Рудный қаласының «Горняк» мәдениет орталығында Мәуліт мерекесі кең көлемде аталып өтті. Мұсылмандар үшін өзіндік орны бар, пайғамбарымыздың тағылымға толы өмірбаяны мен хадистерін жан-жақты насихаттайтын ауқымды шара қасиетті Құран оқумен басталды. Одан кейін ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бақытбек Нұрғабылұлы жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, оның мәні мен маңызы жайлы терең әңгіме қозғады.
Рухани кешті әрі қарай Әсел Тасмағанбет, Берік Козылев, Ерлан Қасым, Зарина Рахманбердиева, Адай Батинов, Әсет Қуанышев, Мұқан Ноғаев, Әбілқайыр Қанафин сынды өнерпаздар жалғастырып, иләһи ән-жырларды нақышына келтіріп орындады. Бұдан соң «Нұр» мешітінің наиб имамы Ғұмар Нәбиұлы мен РИИ студенттері араб тілінде айтып шыққан Мәулітті халық сілтідей ұйып тыңдады.
Шара барысында мүмкіндігі шектеулі жанның бір күндік өмірінен сыр шертетін «Дерт пен дауа» көрінісі сахналанды. Тәрбиелік маңызы зор көрініс көрермен көңіліне ой салып, ерекше әсерге бөлегені анық.
Мәуліт мерекесінің соңында «Нұр» мешітінің бас имамы Азамат Мырзақанов сөз сөйлеп, жамағатты арнайы жайылған ақ дастархан басына шақырды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі