Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Фиқһ

Әбу Ханифаның ұстаздары

Алау Әділбаев

Әбу Ханифаның ұстаздарын тану оның ғасырлар бойы нұр шашып, көңілдерді шуаққа бөлеген ілімінің қайнарларының бастауының қайда жатқанын  көрсетеді. Бұл жайында өзі: «Мен ілім мен фиқһтың қайнаған ортасында өстім. Ғұламалармен бірге жүріп-тұрдым. Фиқһта ең білгір деген ғалымнан білім алдым» деген. Әбу Ханифаның бұл сөзі оның нағыз ілім ордасында өскенін көрсетеді. Көптеген ғалымдармен жолығып, белгілі бір салада тереңдеп, танымал болғандарынан сабақ алған. Солардың арасында Ирактағы фиқһ саласының көрнекті ұстаздарының бірі Хаммад ибн Әбу Сүлейменге шәкірт болып, одан ілім үйренген. Әрине, ол Хаммадтан ғана сабақ алумен шектелмеген.

Тарихул-Бағдат кітабында Әбу Ханифаның кімнен ілім алғандығы жайында былай делінген: «Әбу Ханифа бір күні Халифа Мансұрдың жанына барады. Халифаның жанында Иса ибн Муса да бар еді. Бұл тақуа, сопы ғалым Иса ибн Мұса халифа Мансұрға бүгінгі әлемнің бірегей ғалымы осы деп Имам Ағзам Әбу Ханифаны көрсетті. Сонда Мансұр:

– Ей, Нұғман, ілімді кімнен үйрендің? – дегенде Әбу Ханифа:

– Хазірет Омардан білім алғандар арқылы Омардың, хазірет Алиден сабақ алғандар арқылы Алидің, Абдуллаһ ибн Масғудтан ілім үйренгендер арқылы Абдуллаһ ибн Масғудтың білім кәусарынан сусындадым. Иә, өз кезеңінде Ибн Аббастан асқан ғалым жоқ еді, – дейді. Осыны естіген Мансұр:

– Сен өте дұрыс істеген екенсің, білімді түп-тамырынан алған екенсің», – деп мақтайды. Осы жерден байқағанымыздай, Әбу Ханифа ілімінің бастауын ілім мен фиқһы жағынан танымал осы төрт сахабаға апарып негіздейді. Шынында да, Әбу Ханифа мен оның мәзһабының ілімінің қайнар бұлағы Пайғамбарымыз (с.а.с.) жарық дүниеден өткеннен кейін Куфаға қоныс аударған Али ибн Әбу Тәліп пен Абдуллаһ ибн Мәсғуд еді. Осы сахабалардан ілім алған Мәсрук ибн Әжда (қ. 63 һ.ж.), Алқама ибн Қайс (қ. 62 һ.ж.) және Шурәйх ибн әл-Харистан (қ. 80 ж) Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (қ. 104 ж.) мен Ибраһим ән-Нахаи (қ. 96 ж) сабақ алған. Олардан Хаммад ибн Әбу Сүлеймен (қ. 120 ж.) арқылы Әбу Ханифа ілім үйренген. Сонымен қатар, Абдуллах ибн Аббастың құлы Икрима (қ. 105 һ.ж.) мен Абдуллаһ ибн Омардың азат етілген құлы Нафи (қ. 117 һ.ж.) арқылы осы екі аты аталған сахбалардың ілімдерінен сусындаған. Меккенің фақихы Ата ибн Рабахтан (қ. 114 һ.ж.) ұзақ жылдар бойы сабақ алған.

Олай болса, Әбу Ханифа өзінің ұстазы Хаммадпен бірге басқа да фиқһ және хадис ұстаздарынан сабақ алуды тоқтатпаған. Кейбір кітаптарда ұстаздарының саны төрт мың деп беріледі. Әрине, мұнда біраз әсірелеу бар екені байқалады,  дегенмен, бұл оның бір ғана ұстаздан сабақ алмағанын көрсетеді.

Әбу Ханифаның ұзақ жылдар бойы дәріс алған ең негізгі ұстазы Хаммадқа тоқталмастан бұрын ғылыми танымының қалыптасуында ерекше рол ойнаған Куфа медресесінің негізін қалауға себеп болған сахабалар мен табиғиндарға аз-кем тоқтала кеткен жөн.

Алқама ибн Қайс ән-Нәхәи. Пайғамбарымыз әлі суішкілігі таусыла қоймаған кезде дүниеге келген, әйгілі сахабалардың ілім каусарынан сусындап, Куфа мектебінің негізін қалаған табиғиндардың бірі Алқама ибн Қайс ән-Нәхәи (қ. 62/681). Ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Ілімнің қақпасы» деген марапатына бөленген, өзінің ұрпағын жалғастырушы әзірет Алиден нәр алған. Төрт халифамен қатар жүздеген сахабадан хадис риуаят еткен Алқама Ибн Мәсғудпен Куфада бірге өмір сүріп, одан сабақ алған. Өз кезегінде Әбу Ханифа Әузағимен Меккеде кездесіп, бір мәселенің шешіміне қатысты өзінің келтірген дәлелінің де негізсіз емес екенін көрсету үшін «Хаммад Зухриден, Ибрахим Сәлімнен, ал Алқама сахаба болмаса да Ибн Омардан деңгейі төмен емес» деген кезде, Әузәғи оның уәжіне жығылған. Мәсруқ ибн Әждә. Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниемен қош айтыспай тұрып Йеменде Ислам дініне өткен Мәсруқ ибн Әждә Хамадани (қ. 63/682) Әбу Бәкірдің халифалығы тұсында Мәдинаға келген. Әбу Бәкірдің артында тұрып намаз оқыған, Әбу Бәкір, Омар, Осман, Али, Муаз ибн Жәбәл (Бәрінен де Аллаһ разы болғай!) секілді сахабалардан ілім үйренген. Айша анамыз да оған ерекше құрмет көрсеткен. Кейін Куфаға қоныс аударып, Ибн Мәсғудтан сабақ алған. Тақуалығымен қатар ілімге деген құштарлығымен де ерекшеленген тұлға еді. Біраз уақыт қазылық міндетін де атқарған Мәсруқ жайлы «Қады Шурәйхтан да білгір ғалым еді» делінген.

Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби (104/722). Шағби Омар ибн Хаттабтың кезінде дүниеге келген. Абдуллах ибн Мәсғудпен бірге тілдік мәселелерді көп талқылаған оның ең фақих шәкірті еді. Тіпті табиғин болғанына қарамастан сахабалардың арасында отырғанда адамдардың оған сауал қоюы білімінің қай деңгейде болғандығынан хабар береді. Соған қарамастан ол әр мәселеде пікірін білдіруден сақтанып, кейде «оны Ибраһим ән-Нахаиден сұраңдар» дейтін. Әбу Ханифаның түбегейлі ғылымға бет бұруына әсер еткен осы Шағби еді.

Ибраһим ибн Язид ибн Қайс ән-Нәхәи (қ. 95/714). Ибраһим ән-Нахаи – имам, хадис хафызы, өз кезеңінде күллі Ирак аймағының ең білгір фақихы еді. Сахабаларды көзі көрген, бірақ, олардан хадис риуаят етпеген.

Ханафи фиқһының қалыптасуында оның орны бір төбе. Шах Уәлиуллах Дыхләуидің «Ханафи фиқһының қайнар көзі» деп атаған Ибраһим ән-Нәхәи Әбу Ханифаның ұстазы Хаммадтың көзқарасы мен ғылыми әдісінің қалыптасуына ең үлкен ықпал жасаған ғалымдардың бірі. Әбу Ханифаның шәкірттерінің еңбектеріне үңілгенде ханафи мәзһабының пәтуаларының көпшілігінің Ибрахимнің хадистері мен пікірлеріне негізделгені байқалады.

Икрима (қ. 105 ж). Икрима Абдуллаһ ибн Аббастың ілімін бойына сіңірген мәуласы (азат етілген құлы), фиқһ ғалымы. Ұстазы Ибн Аббас оның білімінің кемеліне келгенін көргенде: «Бар, халыққа пәтуа айт!» деген.  Бір күні Саид ибн Жабирге: «Сенен асқан білімді кім бар?» деп сұрағанда ол: «Икрима» деп жауап берген екен. Икрима қайтыс болғанда халық ол жайлы: «Ең фақиһ ғалымымыз дүниеден өтті» деп қайғырып, қара жамылған болатын. Ал әл-Уақиди оны «Мекке мүфтиі» деп атаған.

Әбу Абдуллах Нафи. Нафи (қ. 117) Абдуллаһ ибн Омардың ілімін өз бойына жинаған оның мәуласы, табиғин ғалымы. Көптеген сахабаның көзін көріп, олардан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мүбарак хадистерін жеткізген, дінді терең меңгерген имам еді. Хадис ілімінде оның сенімділігі мен дәрежесінің жоғарылығын ғұламалар бірауыздан мойындаған. Тіпті, имам Бұхари мен имам Мәлік Ибн Омардан Нафи арқылы жеткен тізбекті ең сенімді деп қабылдаған. Әбу Ханифаның «Муснадындағы» (хадис жинағы) хадистердің көпшілігі имам Нафи арқылы келіп жеткен.

Ата ибн Әбу Рабах. Ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ардақты сахабаларының бірі, Құран білгірі Абдуллаһ ибн Аббастың ілімінен сусындап өскен белгілі табиғин ғұламаларынан. Тарихи дереккөздерде имам Ағзамның елу бес рет Меккеге қажылыққа барғандығы айтылған. Әрине, мұнда әсірелеу болғанымен, бұл оның өмірінде қажылыққа жиі барғандығын көрсетеді. Әбу Ханифа Меккеге әр сапарында Ата ибн Әбу Рабахпен жолығып тұратын. Ілімінің тереңдігі мен тақуалығына тәнті болған Әбу Ханифа «Атадан артық адам көрген емеспін» деген.

Мәлік ибн Әнас. Имам Мәлік ибн Әнас – мәлікия мәзһабының құрушысы, ең алғаш жинақталып, хадисшілердің сенімінен шығып, жоғары бағаланған «Муатта» атты хадис кітабын жинастырған ғалым. Оның хадис ілімінде, Құран мен хадистерден үкім шығарудағы білгірлігін замандас ғұламалары түгел мойындаған.

Ол қажылық уақытында Имам Мәлікпен фиқһ мәселелерін талқылап, пікір таластыратын, тәжірибе алмасатын. Осы алып имам Әбу Ханифаның білгірлігіне таң қалып: «Мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахих хадистерін толық білуде және оны түсіндіруде имам Ағзам Әбу Ханифадан артық жанды кездестірмедім»деген екен.

Куфалық Хаммад ибн Әбу Сүлеймен әл-Әшғари фиқһ ілімін хазірет Али (р.а) мен Абдуллаһ ибн Масғудтан (р.а.) үйренген табиғин ғалымы. Әбу Ханифаның фиқһ ілімін жақсы көріп, сол ілімге терең бойлауына ықпал жасаған ең негізгі тұлға. Оның әкесі әйгілі сахаба Әбу Муса әл-Әшғаридың мәуласы (азат етілген құлы) еді. Куфада туып-өсіп, Ибрахим ән-Нахаиден фиқһ ілімін үйренді. Оның көзқарастарын терең меңгергендердің әрі Куфа фиқһына райды кіргізгендердің алғашқыларының бірі еді. Тек Нахаиден ғана емес, сонымен қатар, заманының хадис ғалымы Шағбидан да фиқһ ілімін үйренді. Сахаба Әнәс ибн Мәліктен хадис тыңдап, одан хадис риуаят еткен. Омар ибн Хаттабтың мәуләсы Абдуррахман ибн Сағыд, Ибн Аббастың мәуласы Икримадан және т.б. табиғиндардан хадис риуаят еткен.

Хаммад Ибрахим ән-Нәхәидан дәріс оқып, оның фиқһын ең жақсы меңгергендердің бірі еді. Ұстазы Ибрахим ол жайлы өзіне келген Мұғираға «Оның етегіне мықтап жармасыңдар. Былайғы жұрттың ішінен маған ең көп сауал қойған сол» десе, өзінен кейін кімнен пәтуа сұрау керек дегендерге «Хаммадтан» деп жауап берген.

Хаммад ибн Әбу Сүлеймен ұстазы жарық дүниемен қош айтысқан кезден бастап (96/714) Куфа мешітіндегі фиқһ дәріс алқасына ұстаздыққа өтеді. Ол осы мешітте табаны күректей жиырма төрт жыл ұстаздық етсе, оның сабақтарына ең ұзақ қатысқан талантты да, алғыр шәкірті Әбу Ханифа еді. Хаммад ибн Әбу Сүлейменнен фиқһ ілімін жиырма екі жасынан қырыққа келгенге дейін оқып, он сегіз жыл сабақ алған. Ұстазы Хаммад қайтыс болғанға дейін (120 ж.) одан сабақ алуды тоқтатпаған.

Қорытындылай келе, Әбу Ханифаның ілім алған ұстаздарының силсиләсін (тізбегін) төмендегідей беруге болады:

Али ибн Әбу Тәліп

(40/660)

Абдұллаһ ибн Мәсғуд

(32/652)

Әлқама ибн Қайс

(62/681)

Мәсруқ ибн әл-Әждә

(63/682)

Шурәйх ибн әл-Харис

(78/697)

Әсуәд ибн Язид

(95/714)

Ибрахим ән-Нәхәий

(95/714)

Әмир ибн Шәрәхил әш-Шағби

(104/722)

Хаммад ибн Әбу Сүләйман

(120/738)

Әбу Ханифа

(80-150/699-767)

алдыңғы мақала
Тақлид жайлы
кейінгі мақала
"Менің мәзһабым - сенімді хадис"

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником