Жуырда Рудный қалалық «Нұр» мешітінде «Ислам және отбасы» жылы аясында мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен әйел-қыздар жамағатымен дөңгелек үстел өткізілді.
Осынау «Ислам мәдениетіндегі әйелдің мәртебесі» тақырыбында басталған жиынды бас имам Азамат Серікбайұлы ашып, Ислам дінінде әйел мәртебесінің рөлі жайында сөз қозғады.
Бұл басқосуға арнайы келген Қостанай әйел-қыздар секторының өкілі Гүлдана Жаңабайқызы аса маңызды тақырыпты одан әрі жалғастырды. Исламдағы әйелдің отбасында алатын ерекше орнын қатысушыларға өзіндік ойлы-пікірлерімен жеткізді.
Сөйтіп, Рудныйлық мұсылман қауымы дөңгелек үстелге арқау болған жайдан айрықша әсер алды. Олар жалпы әйел затының отбасындағы ынтымақ бірлікті нығайтудағы жетекші рөлге ие екендіктеріне көздері айқын жетті.
Жиын соңында барша нәзік жандылар арнайы жайылған дастархан басына жиналып, дайындалған тағамнан дәм татты. Ел арасында абыройлы да беделді ақ жаулықты аналарымыздың ақ батасын алды.
Баршаға Ұлы Пайғамбарымыздың «Жәннәт – аналар аяғының астында» деген хадисінде айтылған жайлар бұрыннан мәлім. Сондықтан аналар мен апаларымызды, қарындастарымызды күнделікті өмірде ерекше құрметтеп, оларға деген жылы сөзімізді аямайық ағайын.
Отбасы – қоғамның негізі. Ендеше тәуелсіз еліміз бұдан да өркендеп, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін әрбір шаңырақ бақытты ғұмыр кеше берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі