Рудный қалалық «Нұр» мешітінің ұйымдастыруымен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Рудный және Қашар кенті жамағаттары арасында «Қазақша күрес» бойынша жарыс өтті. Аталмыш жарыста палуандар үш түрлі келі салмақ бойынша күш сынасты.
«Спорт – денсаулық кепілі» демекші, жастарымыздың спортқа деген ынтасы мен ықыласы артып келе жатқандығын осы жарыс айқын байқатты. Өйткені, қатысушылар оған жақсы дайындықпен келгендерін көрсете білді.
Сайыс нәтижесі бойынша ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек Тәжімбет пен Рудный қалалық «Нұр» мешітінің Бас имамы Азамат Серікбайұлы өздерін жан-жақты көрсеткен спортшыларға алдағы уақытта да биік шыңдарды бағындырып, тек жеңістерге жете берулеріне тілектестіктерін білдірді. Сонымен қатар жүлдеге ие болған қатысушыларды бағалы сыйлықтармен марапаттады.
«Ислам – бірліктің негізі, яғни адамдар арасында ынтымақтықты, ауызбіршілікті, сондай-ақ, ұлтаралық достықты қамтитын ізгі дін. Сол үшін де шаһарда ұйымдастырылған бұл игі бастама тек жастарымыздың арасында ғана емес, барша спорт сүйер қауымның арасындағы достықтың нығаюына да өз септігін тигізері сөзсіз» екендігін Бахытбек Нұрғабылұлы атап өтті.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі