Халқымыз көктемнің мамыражай мамыр айының бірінші күнінде бірлік мерекесін атап өтеді. Мерейлі мейрамдағы ізгі іс-шаралар елімізді игілікке, халқымызды бірлікке бастап келеді.
«Бірлік» – қасиетті сөз. Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде де адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «...Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «...Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.
Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғамдарында, өлең-жырларында бірлікті насихаттаған. Майқы би бабамыздың:
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге бола бермек. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деуі де тегін емес. Осынау парасатты пайымдаулар халқымыздың санасында сақталып, досқа қамқор, өзгеге өнеге көрсетіп, бірлікті ту етіп келеді. Кешегі көреген билеріміздің асыл аманаты − бүгін Елбасымызбен берекелі бастамаларға, бейбітшілікке, ортақ келісімге бағытталуда. Осының арқасында бүгінгі күні елімізді мекендеген 100-ден астам ұлттар мен ұлыстар, әртүрлі дін өкілдері Қазақстанда тату-тәтті өмір сүруде.
Алланың берген өлшеусіз нығметі әрі сыйы – Тәуелсіздігімізді баянды ете түсу үшін ең алдымен бірлігімізге бекем болуымыз керек.
Қадірлі бауырлар! 1 мамыр бірлік мерекесі құтты болсын! Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, болашаққа басқан қадамымызды берекелі етсін! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти