Форум есте қаларлықтай өтті
Онда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жайы айтылды.
Амангелді аудандық Мәдениет үйінде «Ислам және зайырлы қоғам» атты аудандық форум болып өтті. Оны аудан әкімінің орынбасары С.Хайруллин ашып, жүргізді.
Форумға ауданның мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары, ауыл әкімдері мен имамдары, мектеп директорлары, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Дінтану» пәнінің мұғалімдері, жоғары сынып оқушылары және мешіт жамағаты қатысты.
Құрметті қонақ ретінде Арқалық қаласы мешітінің имамы Б.Уәлиев те арнайы шақырылып, басқосудың салтанатын барынша арттыра түсті.
Осы жиында Амангелді ауданының әкімі Ж.Таукенов құттықтау сөз сөйлеп, форум жұмысына табыс тіледі.
Аталмыш басқосуда Амангелді ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Тажин «Зайырлы мемлекет және зайырлы қоғам», аудандық «Сатыбалды ишан» мешітінің бас имамы Ж.Әмірхамзин «Ислам дінаралық қарым-қатынас және толеранттылық», Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Б. Уалиев «Ислам және зайырлы қоғам», Амангелді ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы С.Сейдин «Исламның ғылым-білім және тәрбиеге қатысты ұстанымы», зейнеткер, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Б.Нұрғожин «Исламдағы Зекет парызы», Ы.Алтынсарин орта мектебінің құқық негіздері пәнінің мұғалімі Б. Ақжанов «Ислам және салт-дәстүр» тақырыптары бойынша хабарлама жасады.
Форумға жиналғандар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, дінаралық келісім және зайырлы қоғамдағы Ислам діні, жалпы адамзаттың рухани құндылықтары, дін мен зайырлы қоғамның үйлесімділігін арттыру және басқа да маңызды мәселелер бойынша толық ақпарат алды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі