ҚМДБ-ның тапсырмасы аясында Қостанай облыстық мешітінің ұйытқы болуымен үстіміздегі жылы жазғы діни сауат ашу курсы жанданып мамыр айының 27-нен маусым айының 18-не дейін 34 шәкірт оқып шықты.
Балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу үшін қолайлы жағдай туғызылды. Ислам дінінде оларға берілетін тәрбиенің орны қашан да бөлек. Дәріс барысында олардың ой-өрісін кеңейту, талғамын арттыру мақсатында өнегесі мол жұмыстар атқарылады.
Мәселен, шәкірттерге Құран әліппесі, Сира (Пайғамбар өмірбаяны), Сенім мәселесі, Исламдағы 100 сұраққа байланысты жайлар оқытылады. Сөйтіп, балалар ислам әдебін меңгереді. Салауаттар мен дұғаларды жаттады.
Оларға «Сарыағаш» медресе-колледжін аяқтағалы отырған Әйгерім Қойшиева мен облыстық мешіттің ұстазы Жансая Халим қыз балаларға тағылымды білім берді.
Ал, ер балаларға «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің 2-ші курс студенттері Бекзат Қапар мен Алинұр Балахметтер білгенін үйретіп, олардың тиянақты білім алуларына барын салды.
Есте қаларлық қызықты спорттық ойындар өткізіліп, қол өнерін шыңдауға да назар аударылады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі