Ұлық мереке Құрбан айт күні Қостанай қаласында әсем де көркем жаңа мешіт ашылғаны жұртшылықтың есінде. Бұл имандылық ордасы өңірімізде ең зәулім де сәулетті архитектуралық ғимараттардың бірі болып табылады.
Өткен жексенбі күні аталған мешітте облыстық балалар үйінің тәрбиеленушілері келіп, имандылық орнымен кеңінен танысты. Оларға осындағы дін қызметкерлері ойын-сауық өткізіп және дастархан жайды.
Балалар көп жайды өз көздерімен көріп, көңілдеріне түйді. Мешіт ұжымы осынау балалар үйіне көп жылдан бері қамқорлық көрсетіп, тәрбие орнында қайырымдылық және түрлі шаралар ұйымдастырып тұрады.
Тәрбиеші Айгүл Әбілқасымова «Бүгінде облыстық балалар үйінде 90 тәрбеиеленуші бар. Соның 15-і қазақ балалары. Бұл жолы мешітке 20 бала келді. Сән-салтанаты жарасқан қасиетті орын өзімізге үлкен әсер қалдырды. Жалпы, облыстық мешіт ұжымына біздің алғысымыз шексіз. Себебі, олар түрлі мереке кездерінде балаларға сый-сияпаттарын жасап қана қоймай, бірқатар ер балаларымызды сүндетке отырғызып, үлкен сауапқа бөленді»- деді.
Бұл күні мешіт жамағатының балалары да аталмыш шарада бірге болып көңіл көтерді. Мұндай шараның өтуіне барлық жағдай жасаған мешіттің Жастар ісі бөлімі мен әйелдер секторына келуішілер зор алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі