Бұл күнде жастарды жат ағымдардан сақтандыру, діни эстремизммен күрес – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан жастар арасында дін мәселесіне қатысты ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізу де маңызды. Осыған орай Рудныйдың тау-кен технологиялық колледжінде «Жат ағымнан сақ бол!» тақырыбында семинар өтті. 1-2 курс студенттері қатыстырылған шарада Ислам діні мен жат пиғылды секталар туралы қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы жан-жақты баяндап берді.
– Діннен қорықпау керек, діннің атын жамылып жүргендерден қорқу керек. Мұсылман әлемінің шырқын бұзуды мақсат еткендер – дінді бұрмалап уағыздап, адамдардың санасын улап, әсіресе жастарды еліктіріп, жат ағымдардың жетегіне алып, әртүрлі экстремистік, террорлық әрекеттерге итермелеп жүр. Олар үшін жастар жазықсыз жандарды қырып, қанқұйлы соғыстарға апаратын оңтайлы, – деді ол.
Имам мұсылмандық парызын орындауды ниет еткен әрбір адам кез-келгеннің айтқанына еліктеп-еріп кете бермей, жергілікті жердегі мешіт өкілдерінің ақыл-кеңесін алу керектігін айтты. Сонымен қатар ол интернет желісіндегі жат ағымдарды уағыздайтын сансыз сайттарға кірмей, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы ашып қойған сайттарынан өзін ойландырып-толғандырып жүрген мәселелерге байланысты түсінік алу керектігін назардан тыс қалдырмады.
– Егер «өзім білемінге» салып, аяғын шалыс басқан адам өкінішті жағдайға тап болып, жат ағымға еремін деп жарға соғылуы ғажап емес. Жалпы, дін мәселесімен ойнауға болмайды. От шығады. Бос ұстасаң, алмас қылыш секілді қиып түседі. Жат ағымға ілесіп, зардап шегіп, бармағыңызды шайнап жүрмеңіздер, – деп ескертті.
Кездесу барысында Сейіт Темірбекұлы жастарды діни сауаттылықтарын арттыруға шақырды. Сауатты адам ғана ақ пен қараны оңай ажыратып, қармағына ілгісі келген жат ағымдардың шырмауына түспейтіндігін атап өтті. Ғибратлы, пайдалы әңгімені ұйып тыңдаған колледж оқушылары шара соңында имамға бірқатар сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алып жатты.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ