Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет облыстық ардагерлер үйінде «Облыстағы ардагерлер ұйымының лаңкестік және экстремизммен күрес жұмысы» тақырыбындағы семинар кеңеске қатысты.
Аталмыш шараға облыстағы қалалар мен аудандардағы ардагерлер кеңесінің мүшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті, Дін істері жөніндегі басқармасы және орыс православиесінің қызметкерлері қатысты.
Кездесуді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин ашып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар осынау басқосуда сөз сөйлеген азаматтар қазіргі таңдағы қалың жұртшылықты толғандырып отырған өзекті тақырып жөнінде өз ойларын ортаға салып, оның аса маңыздылығына тоқталды.
Өз кезегінде өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлы дәстүрлі Ислам дінідегі теріс ағымдардың зардабы және олармен өткізіліп жатқан жұмыстар бойынша тоқталып өтті және ардагерлер кеңесіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған «Дін мен дәстүр» және «Пәтуалар жинағы» кітабын сыйға тартты.
Мешіттегі тағылымды басқосуда ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастар әңгімеге арқау болды.
Өткен сәрсенбі күні жаңадан пайдалануға берілген облыстық Аймағанбет Спанұлы атындағы мешітте бүгінгі таңдағы аса маңызды ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынас, халықтар арасындағы ырыс пен ынтымақ жөнінде келелі жиын болып өтті.
Онда «Қазақстан-Қостанай» теларнасының журналистері жоғарыда аталған маңызды жайға байланысты дін саласының қызметкерлері және дін жанашырларымен арнайы жүздесіп, келелі әңгімеге ұйытқы болды.
Есімі елімізге белгілі қаламгер, дарынды көсемсөзші Қабылақат Сейдахметов бастаған әріптестер алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбеттен арнайы сұхбат алды.
Онда Бахытбек Нұрғабылұлы облыстағы күн тәртібіндегі аса маңызды жайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Осы бағытта болашақта да барша аудандық және қалалық мешіттерде тағылымды істер атқарыла беретіндігін баяндады.
Содан кейін үлкен залға жиналған қауым да қай елді болсын өркениетке, ізгілікке, өсіп-өркендеуге тікелей бастайтын халықтар арасындағы достық пен ауызбірлік жайлы өз ойларын ортаға салды.
Мәселен, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязид, есімі халқымызға кеңінен танымал абыз ақсақал Мырзағали Ғабдулин, «Зекет» қорының өкілі, Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық Ғайсин және басқалар өзекті мәселе жөнінде тебірене сөз сөйледі.
Жалпы, өңірімізде қозғалып отырған маңызды тақырыпқа байланысты атқарылған жұмыстар ауқымды. Олардың бәрін оқырман басылымдардан оқып, теледидарлардан көріп отырған болар.
Қорыта айтар болсақ, мұндай өзекті әрі көкейтесті жайлар облыстық мешітте келешекте де жалғасын таба беретін болады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бұл күнде жастарды жат ағымдардан сақтандыру, діни эстремизммен күрес – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан жастар арасында дін мәселесіне қатысты ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізу де маңызды. Осыған орай Рудныйдың тау-кен технологиялық колледжінде «Жат ағымнан сақ бол!» тақырыбында семинар өтті. 1-2 курс студенттері қатыстырылған шарада Ислам діні мен жат пиғылды секталар туралы қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы жан-жақты баяндап берді.
– Діннен қорықпау керек, діннің атын жамылып жүргендерден қорқу керек. Мұсылман әлемінің шырқын бұзуды мақсат еткендер – дінді бұрмалап уағыздап, адамдардың санасын улап, әсіресе жастарды еліктіріп, жат ағымдардың жетегіне алып, әртүрлі экстремистік, террорлық әрекеттерге итермелеп жүр. Олар үшін жастар жазықсыз жандарды қырып, қанқұйлы соғыстарға апаратын оңтайлы, – деді ол.
Имам мұсылмандық парызын орындауды ниет еткен әрбір адам кез-келгеннің айтқанына еліктеп-еріп кете бермей, жергілікті жердегі мешіт өкілдерінің ақыл-кеңесін алу керектігін айтты. Сонымен қатар ол интернет желісіндегі жат ағымдарды уағыздайтын сансыз сайттарға кірмей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы ашып қойған сайттарынан өзін ойландырып-толғандырып жүрген мәселелерге байланысты түсінік алу керектігін назардан тыс қалдырмады.
– Егер «өзім білемінге» салып, аяғын шалыс басқан адам өкінішті жағдайға тап болып, жат ағымға еремін деп жарға соғылуы ғажап емес. Жалпы, дін мәселесімен ойнауға болмайды. От шығады. Бос ұстасаң, алмас қылыш секілді қиып түседі. Жат ағымға ілесіп, зардап шегіп, бармағыңызды шайнап жүрмеңіздер, – деп ескертті.
Кездесу барысында Сейіт Темірбекұлы жастарды діни сауаттылықтарын арттыруға шақырды. Сауатты адам ғана ақ пен қараны оңай ажыратып, қармағына ілгісі келген жат ағымдардың шырмауына түспейтіндігін атап өтті. Ғибратлы, пайдалы әңгімені ұйып тыңдаған колледж оқушылары шара соңында имамға бірқатар сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алып жатты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ
Таяуда Денисов аудандық Мәдениет үйінде Рухани келісім күні жоғары деңгейде аталып өтті. Оған аудан орталығындағы №1 орта мектептің оқушылары мен мәдениет үйінің қызыметкерлері қатысты.
Жиын алдында осы айтулы күнге байланысты бейнебаян көрсетіліп, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Надежда Сүйіндікқызы жұртшылықты шын жүректен құттықтап, оларға ізгілік тіледі.
Одан кейін аудандық «Жұма» мешітінің бас имамы Ерік Ыбырай сөз сөйлеп, басқосудың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Содан кейін мәдениет үйінің қызметкерлері күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ойындар ұйымдастырды. Жұртшылық назарына ұсынылған концерттік бағдарлама да жиналғандардың көңілінен шықты.
Бас имам Ерік Қожахметұлының пікіріне сүйенсек, мұндай жүздесулердің үлкенді-кішілі қауымға берері мол. Өйткені, тәуелсіз еліміздің өркендеп, барынша дами түсуі республикамызда мекендеп жатқан барша ұлт пен ұлыстың ауызбірлігі мен ынтымағына байланысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен 1992 жылы 18 қазан – Рухани келісім күні болып бекітілгені баршаға белгілі.
Содан бері осы айтулы датада халықтар арасындағы достық пен татулықты нығайту мақсатында түрлі кездесулер, іс-шаралар өткізіліп келеді. Оның жиналған қауымға берері де мол.
Жуырда Таран ауданындағы орталық кітапханада №1 қазақ және Бейімбет Майлин атындағы орыс мектебінің оқушыларымен «Рухани келісім – халық байлығы» деп аталатын кездесу өткізілді.
Осы аудандағы «Әйет» мешітінің бас имамы И.Хамзиннің айтуына қарағанда, аталмыш басқосуда еліміздің өркендеп, экономикамыздың қарыштап дамуында республикамызда мекендеп жатқан ұлттар мен ұлыстардың қосып жатқан үлестері де аз емес.
Дін қайраткерлері де ынтымақ пен бірлікті нығайтуда алдағы уақытта да аянбай қызмет атқара береді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда Арқалық қаласында Рухани келісім күні аясында басқосулар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Аталмыш іс-шараларға жастар жағы көбірек тартылды. Себебі, олар осы жүздесулерден толеранттылық, этносаралық және конфессияаралық келісім туралы айтарлықтай мағлұмат алды.
Осындай басқосудың бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында және Әнуар Боранбаев атындағы театрда ұйымдастырылды. Мұнда 550-ден астам тыңдарман қатысты. Жиынға қатысқан оқушылар, студенттер, мұғалімдер қауымы өздерінің көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды.
Аталмыш кездесуде мешіт имамы, шіркеу қызметкері, сондай-ақ теолог, психолог мамандар тәлім-тәрбиелік мәні зор әрі діни құндылықтар жайлы маңызды баяндамалар жасады. Сонымен қатар аға буын өкілдері де жастарға өнеге боларлық ақыл-кеңестерін беріп, ұлағатты сөздерін айтты.
Сондай-ақ бұл жүздесуде қаладағы жастар тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген дін мамандары Алғыс хаттармен марапатталды.
Жуырда рухани келісім күніне орай Федоров ауданы Жаркөл бекетінде ауыл шаруашылық колледжінде студенттермен кездесу болып өтті.
Бұл жүздесуге Федоров ауданы «Жиентай қажы» мешітінің Бас имамы Абзал Сұлтанғалиұлы және осы аудандағы «Святителя Николая» храмының қызметкері А.Мостовщиков қатысты.
Бас имам еліміздегі көптеген ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті өмір сүруіне және халықтар арасындағы достық пен ынтымақтың нығаюына діннің де қосып жатқан үлесіне кеңінен тоқталды.
Барша мешіттердің мақсаты – республикамыздағы мекендейтін барша халықтардың ауызбірлігін барынша арттырып, татулық пен ізгіліктің нағыз ұйытқысы болу екендігін айтты.
Жиын соңында аталған колледждің студенттері өздерін толғандырып жүрген сауалдарына нақты жауап алды. Сөйтіп, кездесу екі жаққа да тиімділігі мол екендігін көрсетті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Қостанай қаласының орталығында орналасқан «Достық үйі» ғимаратында Ислам, Христиан және Котолик діндерінің өкілдері басқосқан отырыс болып өтті. Бұл кездесу Қазақстанда 18 қазан күні атап өтілетін Рухани келісім күніне арналды.
Еліміздегі аса маңызды шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет қатысып, өзінің көкейінде жүрген ойларын ортаға салды. Ол Ислам дінінің құндылықтары, халықтар арасындағы татулық пен бірлік жөнінде өз көзқарасын білдірді.
Сонымен қатар бұл күні барлық дін және қоғамдық діни ұйымдардың өкілдері бір үстел басында жиналып, келелі мәселелерді әңгіме арқауына айналдырды.
Осы секілді Қостанай политтехникалық колледжінде де өткізілген болатын. Кездесуге найб имам Әлішер Ертайұлы қатысып, еліміздегі рухани келісім тақырыбында баяндама жасап, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қалың жұртшылықтың есінде болар тарихта дәл осы күні, яғни 18 қазанда тура бір ғасыр бұрын АҚШ-тың Чикаго қаласында осындай съезді шақыруға талпыныс жасалған-ды. Алайда, өкінішке орай бұл әрекет сәтсіз аяқталды.
Міне өздеріңіз де білесіздер қазақ елінде жоғарыда аталған шара соңғы жылдары кеңінен аталып жүр. Оның халқымыздың ұйыстыруға, ынтымағымызды нығайтуға қосып жатқан үлесі де аз емес.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Заңды сыйлау – әрбір азаматтың міндеті
Қай кезде де Ислам дінінде басшыға бағыну, мемлекеттің заңына құрметпен қарау шариғат шартына сәйкес келетін уәжіп амал. Сондықтан да қазіргі уақыттың талабына сәйкес мешіттің құжаты толық әрі еш кемшіліксіз болуы керек.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша еліміздегі мешіттердің құжаттарының заңға сай болуын қадағалау үшін жоғарыда аталған басқарманың Іс басқарушысы Ербосын Орын мен Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітов Қостанайға іссапармен келді.
Жалпы, бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың тарапынан жасалып отырған тағылымы мол жауапты жұмыс деп түсінгеніміз абзал. Сондықтан мешіттерде құжаттар рәсімдеуде ешқашан заң бұзушылығына жол берілмеуі қажет.
Өңірдегі жүздесулер барысында құрметті қонақтар, яғни өкілдер мешіттердің құжаттарын тексеріп қана қойған жоқ. Олар имамдарға әрқашанда осы мәселе бойынша жауапкершілікті сезіну, кемшілікке кеңшілік жасамау жөнінде ғибрат болар ақыл-кеңестерін де берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Баршаға мәлім, қоңыр күз келісімен яғни 1 қазаннан бастап, жылда 18 жасқа толған жігіттерді әскер қатарына шақыру басталады. Жуырда Рудныйдың «Орбита» ойын-сауық орталығында жас сарбаздарды Отан қорғауға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға әкімдік пен қорғаныс бөлімінің басшылары, соғыс ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары шақырылды.
Ерекше бір қуанышпен атап өте жай, қазіргі таңда әскер қатарында қызмет етуге тілек білдірушілер жеткілікті. Өйткені, бозбалалар өздерінің азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге мүмкіндіктері мол.
Сондай-ақ олар арадағы бір жылдың ішінде ата-ананың қадірін біледі, өз бетінше өмір сүруге дағдыланады. Жауапкершілікті сезініп, темірдей тәртіпке үйренеді. Міне, осының бәрі де сайып келгенде, олардың сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып қалыптасуына өзінің игі әсерін тигізеді.
Жоғарыда аталған кеншілер шаһарындағы шарада қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина жастарды олардың өміріндегі айтулы күнмен құттықтап, Отан алдындағы борыштарын өтеуде сәттілік тіледі.
Сонымен қатар «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт қажы Нұрқанов бозбалаларға әрқашанда ата-бабаларымыз аманат еткендей, нағыз еліміздің тірегі болуға өзінің тілектестігін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі