Бүгін Астанада өтіп жатқан Жеңімпаздар форумында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарға сайлаудағы қолдауы үшін алғысын білдірді.
«Құрметті халқым! Қазақстандықтар! Бүгін еліміз үшін тағы бір ұмытылмас тарихи кезең болды. Өздеріңізге белгілі, жаңа ғана Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесі болды. Еліміздің 95 пайыздан артық сайлаушылары қатысқан шарада маған 97,7 пайыз дауыс берді. Ең бірінші алғысым - халқыма. Менің жұртым осы жылдардың барлығында қолдап, менің артымнан еріп, шылбыр мен тізгінді бір қолыма ұстатып, сеніп келе жатқан отандастарымның жаппай сенімін орындау қадірменді міндет. Осы міндетті атқару үшін өзімнің күш-жігерімді, денсаулығымды, тәжірибемді аямай қызмет ете бермекпін деп ант бергенмін. Мен сол антты орындап келе жатырмын», - деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы сайлауды өткізуге белсенділік танытқан «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне, Қоғамдық комиссия мүшелеріне, 10 мыңнан астам штаб мүшелеріне алғысын жеткізді.
«Олар менің бағдарламамды халыққа түсіндірді. Баршаларына шын жүректен алғыс айтамын. Белсенді қатысқан жастарға да ризашылығымды білдіремін. Барлық істеліп жатқан шаруаны Қазақстанның болашағы мығым, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болуы үшін, мәңгілік болуы үшін істеп жатырмыз. Бұл жастар үшін, болашақ үшін! Олар Отанын сүйіп, елі үшін қызмет етеді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
today.kz