Баршаға мәлім, қоңыр күз келісімен яғни 1 қазаннан бастап, жылда 18 жасқа толған жігіттерді әскер қатарына шақыру басталады. Жуырда Рудныйдың «Орбита» ойын-сауық орталығында жас сарбаздарды Отан қорғауға салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жиынға әкімдік пен қорғаныс бөлімінің басшылары, соғыс ардагерлері, сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары шақырылды.
Ерекше бір қуанышпен атап өте жай, қазіргі таңда әскер қатарында қызмет етуге тілек білдірушілер жеткілікті. Өйткені, бозбалалар өздерінің азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін құқық қорғау органдарында жұмыс істеуге мүмкіндіктері мол.
Сондай-ақ олар арадағы бір жылдың ішінде ата-ананың қадірін біледі, өз бетінше өмір сүруге дағдыланады. Жауапкершілікті сезініп, темірдей тәртіпке үйренеді. Міне, осының бәрі де сайып келгенде, олардың сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып қалыптасуына өзінің игі әсерін тигізеді.
Жоғарыда аталған кеншілер шаһарындағы шарада қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина жастарды олардың өміріндегі айтулы күнмен құттықтап, Отан алдындағы борыштарын өтеуде сәттілік тіледі.
Сонымен қатар «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт қажы Нұрқанов бозбалаларға әрқашанда ата-бабаларымыз аманат еткендей, нағыз еліміздің тірегі болуға өзінің тілектестігін білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі