Жуырда Арқалық қаласында Рухани келісім күні аясында басқосулар, дөңгелек үстелдер өткізілді. Аталмыш іс-шараларға жастар жағы көбірек тартылды. Себебі, олар осы жүздесулерден толеранттылық, этносаралық және конфессияаралық келісім туралы айтарлықтай мағлұмат алды.
Осындай басқосудың бірі – Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясында және Әнуар Боранбаев атындағы театрда ұйымдастырылды. Мұнда 550-ден астам тыңдарман қатысты. Жиынға қатысқан оқушылар, студенттер, мұғалімдер қауымы өздерінің көкейлерінде жүрген ойларын ортаға салды.
Аталмыш кездесуде мешіт имамы, шіркеу қызметкері, сондай-ақ теолог, психолог мамандар тәлім-тәрбиелік мәні зор әрі діни құндылықтар жайлы маңызды баяндамалар жасады. Сонымен қатар аға буын өкілдері де жастарға өнеге боларлық ақыл-кеңестерін беріп, ұлағатты сөздерін айтты.
Сондай-ақ бұл жүздесуде қаладағы жастар тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген дін мамандары Алғыс хаттармен марапатталды.