырдың соңы мен IX ғасырдың басынан бастау алатындығын және XII-XIV ғасырларда Қазақстан исламның Ханафи мәзһабының негізгі орталықтарының бірі ретінде танылғандығын түсіндірді.
Кездесу соңында жастар имамға көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі