Отбасы – қоғамның маңызды буыны, мемлекеттің де негізі осы шағын ұжымнан қаланатыны ақиқат. Биылғы 2018 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы ақылдастар алқасымен бірлесе отырып: «Ислам және Отбасы» жылы деп жариялаған болатын.
Осы орайда дін қызметкерлері «Неке және отбасы», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Бала тәрбиесі», «Жарасымды жанұя» сынды түрлі маңызды тақырыптар аясында арнайы іс-шаралар өткізуді қолға алды.
Қоғамымызда зор мәнге ие тақырып аясында Арқалықтағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің ұйымдастыруымен «Ислам және Отбасы» жылы аясында «Ислам мәдениетіндегі әйел мәртебесі» атты дөңгелек үстел өткізді.
Келелі басқосуға қалалық мәслихат хатшысы, Ішкі саясат және Білім бөлімінің мамандары, мектептер мен оқу орындарының тәрбие жөніндегі әдіскер-мұғалімдері, перзентхана, «Ана мен бала» орталығының қызметкерлері, «Ана–дария» мектебінің төрайымы мен мүшелері, Ішкі істер басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің инспекторы арнайы шақырылды.
Жиын Ыбырай Алтынсарин атындағы мемлекеттік педагогикалық институтта өтті. Дөңгелек үстелді ұйымдастырған мешіттің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы осы мәселеге байланысты өз ойын ортаға салып, Исламдағы әйелдің орны мен рөлі айрықша екендігін де тілге тиек етті.
Бұл басқосуда бейне роликтер көрсетіліп, «Ана – дария» мектебінен келген аяулы жандарға сөз берілді. Сөйтіп, өмірлік тәжірибесі мол қажы апаларымыз да өз пікірлерін айтты.
Сондай-ақ қалалық мәслихат хатшысы Г.Төкенқызы өз сөзінде қоғамдағы отбасының рөлі, мемлекеттің бала тәрбиесіне деген қамқорлығы жайлы баяндады.
Жиын барысында оқу орындарының өкілдері яғни маман-ұстаздар да әңгімеге арқау болған тақырыпқа орай өз ойларын ортаға салды.
Басқосудың соңында мешіттің бас имамы жанұялардың ұйытқысы болып отырған аналарға ең ізгі тілегін білдіре келіп, оларға «Исламдағы жанұя» атты кітаптарды сыйға тартты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі