Жергілікті бауырларымызды имандылыққа, ауызбірлікке үндеп келе жатқан Жангелдин аудандық «Оспанқожа әулие» мешітінің асханасының құрылысы өткен жылы аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс еді.
Алайда әлемді жайлаған пандемия оның дер кезінде көпшіліктің игілігіне айналуына мүмкіндік бермеді. Дегенмен, жағдайға түсіністікпен қараған мұсылман бауырларымыз ортақ іске қолдарынан келгенше өздерінің лайықты үлестерін қосты.
Таяуда асхана құрылысы аяқталып, торғайлық ағайындар үлкен қуанышқа кенелді. Оның ашылуына алыс-жақыннан қадірменді әрі тілектес қауым жиналып, ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты шарада осы өңірдің тумасы, белгілі дін қайраткері Шоқан қажы Әмірханов Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбеттің атынан ондағы жұртшылықты шын жүректен құттықтап, қуаныштарына ортақ екендігін жеткізді.
Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Алғыс хатын құрылыс жұмыстарының бас демеушісі Берік Бисенғалиевке табыс етті.
Мешіттің алқа мүшесі Нүретден қажы Спабекұлы ел тілеуінің орындалғанына шүкіршілік ете келіп, ауданның бас имамы Рүстем Исламұлына дән ризашылықтарын жеткізіп, жауапты қызметінде табыс тіледі.
Ақ батасын беріп, асхананың лентасы қиылды. Ақ жаулықты аналарымыз қалыптасқан қазақы дәстүріміз бойынша шашу шашты.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі