Заңды сыйлау – әрбір азаматтың міндеті
Қай кезде де Ислам дінінде басшыға бағыну, мемлекеттің заңына құрметпен қарау шариғат шартына сәйкес келетін уәжіп амал. Сондықтан да қазіргі уақыттың талабына сәйкес мешіттің құжаты толық әрі еш кемшіліксіз болуы керек.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша еліміздегі мешіттердің құжаттарының заңға сай болуын қадағалау үшін жоғарыда аталған басқарманың Іс басқарушысы Ербосын Орын мен Мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жанділлә Бекжігітов Қостанайға іссапармен келді.
Жалпы, бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқарманың тарапынан жасалып отырған тағылымы мол жауапты жұмыс деп түсінгеніміз абзал. Сондықтан мешіттерде құжаттар рәсімдеуде ешқашан заң бұзушылығына жол берілмеуі қажет.
Өңірдегі жүздесулер барысында құрметті қонақтар, яғни өкілдер мешіттердің құжаттарын тексеріп қана қойған жоқ. Олар имамдарға әрқашанда осы мәселе бойынша жауапкершілікті сезіну, кемшілікке кеңшілік жасамау жөнінде ғибрат болар ақыл-кеңестерін де берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі