Қаламгер, ақын, ғалым, драматург, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ақылбек Шаяхметтің есімі бүкіл республика жұртшылығына кеңінен таныс. Оның бірқатар кітаптары дін тақырыптарын арқау еткен.
Ол облыстағы мешіттерде өткізілген кездесулерде бүгінгі таңдағы аса өзекті тақырыптарды қозғап, өскелең ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, Отансүйгіштікке баулып келеді.
Жуырда сан қырлы дарын иесі 70 жасқа толды. Соған орай Қостанай шаһарындағы «Жастар сарайында» оның шығармашылық кеші болып өтті. Тағылымы мол іс-шараны Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы ұйымдастырды.
Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасыҰлықбек Есдәулетов, Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов, Алматы облысынан арнайы келген зиялы қауым өкілдері, елімізге белгілі ақындар Қасымхан Бегмано, Әбжан Әбілтай және басқа да мәдениет қайраткерлері құттықтап, сый-сияпат көрсетті.
Кеште өнер шеберлері асқақтата ән шырқап, күмбірлете күй шертті. Ақын өз туындыларын оқыды.
Біз де мерейтой иесінің қуанышына ортақтаса отырып, Ақылбек Қожаұлына алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында бақыт, шығармашылық табыс тілейміз.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі