Ауыл тұрғындары қамқорлыққа алынды.
Өткен қыс айларында өңірде қар көздегеннен көп жауды. Сондықтан да болар, қар ерісімен облыс орталығынан 60 шақырымдай жерде жатқан Қостанай ауданы Суриков елді-мекенінде су көбейіп, бірқатар үйлердің тұрғындары қиындықтарға кездесті.
Суда қалған баспаналардың бірқатар тұрғындары жергілікті мектепке орналастырылды. Мұндай тосын жағдайда жүрегінде иман, бойларында адамгершілік секілді асыл қасиеттері мол жандар қарап отырмайтындығы белгілі.
Бұл жерлестеріміздің басына түскен қиындыққа дін қайраткерлері де сергектік танытып, қол ұшын беруде. Өткен аптада Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы, «Зекет» қорының аймақтағы өкілі Жақсылық Ғайсин, облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Азамат Мурзаканов, Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбектер осы елді-мекенде болды.
Олар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнайы жолығып, азаматтарға облыстық және аудандық мешіт және «Зекет» қорының атынан азық-түлік тапсырып 40 адамға түстік ас ұйымдастырды.
Суриков ауылындағы ағайындар өздеріне қайырымдылық көмек көрсеткен дін қайраткерлеріне өздерінің шын жүректен шыққан шынайы алғыстарын білдірді.