Ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінін насихаттап, оның қаймағын бұзбай, қастерлеп ұстау біздің парызымыз.
Сондықтан біз жастар, қасиетті Мәуліт айында жас ұрпаққа рухани – тәлімдік тәрбие беру, жастарға Ислам дінінің негіздерін түсіндіре отырып, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында Рудный кеншілер қаласында «Әйелдер-қыздар» секторы және қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына және адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-ның туылған күнінің құрметіне орай «Иманды жас – ел болашағы!» атты рухани-танымдық кеш өткізілді.
Бұл шараға Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы, Қостанай облыстық мешітінің ұстазы Жансая Халим, Рудный қалалық «Нұр» мешіті «Асыл әжелер» мектебінің басшысы Талшаш Майхеева, осы шаһардағы «Нұр» мешіті «Инабатты келіндер» мектебінің жетекшісі Ақтолқын Баймбетова, ұстаз Аяулым Смағұлова және шәкірттер қатысты.
Рухани-танымдық кеш бүкіл әлемдердің Раббысы болған Алланың хақ сөзі Құран кәріммен басталып, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Сейіт қажы Темірбекұлы құттықтау сөз сөйледі.
Басқосу барысында айтылған сөздер, өткізілген сайыстар жиналған жұртшылықтың көзіне жас алдыртып, көпшілікті терең ойда қалдырды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі