Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар

Өзге мұсылман бауырларым секілді мен де Қазақстан мұсылмандары діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Иманымыз бен бірлігімізге бекем болайық!» деп аталатын үндеуін оқып шықтым. Оның мәні мен маңызы ерекше екендігі сөзсіз.

Қазақстан әлемге танымал мемлекет. Жер бетіндегі барлық мұсылман елдері біздің республикамызда атқарылып жатқан игі істерге әрқашан да дән риза. Алдағы уақытта да халықтар арасындағы достық пен ауызбірлікті нығайтуға бәріміз де өзіміздің лайықты үлесімізді қоса беруіміз керек.

Бас мүфти жас та болса өзінің көп оқып-тоқығанын халыққа әбден дәлелдеді. Үстіміздегі жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялауының өзінде де түсінген адамға терең мағына жатыр. Көрнекті дін қайраткерінің осы тақырыптас кітабы да әрбір мұсылманның құнды дүниесі екендігі даусыз.

Рамазан мұсылман үшін өте қасиетті ай. Сол себептен әрбір мұсылман Ержан қажы Малғажыұлының үндеуіне қолдау көрсетіп, қалтасы қалың жігіттер мен кәсіпкерлер Ораза кезінде жетім-жесірге, көмекке мұқтаж жандарға қайырымдылық жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

Мырзағали қажы Ғабдуллин, Қостанай қаласының тұрғыны, абыз ақсақал

Published in Жаңалықтар

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қасиетті Рамазан айындағы үндеуінде елдің көкейінде жүрген көп жайлар айтылған. Елдің тыныштығы ең басты құндылығымыз екені баршамызға аян. Үндеуде - Алла Елшісі ( с. ғ.с.) мұсылмандықтың іргесін бірлікпен бекемдегенін, қаншама жұрттың жер бетінен жоғалып, тегі мен тұтастығынан айырылуының басты себебі – бауырмалдықтың болмауынан екендігін дөп басып айтқан.

Халқымыздың: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», - деген нақыл сөзі де осының айғағы. Сонымен қатар көрнекті дін қайраткерінің 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауы көңіл қуантады. Ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мәзһабымыз бен сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу арқылы дәстүрлі ислам дінінің дамыту қазіргі ең өзекті мәселе.

Бұл маңызды мәселе де біртіндеп қалыпқа түсіп келе жатқанын үндеудің негізгі мақсаттарынан аңғаруға болады. Қазақ қашаннан діндар халық, сан ғасырлық тарихына көз салсақ, дәстүр мен дінді бірінен бірін алыс ұстамаған, керісінше құстың қос қанатындай тең ұстаған.

Берекелі Рамазан айының тәлім-тәрбиеге толып тұрғандығын, жасаған жақсылықтарының сауабы еселеніп, Жаратқан Иеміздің жарылқауына ие болатын ай екендігін назарымыздан бір сәтте шығармауымыз керек.

Рамазан айында қоғамдық көліктердің жол ақысы арзандатылса, күнделікті тұтынатын заттарға жеңілдіктер жасалса, асханаларда ауызашар мезгілінде қайырымдылық істер ұйымдастырылса, ұжымда, құрылыс салаларында ауыз бекіте жүріп, жұмыс істейтін бауырларымызға құрмет көрсетілсе деген ұсыныстар өте орынды.

Осы жылғы қасиетті Рамазан айындағы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының үндеуінде елдің көкейіндегі көп сұрақтарға нақты жауап бар дер едім.

Тек ел болып дәстүрлі Ислам дінінің өрістеуіне үлес қосайық! Жаратқан Иеміз ұстаған оразаларымызды, құлшылық ғибадаттарымызды сауаптан жазсын!

Тоба Өтепбаев,
Арқалық қаласы
Published in Жаңалықтар

Қасиетті дініміз жер бетіндегі халықты ұлтына, түр-түсіне қарамай береке-бірлікке шақырғанына бірнеше ондаған ғасыр өтті. Кешегі Кеңес заманында дініміз қуғынға түсіп, талай діни шамшырақтарымыз жазықсыз жапа шекті.

«Киелі зат иесіз болмас» деген. Асыл дініміз ел тәуелсіздігімен ортаға қайта оралды. Осыдан 28-30 жыл бұрын о дүниелік адамның жаназасын оқитын діни сауатты адамда болмағаны анық.

Аллаға шүкір, бүгінде Ислам діні күн санап өркен жайып келеді. Мешіттер мен медреселер бой көтерді. Халқымыз, әсіресе жастарымыз имандылыққа бет бұрды. Адалдыққа, қайырымдылыққа, береке-бірлікке, достыққа, имандылыққа шақырған діни үгіт-насихат жақсы жолға қойылған.

Кешегі соғыс кезінде, одан кейінгі қиын кезеңдерде біздің қазақ халқының береке-бірлігі, ағайынға жаны ашу, қайыр-қайырымы мол еді. Тіпті діні басқа өзге ұлтты да бауырына тартып, бір үзім нанын бөліп бергенін көзіміз көрді.

Ол кездерде кісі ақысын жеу, қайыр жасамау күнә саналатын. Өкінішке орай, бүгінде басымыз бүтін, жағдайымыз жақсы, отбасымыз аман бола тұра қоғамда кездесетін өзгені емес, өз басын, өз құлқұнын ойлаушылар саны көбейіп келеді.

Жағдайы жоқ қаріп-қасірге, жетім-жесірге көмектескеннен гөрі, орынсыз шығын шығарып, мақтаншылықпен атын шығаруды артық көретін мұсылман баласын көргенде қарның ашып, көңілің қалады.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың мына бір сөзі ойға оралады. Ол қажылыққа бірнеше мәрте барған Қарқаралық азаматтарға: «Басқа елдің қарып-қасірін жарылқағанша осы өз еліңдегі жоқ-жұқаналарды неге жарылқамайсың» деп айтқан екен. Жағдайы бар адам Алланың ризалығы үшін мүмкіндігі шектеулі, қаржысы аз, бала-шағасы көп адамға көмектессе қасиетті Рамазан айында үлкен сауап болар еді.

Асыл дінімізді құрметтейік, береке-бірлігімізді сақтайық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің Қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа үндеуі тек бір күннің, бір айдың үлесінде қалмай, келешекте оқу орындарында, қоғамдық ұйымдарда, қарттардың кеңестерінде талқыланып, түсіндіріліп жатса имандылық жолындағы ісіміз алға баса берер еді.

Шөптібай Байділдин,
Арқалық қаласының құрметті азаматы
Published in Жаңалықтар

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жазушы, аудармашы, дінтанушы Уаһап Қыдырханұлын қабылдады.

Кездесуде Құран аудару мәселесі сөз болды. Жазушы қасиетті Құранды аударудың мәні мен маңызы жайлы ойларымен бөлісті. «Құранның тілі ұғынықты болса, халық тез түсініп, иманға келеді», – дейді аудармашы У.Қыдырханұлы.

ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы жуырда Діни басқарманың бастамасымен Құранның сөзбе-сөз аудармасы шыққанын тілге тиек етті.

«ҚМДБ жанынан аудармашылар мен жазушылар тобын құрдық. Тек Құранды ғана емес, түрлі имани тақырыпта жазылған құнды кітаптарды қазақ тіліне аударуды жоспарлап қойдық. Жылына 10-15 кітап пен кітапшаларды аударып, халыққа тарату ойымызда бар», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

www.muftyat.kz

Published in Жаңалықтар

Жұртшылыққа «Нұр Астана» мешітінің атынан алыс қашықтықтағы «Астана - Мекке» бейбітшілігінің марафоншысы Дулат Иман қажы Қостанай өңірінде де болды.

Ол облыс орталығына келмес бұрын Денисов аудандық «Жұма» мешітінде болып, мешіттің бас имамына өзінің сапары туралы әңгімеледі. Мақсат-мұраты жайлы айтты.

Аталмыш мешіттің бас имамы Ерік Ыбырай Дулат бауырымызға ақ батасын берді. Қасиетті қажылықтан, яғни Меккеден туған жерге аман-есен оралуына шын жүректен игі ниетін білдірді.

Облыс орталығына ат басын бұрғанда Марал ишан мешітінің наиб имамы Ғалымжан Маханбет өзінің мұсылмандық парызын орындауға аттанып бара жатқан қандасымызға ақ жол болсын деп батасын берді.

Қостанай өңіріндегі барша мұсылмандар қауымы оның осынау өзгелерге өнеге боларлық қадамына дән риза. Сондай-ақ сапарының сәтті болуына қашан да тілектес.

ҚМДБ-ның Қостанай облысы
ндағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Published in Жаңалықтар

Екатеринбург қаласындағы Урал мемлекеттік университеті кітапханасының оқу залында бүгін Құран Кәрімнің түрлі үлгілері ұсынылатын «Қасиетті кітап сырлары» көрмесі өтуде.

Көрмеде қонақтар мұсылман әлемінің қасиетті қолжазбасының Сирия, Палестина, Иран және өзге де елдерден, сондай-ақ татар басылымдарынан шыққан Құранның төңкеріске дейінгі кезеңдегі және XVIII ғасырдағы тамаша қолжазба үлгілерін тамашалайды.

Алдын ала ақпарат бойынша көрменің ашылуына сәйкес Құранды көркем оқудан мастер-класс өткізіледі деп хабарлайды Интерфакс. Аталмыш көрме 2 аптаға созылады.

ummet.kz-ақпарат

Published in Жаңалықтар

Құрметті мүфти хазірет!

Қазіргі таңда Сирияда жалдамалы әскер мен Азия, Еуропа, Америка және Африка елдерінен келген еріктілер өкімет әскеріне қарсы ұрыс жүргізуде.

Халқының басым көпшілігі сүнниттер болып табылатын араб мемлекеттері сириялық көтерілісшілердің Башар Асад басқарған алауилер режиміне қарсы күреске діни тұрғыдан баға береуде. Өкінішке орай, сол себептен радикалдық көзқарастағы кейбір азаматтар Сирияға барып өкіметке қарсы соғысуды «дін үшін күрес» деп түсініп, оны өздері үшін міндет деп біледі. Сонымен қатар белгілі деңгейде діни сауаты жоқ кейбіреулер Сириядағы соғысқа қатысты әр түрлі пәтуалар беруде. Осындай сауатсыз пәтуалар Сириядағы алауыздықты одан әрі өршітері анық. ҚМДБ-ның осы мәселге қатысты пікірі қандай?

Жауап:

بسم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله رب العالمين و الصلاة و السلام على سيدنا محمد وعلى آله وأصحابه أجمعين أما بعد

Рақымды, Мейірімді Алла Тағаланың атымен!
Әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға мақтау болсын!
Жаратылыстың абзалы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына және Қияметке дейінгі олардың іздеріне ергендерге Алла Тағаланың сәлемі мен салауаты болсын!

Қазіргі таңда бауырлас Сирия халқы елдегі қантөгіс пен қирату істерінің дереу тоқтатылуын қалайды. Сондықтан мұсылман халқына жаны ашыған адам ондағы апатты жағдайдың доғарылуына барынша болысуы тиіс.

Қазірде біз түрлі қарулы топтардың Сирияның өкімет әскеріне қарсы соғысып жатқандығын білеміз. Ол топтардың басқару орталығы жоқ әрі әрбір топ тек жеке мүддесін көздеуде. Тіпті сол топтардың өзара келіспеушіліктері мен қақтығыстары болып жатады. Сондықтан да біз өз тарапымыздан жастарымыздың мұндай бұзғыншылыққа араласпауын қалаймыз.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың өзара соғысуын күпірлікке апарар жол деп есептеп, оны Ислам дәуірінен бұрынғы надан арабтардың әрекетімен салыстырған. Өйткені олар болмашы нәрсе үшін бір-бірінің қанын төгіп, соғыс бастайтын.

Алла Елшісі (с.а.с.) сондай бүліктерден сақтандырып, артындағы үмбетіне мынадай өсиеттер айтып кеткен: «Мұсылманды сөгу – пасықтық. Ал оны өлтіру − күпірлік».[1]

«Менен кейін бір-біріңді өлтіріп кәпір болмаңдар».[2]

Алла Елшісі (с.а.с.): «Бір мұсылман өзінің мұсылман бауырымен шайқасса, олардың екеуі де тозақ табалдырығында тұрады. Егер олардың бірі екіншісін өлтірсе екеуі де тозақы болады», − деді. Сонда адамдар: «Уа, Расулулла! Өлтірген адамның жайы түсінікті. Өлген адамның жазығы не?» − деп сұрады. Расулулла (с.а.с.): «Өйткені ол да өз бауырын өлтіруді қалаған еді», − деп жауап берді».[3]

Осы себептен Алла Елшісі (с.а.с.) өлім немесе соғысқа алып баратын әрбір іске тыйым салған. Тіпті бір-біріне қару кезенуге де қатаң тыйым салған.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Өз бауырларыңа қаратып қару кезенбеңдер! Себебі шайтан оның қолын тайдырып, соның нәтижесінде ол тозақ орына түсіп кетуі мүмкін».[4]

Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде былай дейді: «Тіпті туған бауырына қарай темір кезенгенді, сол ісінен тыйылмайынша періштелер оған қарғыс айтады».[5]

Сонымен бірге мұсылман мұсылман бауырын шошытуына да болмайды.[6]

Өлім күнәсі тек өлтірген адамға жүктелмейді. Өлімге сөз немесе ісімен болысқанның бәрі өз үлесіне қарай Алла Тағаланың жазасын алады. Тіпті сол өлімді тамашалап тұрғанның өзі күнә істеген болып саналады.

Бұл мәселеге қатысты бір хадисте былай делінген: «Нақақтан қан төгу қылмысы орын алып жатқан жерге ешкім бармасын. Ал сол жерде бола тұрып қорғамаған адамға Алла Тағаланың қарғысы болады».[7]

Сириядағы бейбітшілікті қалпына келтіру шаралары бүкіл мұсылман үмбетінің шынайы жанашырлығын талап етеді. Ондағы зорлық-зомбылық пен даулы мәселелер бейбітшілік жолымен шешімін табуы тиіс.

Еліміздің мұсылмандары Алла Тағаладан бауырлас елдегі қантөгістің тоқтатылуын, онда бейбітшілік пен тыныштықтың орнауын тілейді.

والله أعلم بالصدق والصواب
ҚМДБ, Шариғат және пәтуа бөлімі
Published in Пәтуалар

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником