Қарттар күні қарсаңындағы қасиетті жұма күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысы бойынша өкілдігі тарапынан Бахытбек Нұрғабылұлы Тәжімбет бастаған діни қызметкерлер Рудный қаласындағы Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі №1 интернат үйінде болды.
Интернат директоры Татьяна Щербакова жылы жүзбен қарсы алып, ардагерлердің мерекесіне арналған мәдени іс-шарасы бастап кетті.
Шара барысында интернат үйіндегі ақсақалдар мен аналарымыз жастарының ұлғайғанына қарамастан өз өнерлерін көрсетті. Соның ішінде Валентин Ефанов аталған мерекеге байланысты шығарған өлеңін үлкен ықыласпен оқып берді.
Осынау жүздесуге қостанайлық мешіт қызметкерлері құр қол бармады. Интернат үйіндегі 310 адамға біреше қорап тәттілер мен заманауи үлгідегі түрлі-түсті теледидарды сыйлады.
Дін қызметкерлерінің қайырымдылық ниетіне қарттар мен кейуаналар, ұжым басшысы шынайы алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар осы мереке алдында Ұзынкөл ауданының бас имамы Есенгелді қажы Әжімахантегінің ұйымдастыруымен бір топ қария Қостанай облыстық Аймағамбет қажы Спанұлы мешітіне саяхат жасады.
Мұнда Бахытбек Нұрғабылұлы ауданнан келген қадірменді қарттарды мешітпен жан-жақты таныстырды. Өкіл имамның ыстық ықыласы мен адами қадір-қасиетіне дән риза болған ақсақалдар шын жүректен шыққан алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі