Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті биыл да Құрбан айт мерекесін өз деңгейінде атап өтті. Айт қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде арнайы ақпараттар жарияланып, мешіт маңайына құттықтау-лозунгтар ілінді.
Айт күні мешітте уағыз-насихат айтылып, айт намазы оқылды. Қала әкімі А.Балғарин жамағатты айт мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Содан кейін мешіт ауласында құрбандық шалу рәсімдері өтті. Құрбандыққа шалынған малдың еттері әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы мұқтаж жанұяларға таратылды.
Осынау мереке әрі қарай мәдени және спорттық ойындармен жалғасын тапты. Тәуелсіздіктің 25, Арқалық қаласының 60 жылдығы, әлем мұсылмандырының айтулы мерекесі Құрбан айт жайлы тағылымды да ғибратты термелер мен діни-иләһи әндер шырқалды. Өмір көрген ақсақалдар жастарға үлгі боларлық ұлағатты сөздерін арнады.
Айттың құрметіне тағам дайындалып, одан жиналған қауым дәм татты. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттайтын спорттық ойындар «Арқан тартыс», «Қол күрес» сияқты сайыстарға жастар белсене атсалысып, бақтарын сынады.
Жеңімпаздарға мешіт атынан арнайы диплом, алғыс хаттар тапсырылып, демеушілердің қолдауымен ақшалай сый-сияпат жасалды.
Осындай кейінгілерге тағылымы мол іс-шаралар қалаға қарайтын Фурманов, Молодежный және Ашутасты ауылдарында да ойдағыдай ұйымдастырылды.
Жалпы, мұсылман ағайындар қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» және аталған елді мекендердің имамдары мен барша қызметкерлеріне шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі