Барлық қатысушыларға үлкен ой салды
Жуырда Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті мен қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Ислам және зайырлы қоғам» атты аймақтық форум болып өтті.
Бұл басқосуға қала әкімі Ғ.Бекмұхамедов, қалалық сот төрағасы К.Ақшалов, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры С.Қуанышбаев, ішкі істер басқармасының бастығы Т.Жанглышев, прокуратура, қауіпсіздік комитеті, әділет басқармасы және Жанкелдин, Амангелді аудандарының имамдары және де басқа саланың өкілдері қатысты.
Форумның жұмысы екі бөлімнен тұрды. Біріншісі – пленарлық отырыс, екіншісі – секциялық жұмыстар және оны қорытындылау.
Маңызды жиынның модераторы, мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев барша қатысушыларға жылы лебізін білдіріп форумның жұмысына сәттілік тіледі. Оның тақырыбы «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталады.
Аталған форумда көпшілікті қала әкімі Ғазиз Ерболатұлы құттықтады. Содан кейін «Ислам және зайырлы қоғам», «Исламдағы толеранттылық» «Тәрбие негізі – имандылық», «Қазіргі таңдағы жастардың дінге көзқарасы» атты тақырыптарда баяндамалар жасалды.
Жиынның екінші бөлімі секциялық жұмыстарға арналды. Форумға қатысушылар екі топқа бөлінді. 1-ші секция жұмысын «Зайырлы қоғамдағы ислам дінінің ролі» атты тақырыппен модератор Әсет Нұғыманов, 2-ші секция жұмысын «Тәуелсіз елдің тірегі - иманды жастар» деген тақырыппен Дархан Кикимов жүргізді.
Басқосу жоспарланғандай өте әсерлі өтті. Қатысушылар одан көп тағылым алды. Жастар жағы да күн тәртібіндегі мәселелердің өте өзекті екендігіне көздері айқын жетті.
Форум соңында мешіттің Бас имамы Бектұрсын Уәлиев дін насихатына зор үлес қосқан мекеме басшыларына Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі