Еліміздің ауызбіршілігі мен тыныштығын нығайту мақсатында өңірімізде көп деген шаралар мен нәтижелі жұмыстар іске асырылып келуде. «Елдің күші - бірлікте»- демекші, еліміздегі көп ұлыстар мен ұлттардың ауызбіршілікте, бір шаңырақ астында тыныш өмір салтын ұстанып келе жатуы Алла тағаланың бізге берген үлкен нығметі болмақ.
Осы орайда Рудный Индустриялдық Институтында «Қазақстан – Конфессияаралық келісімнің орталығы. Қазақстанның мәдени құндылықтарын алға тарту» атты тақырыпта дөңгелек үстел болып өтті. Аталмыш жиынға Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұстазы Саян Айтжанұлы, сондай-ақ қаламыздың түрлі мемлекеттік мекемелерінен қызметкерлер мен оқушылар келіп қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы ұлтаралық келісімнің нығаюы мен еліміздің бірлігі жайында болды.
«Ислам- бірлік пен мейірімілік діні» - деп сөз бастаған Рудный қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Саян Айтжанұлы дөңгелек үстел қатысушыларына дініміздің әр қашанда бейбітшілік пен тыныштықтың тарапында екенін жеткізді. Сонымен қатар дінімізге қара күйе жағып жүрген жат ағымдағылардың жауыздық әрекеттері асыл дінімізге түкте қатысы жоқтығын, ауызбірлікті әрқашанда мақсат тұтқан Ислам дінін жауыздықпен шатыстырмауын ескертіп өтті.
«Бірлік - біздің күшіміз, тыныштық - біздің бақытымыз, сол күш пен бақытқа әр дайым бір шаңырақ астында бірлесе күш жұмсасақ еліміз әр дайым көк аспан астында тыныш ғұмыр кешеді» деп сөзін қорытындылай келе, Саян Айтжанұлы тыныштыққа кір келтірер терроризммен күресеміз деп асыл дінімізбен күресіп кетпеуімізге мұқият болу керектігін айтып кетті.
Алла тағала елімізге тыныштығын нәсіп етіп, қазақ елінің бірлігімен бақытын сақтағай!
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі