Таяуда Денисов аудандық Мәдениет үйінде Рухани келісім күні жоғары деңгейде аталып өтті. Оған аудан орталығындағы №1 орта мектептің оқушылары мен мәдениет үйінің қызыметкерлері қатысты.
Жиын алдында осы айтулы күнге байланысты бейнебаян көрсетіліп, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Надежда Сүйіндікқызы жұртшылықты шын жүректен құттықтап, оларға ізгілік тіледі.
Одан кейін аудандық «Жұма» мешітінің бас имамы Ерік Ыбырай сөз сөйлеп, басқосудың мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Содан кейін мәдениет үйінің қызметкерлері күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ойындар ұйымдастырды. Жұртшылық назарына ұсынылған концерттік бағдарлама да жиналғандардың көңілінен шықты.
Бас имам Ерік Қожахметұлының пікіріне сүйенсек, мұндай жүздесулердің үлкенді-кішілі қауымға берері мол. Өйткені, тәуелсіз еліміздің өркендеп, барынша дами түсуі республикамызда мекендеп жатқан барша ұлт пен ұлыстың ауызбірлігі мен ынтымағына байланысты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі