Қазіргі таңда, әлемнің әр түкпірінен мұсылмандар қауымы Аллаһымыз парыз еткен қажылық сапары, қасиетті Меккеге аттануда.
Мекке – Пайғамбарлар жүрген мүбәрак мекен. Мойынсұнған мұсылманды фәни мен бақи дүниенің бақытына бөлейтін қасиетті Құранның аяты аян болған берекелі де бейбіт қала. Қасиетті Қағба – күллі мұсылман жүзін бұрып, сәждеге бас қоятын Аллаһтың үйі. Қажылық – адамға ұл, Құдайға құл болған барша мұсылманның арманына айналған құлшылық. Мүмкіндігі болған пендеге парыз амал. Көзбен көріп, жүрекпен сезбей, көп сөзбен жеткізу әсте мүмкін емес.
Бұл ұлы ғибадат еліміздің бес мыңға жуық отандас азаматтарына, олардың ішінен қостанайлық жиырма екі бауырларымызға да нәсіп болды.
Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің өкілдері ұлы сапарға аттанушы азаматтарға Аллаһ тарапынан жасаған қажылықтары қабыл болуын тілеп, игі жолға шығарып салды. Қажылыққа аттанушылар да мешіт басшылығына және қажылыққа дайындаған Қостанай облысы Қажылар қауымдастығының төрағасы, ҚМДБ-ы «Зекет қорының» Қостанай облысы бойынша өкілі Жақсылық қажы Ғайсаұлына өз ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Асыл дініміз Исламға еш қатысы жоқ, өзге ағымдардан сақтану жайлы қалалық насихат тобы әсіресе жастармен жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде. Сондай кезекті басқосу қалада қыркүйек айының екінші онкүндігінде өткізілді. Мешіт қызметкерлері ішкі саясат бөлімімен бірлесе отырып, студенттермен кездесті. Кездесуге арнайы Қостанай қаласынан «ҚР Тәжірибе жүргізуші психологтар қауымдастығы» басшысы Калюжная Юлия Амантайқызы келді.
500-ден артық институт және колледж тәлімгерлерін қамтыған келелі кездесу Ы.Алтынсарин атындағы гимназия залында өтті. Мұнда «Ислам бағытындағы діни ағымдардың болмыстары мен зияндары» жайында әңгіме өрбіді. Алғаш болып сөз алған «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уәлиев жиналған студенттерге – жастар еліміздің болашағы, басты құндылығымыз екенін айтып, әрқандай діни ағымдардың арбауынан қорғану керектігін, қоғамда болып жатқан құбылыстардан мысал бере отырып, олардың мемлекетіміздің тыныштығына, отбасының берекесіне, жалпы адам санасына тигізіп жатқан кері әсерлері жайлы кеңінен мағұлмат берді. Сондай-ақ ел тәуелсіздігіне сызат түсірмей, «Мәңгілік ел» идеясына қолдау білдіріп, ағым-секталардың жетегінде кетпей, өз Отанын сүйіп, діні мен тілін ардақтап, халқымыздың құнды байлығы – дәстүрімізді дәріптейтін намысты да жігерлі болайық деп жүрекжарды тілегін айтты.
Кейін Саян Қосжанов «Уаһабилер ұстанымы» жайында жастарға орыс тілінде мазмұнды түсінік берді. Кездесуден көкейлеріне көп насихат түйген, студенттер өз пікірлерін айтып, ойларындағы көптеген сауалдарға жауап алды.
1. Зікірді (Алланы еске алуды) көбейтіңіз
Алла тағала Қасиетті Құранда былай деген:
«Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» (13;28)
2. Намаздарды көбейтіңіз
«Әй мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бipгe» (2;153).
Кейінгі зерттеулер медитацияның, оның қандай болғанына қарамастан, адамға жасайтын физиологиялық ықпалын дәлелдеді. Бұл медитациялардың көп түрі ойдың бір нәрсеге шоғырлануы, кейбір сөздерді қайталау және тыныс алу арқылы жүзеге асырылады (Гринберг, 142, 143 б.).
3. Дәрет алыңыз
Релаксацияның маңызды құрамдас бөлігін Ханс Лоер «жетістік әдеті» деп атады. Бұл әдеттер өте жеңіл, мысалы, дәрет алу. Сонымен қатар, олар тиісті түрде орындалуы тиіс: денедегі керекті жерлерге су тигізу жеткілікті емес – оға қоса ол жерлерді уқалау қажет.
4. Кешірім тілеу
Адам жаман еш нәрсе істемеген жағдайдың өзінде, кешірім тілеуі керек.
«(Сондай-ақ оларға): “Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол, өте жарылқаушы”» (71:10).
5. Құран оқыңыз
Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Құран ақыл дертіне қарсы құрал» (Бухари).
Доктор Гринбергтің айтуы бойынша: «Дауыстық жаңғырықтың щипалық әсері бар, және қазіргі таңда кең қолданысқа енуде. Құранды қайталау немесе тыңдау біздің ағзамызға, жүрегімізге, және ақылымызға әсер етеді». Сонымен қатар зерттеулерге сәйкес, «Әлиф» әрпі жүрегімізбен, «Йә» әрпі миымыздағы домалақ безбен үндеседі екен.
Акбер клиникасының дәрігері Ахмад аль-Кади (Панама сити, Флорида) Құран тыңдаудың адамның физиологиясына (жүрегіне, артериялық қысымына, бұлшық еттерінің қүш салуына және т.б.) әсері жайлы зерттеу жүргізіп, нәтижесін жарыққа шығарды. Ол аталған факторлардың тыңдаған адам мұсылман немесе араб, болып болмауына қарамастан, тәуір бола бастағанын айтады. «Тыңдаған нәрсесін түсініп, Құранға сеніп рахаттанған адам неғұрлым пайда алатыны анық болды» - дейді доктор Атар.
6. Келесі өміріңізді өзіңіздің басты мәселеңізге айналдырыңыз
Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Бұл дүниені өзінің басты мақсаты қылған адамның ұмтылысын Алла тағала жояды және көкірегіне үрей ұялатады , ол адам бұл дүниеден тағдырында барына ғана қол жеткізеді. Ал келесі дүниені өзінің басты мақсаты еткен адамның жүрегін Алла тағала молшылық сезімімен толтырады, бұл дүниенің байлықтары, ол адам қаламаса да, өздері келеді».
Бүгінгі таңда күйзелістің басты себептерінің бірі ақша болып табылады: төлемдерді қалай төлеу, жұмысымнан айрылып қалмаймын ба, әкесі қайтыс болса, жанұямен не болмақ және т.с.с.
7. Жағымды ойлаңыз
Мұсылмандар өткен жаман кезеңдерді ұмытып, жақсылыққа үміт етіп, ізгі нәрселерді ойлау керек. Өткен өмірді өзгертуге тырысу – пайдасыз уақыт кетіруден басқа ештеңе емес. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай, «егер де» сөзі шайтанға жол ашады. Сонымен қатар, Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Біліңдер, жеңіс сабырдан кейін келеді, жеңілдік қиындықтан кейін келеді».
Мұсылмандар қиын кезеңде дүрбелеңге түсудің қажеті жоқ екенін жақсы түсінеді: бұл қамығу мен уайымның себебі емес, өйткені біз, әр қиындықтан кейін жеңілдік болатынын білеміз.
8. Уақытыңызды қорқыныш пен күйзелісті ойлауға кетірмеңіз
Уақыт таба алмау – күйзелістің ең жиі себептерінің бірі (Seyle, 102 б.). Еріншектік барлық жамандықтың кепілі, Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) одан Алла тағаладан пана іздеуге шақырды. Мұсылмандар өмірдің қысқа екенін, уақыттың бағасыз екенін түсіну керек: біз тыңбай еңбек етіп, тиісті білім алуға тырысуымыз керек.
Ағылшын тілінен аударған Azan.kz
Darulfiqh.com
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы Пайғамбарлардың (ғ.с.) ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінді берік ұстануға шақырады. Мұсылмандар Жаратушының разылығына жету үшін құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырласу сезімдерін күшейтетін маңызды күндер. Бұл күндер Алланың момын құлдарына берген сый-сыяпаты. Биылғы жылы Құрбан айт мейрамының бірінші күні қазан айының 4-не тұспа-тұс келіп тұр. Алла Тағала барша мұсылман үмметі үшін осынау қасиетті күндерді берекелі әрі сауап таптыратын күндерден қылғай!
«Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны береді. Бұл мейрамның «айт» деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Ал «Құрбан» сөзі араб тілінен аударғанда «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Бұл күндердің ұлықтығы сол – адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады.
Құрбан шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл ғибадат арқылы Аллаһтың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Сондықтан да құрбан шалынып жатқанда «Аллаһумма минкә уә ләка» (Уа, Алла Тағалам, бұл мал Сенен келді, Саған барады) деген дұғаның көбірек айтылуы тегін емес.
Айт мерекесінің тарихы және айт намазы
Айт мейрамының тарихына келер болсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдинаға көшкенде, жергілікті адамдардың жыл сайын тойлайтын екі күні болатын. Аллаһ Тағала сол екі күнді ораза және құрбан айт мейрамдарымен алмастырған.
Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Жәһилият кезінде адамдардың әр жылы тойлайтын екі күні болған еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екі күнді, бұлардан да жақсырақ басқа бір екі мейраммен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни ораза біткен күн) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалатын күн)»,-деді»,-деген. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы екі мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған.
Ораза және құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.
Умму Атия (р.ғ.): «Бізге айт күні шығуға, (яғни айт намазына) әмір етілетін. Тіпті шымылдықта отыратын қыздарды да, етеккірі келген әйелдерді де шығаратынбыз. Олар адамдардың артында олардың тәкбірлерін қайталап, олардың дұғаларымен дұға етіп, сол күннің берекесі мен тазалығынан үміт ететін»,-деген.
Айт намазының уақыты – сәске (духа) намазының уақыты. Айт намазын күн найза бойы көтерілгеннен бастап, тал түске жеткенге дейінгі аралықта оқуға болады.
Айт намазының оқылу тәртібіне келер болсақ айт намазы екі рәкағаттан тұрады. Таң және жұма намаздарының парыздары секілді айт намазы да жария оқылады. Бірақ айт намазына азан да, қамат та айтылмайды.
Ата (р.ғ.): «Ибн Аббас және Жәбир ибн Абдуллаһ: «Ораза айты күні және құрбандық күні азан айтылмайтын еді»,-деген»,-деді.
Басқа бір хадисте Ибн Аббас (р.ғ.): «Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) отбасын айт күні шығарғанды жақсы көретін. Біз (айт намазына) шықтық. Ол (с.ғ.с.) азансыз және қаматсыз намаз оқыды. Сосын адамдарға құтпа жасады»,-деді.
Азан мен қаматтың орнына адамдар «Әссалаһ жәмиға» деп шақырады. Басқа намаздардан айырмашылығы айт намазында қосымша тәкбірлер айтылады. Бірінші рәкағатта сәнә дұғасынан кейін үш тәкбірді имаммен бірге қайталайды. Әр тәкбірді айтқанда қолын көтеріп, қайта түсіреді, қолын түсірген кезде байлаудың қажеті жоқ. Әр тәкбірден кейін имам өзіне ұйып тұрғандар тәкбір алып болғанша үнсіз тұрады. Осы аралықта «Субхана Аллаһ, уәл хамду лилләһ. Уә лә иләһә иллаллаһ» деп айтса да болады.
Екінші ракағатта зәм (қосымша қысқа сүре) сүресін оқып болғаннан кейін рукуғке бармай тұрып, алғашқы рәкағаттағыдай тағы да үш рет тәкбір алады. Сосын барып рукуғке барады.
Ибн Масғұдтан (р.ғ.) айт намазының тәкбірлері сұралғанда, ол: «(Бірінші рәкағатта) Құран оқығанға дейін (алғашқы тәкбірге үшеу қосып) төрт тәкбір айтасың. Одан кейін Құран оқисың. Оқып болған соң (тағы да) төрт тәкбір айтасың»-деген.
Құрбан айт намазы мен ораза айт намазы екеуі бірдей оқылады, екеуінің айырмашылығы жоқ.
Айт намазының алдында нәпіл намазын үйде де, мешітте де оқу мәкруһ. Айт намазынан кейін мешітте нәпіл намазын оқу – мәкруһ. Ал үйде оқуға болады. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазынан бұрын да, кейін де басқа намаз оқымаған.
Айт намазынан кейін құтпа оқу – сүннет әрі ол жұма намазының құтпасымен бірдей. Бірақ айт намазында құтпаны намаздан кейін оқиды. Яғни, имам айт намазын оқып болғаннан кейін, мінберге шығады да, отырмастан бірден құтпа айтуға кіріседі. Бірінші құтпаны тоғыз тәкбірмен, екінші құтпаны жеті тәкпірмен бастап, бас-аяғы он төрт тәкбірмен аяқтау сүннет.
Құрбан айттың бірінші күні
Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні» – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде.
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдынан шығады»,– десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар»,– деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегеліп айтқан.
Құрбан айт мерекесін атап өту үлгісі
Жақсылап ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін әдемі, таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдуллаһ ибн Амр ибнул-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан (айт) күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі:
– «Уа, Алланың Елшісі! Менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ, сол малдан бауыздауыма бола ма?», – деп сұрады. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін қырынғаның да жеткілікті. Бұл Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең», – деді.
Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу міндеттелген жандар құрбандықтарын шалып, етін тиісті адамдарға таратады.
Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскен жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көршілеріне, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылылықтары мен сыйласымдықтарын барынша арттырады.
Құрбандық шалу
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Қасиетті Құранда: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалудың үкімі – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және Құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын! » – деп бұйырған. Әрине, бұндай қатаң ескерту, кем дегенде, құрбан шалудың уәжіптігін білдірсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың уәжіптігіне қайшы емес. Өйткені хадисте айтылған «сүннет» сөзі – «жол» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бізге уәжіп ретінде міндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнен (ғ.с.) жалғасып келе жатқан жолы деген мағынаны меңзейді.
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы; Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қылкөпірден өтердегі өз көліктерің».
Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандықтарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Себебі шалынған малдың еті немесе қаны Алла Тағаланың құзырына жетпейді. Бірақ біздің Жаратушы Жаббар Иеміздің әміріне, «ләббайк» деп құлдық ұрып орындауымыздағы ықылас-ниетіміздің Алла Тағалаға жетіп, ризашылығына себеп болары сөзсіз.
Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені мұнда мәжусилерге (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат – Алла Тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниеті мен тақуалығының негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37).
Құрбандық шалған кезде мына нәрселерге де назар аударған жөн: Құрбандық шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу және ол жерге малды ұрмай-соқпай апару. Құрбандық малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу. Төменде келтірілген аяттарды мал бауыздалмай тұрып оқыған абзал: «Шынайы түрде жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаға қараттым және мен мүшріктерден (пұттарға табынушылардан) емеспін». (Әнғам сүресі, 6/79) «Айт: «Расында менің намазым, құрбандығым (түрлі ғибадаттарым), өмірім мен өлімім әлемдердің раббысы Аллаһқа арналған. Оның серігі жоқ. Маған айтылған бұйрық осы және мен мұсылмандардың біріншісімін». (Әнғам сүресі, 6/162-163).
Осы аяттар оқылғаннан кейін немесе бұл аяттар мен дұғаларды білмесе «Иә, Алла Тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (с.ғ.с.) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» деп, яки осыған ұқсас дұға оқуға болады. Кейіннен «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше жалаңдатып пышақ қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Малды құбылаға қарата жатқызғаннан кейін оң қолымен «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туысқа, бай болса, көршілеріне, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратқан абзал.
Ташриқ күндері және ташриқ тәкбірлері
«Ташриқ» деп, етті күннің көзіне жайып кептіруді айтады. Айттан кейінгі үш күнде құрбандыққа шалынған малдардың еттерін күнге кептіру әдетке айналғандықтан, бұл күндер ташриқ күндері деп аталып кеткен.
Алла Тағаланың: «Санаулы (ташриқ) күндері Аллаһты еске алыңдар!» («Бақара»: 203) бұйрығына байланысты ташриқ тәкбірін айту балиғатқа толған әр мұсылманға уәжіп.
Ташриқ тәкбірлерінің уақыты имам Әбу Ханифа мазһабында тоғызыншы зүл-хижжа Арафа күнінің таңында басталып, он үшінші зүл-хижжаның екінді намазымен (қазан айының 3-күні таң намазынан басталып, 7-күні екінді намазынан кейін) шығады. Яғни жиырма үш парыз намаздардың соңында айтылады. Ханафи мәзһабінің ташриқ тәкбірлерінің уақытына қатысты ұстанатын пәтуәсі - Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің көзқарасына негізделеді. Жәбир (р.ғ.) былай деді: Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Арафа күні таң намазын оқыған соң, сахабаларына бұрылып: «Орындарыңда қалыңдар!»-деді және: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лиллаһил хамд» сөздерін айтты. Осылайша, Арафа күнінің таңынан соңғы ташриқ күнінің екінді намазына дейін тәкбір айтатын (Ад-Дарақутни жеткізді).
Ташриқ тәкбірін мейлі жамағатпен, мейлі жалғыз атқарылған әр парыз намазының артында ер адамдарға да, әйел кісілерге де бір мәрте айту уәжіп. Бұдан көбірек айту мустахап. Ер адамдар тәкбірді көтеріңкі дауыспен, ал әйел кісілер іштерінен айтады. Айт намазы мен үтір намазынан кейін айтылмайды. Сол секілді тұрғылықты кісіге де, жолаушы кісіге де парыз намазынан кейін ташриқ тәкбірін бір мәрте айту уәжіп. Намазға кешігіп қосылған кісі де өткізіп алған рәкәттәрін толықтырған соң тәкбір айтады. Ибн Омар мен Анас ибн Мәлик, Алла Тағала оларға разы болсын, Арафа күні таңертең Минадан Арафаға барғанда жолаушы бола тұра ташриқ тәкбірлерін айтатын (Әл-Байһақи жеткізді).
Ташриқ тәкбірінің бейнесі: «Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар. Лә иләһа илләллаһу Аллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уа лилләһил-хамд».
Арафа күні
»32. Ал енді жалпы «Арафа» сөзінің мағынасына келер болсақ, «танысу» дегенді білдіреді. Яғни адамзаттың атасы Адам мен Хауа ананың жер бетіне түсіп, Арафат тауында табысқан күні. Зүлхижжа айының 9 жұлдызын Арафа күні дейміз. Бұл күні қажылық рәсімдерін атқарып жатқан жандар үшін Меккеден 20 шақырым жерде орналасқан Арафат тауында бір мезет болса да тұру парыз болып есептеледі. Қасиетті тауға аяғы тиген әр пенде Жаратқанға барынша жақындағандай, жүздескендей күй кешеді. Алла тағала да олардың тілек-дұғаларын қабыл алады, күнәларын кешіреді.
Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қажылық дегеніміз – Арафат. Кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады»,-деген. Демек, кімде-кім Арафат тауында бір сәт те тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болып саналады екен.
Арафа күнінен кейін, Зүлхижа айының 10 жұлдызында Меккеге барған тәуапшылар қажылық парызының соңғы міндетін – Құрбан айт мейрамының шарттарын орындауға кіріседі. Бұл күндері қажылармен бірге, бүтін мұсылман қауым Алла разылығы үшін құрбандық шалады.
Сонымен қатар зүлхижжа айының алғашқы тоғыз күнінің артықшылығы жайлы Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) сөзінде былай деп баяндалған: «Алла Тағала ізгі амал істелген күндердің ішінде осы күндері (яғни, Зүл-хижжәнің алғашқы он күнінде) істелгенін ерекше жақсы көреді», - деп айтты. Адамдар: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с.)! Осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болғаны ма?», - деп сұрағанда Расулуллаһ (с.ғ.с.): «Адам баласы Алла Тағала жолына өз жаны мен малын құрбан етіп, жан тапсырған болмаса, осы күндерде істелген ізгі амал басқа күндері Алла Тағала жолында соғысудан артық болады», - деп жауап берді.» (Хадисті Ибн Аббастан (р.ғ.) имам Бухари риуаят етті).
Құрметті мұсылман кауым! Осы хадисте баяндалғандай зүлхижжа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстайтын болсаңыз, үлкен сауап болатындығын ұмытпағаныңыз жөн.
2014 жылдың Зулхижжа айының 9 күндік нәпіл оразасы
Мезгілі | 25.09 | 26.09 | 27.09 | 28.09 | 29.09 | 30.09 | 01.10 | 02.10 | 03.10 |
Сәресінің аяқталуы | 05:24 | 05:25 | 05:27 | 05:29 | 05:31 | 05:33 | 05:34 | 05:36 | 05:38 |
Ауыз ашар уақыты | 19:47 | 19:44 | 19:42 | 19:39 | 19:37 | 19:34 | 19:32 | 19:30 | 19:27 |
Осынау құрбан айт күндері Алла Тағаланың берген ырыздықтарының шүкіршілігі ретінде келген меймандарға молынан дастархан жайып, пейілімізді тарылтпай, Аллаға ұнамсыз арақ ішу, жанжалдасу, бұзықтық жасау сияқты күнәлі әрі сауаптан құр қалдырар іс-әрекеттерден аулақ болған жөн. Сондықтан құрбан айт күндерін өз дәрежесінде қасиеттілігін ұғынумен өткізу әрбір мұсылманның міндеті. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, өркениетті, айбынды, дамыған мемлекеттердің қатарында бой түзеттіріп, Ислам дініне деген бет бұрысымызды одан әрі ынталандырып, екі дүние абырой сағадатына жетуді насіп етсін!
Ескерту:
Жылдағы үрдіс бойынша Қостанай қаласының тұрғындары құрбандықтарын Затобол кентіндегі Әулиекөл әрі Сарыкөл аудандарына шығатын жол торабының ортасында орналасқан «Ақ ниет» базарында шалатын болады.
Асылхан қажы Мұханбетжанұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы
Әлемде миллиондаған адамдарға Меккеден артық мәртебелі, қасиетті жер жоқ шығар. Объективті көзбен қарасақ, Хиджаз алқабындағы Аравия жер бетіндегі ең танымал мекен болып табылады.
Мыңдаған адамдар Қағбаны жиырма төрт сағат бойы айналып жатады. Қасиетті Қағбаның суретімен миллиондаған үйлер ашекейленіп, күніне бес рет миллиардтаған адамдар оны тамашалайды. Бұл ғимарат адамзат тарихындағы ең танымал жерлердің бірісінің ортасында орналасқан.
Назарларыңызға Қағба туралы қызықты жайттарды ұсынамыз:
10. Қағба бірнеше рет қайта тұрғызылған
Бүгінгі таңда көріп отырған Қағба Ибрахим (а.с.) мен Ысмайыл (а.с.) пайғамбарлар салған ғимаратқа мүлдем ұқсамайды. Уақыт өте келе табиғи және техникалық апаттарға байланысты ол қайта құруды қажет етіп тұрды. Пайғамбарымыз Мұхамедтің заманында оған пайғамбарлық міндеті келмей тұрып Қағбаның күрделі қайта құрудан өткені бәрімізге белгілі. Бұл пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Қара Тастың астына мата қойып, сол арқылы әр тайпаның көсемі көтере алатындай етіп ұсыныс жасап, үлкен қантөгісті болдыртпаған оқиғасымен дәлме дәл келеді. Сол кезден бастап күрделі құрылыс жұмыстары бірнеше жүзжылда бір рет өткізілетін болды. Соңғы құрылыс 1996 жылы өткізіліп, үлкен жұмыстар атқарылды: тастары, шатыры ауыстырылып, іргетасы бекітілді.
9. Алғашында оның екі есігі және терезесі болатын
Алғаш кезде Қағбаның кіруге және шығуға арналған екі есігі, сонымен қоса терезесі бар еді. Қазіргі Қағба терезесіз тек бір есігі бар.
8. Қағба түрлі түсті еді
Алтын өрнектермен ашекейленген қара түсті Қағбаға көзіміз әбден үйреніп, оны басқа түсте елестетуімізге қиын болар. Оны қара түспен жабу дәстүрі Аббасидтер кезінде келді. Оған дейін Қағба әр түрлі түстермен, соның ішінде жасыл, қызыл және ақ түсті болатын.
7. Оның кілті тек бір ғана әулеттің иелігінде
Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында Қажылықтың әр рәсімі құрайыштықтардың белгілі бір топтарының қол астында болатын. Бір топтан басқасының барлығы бұл құзырдан айрылып қалады. Мекке алынғаннан кейін Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) кілтті өзіне алып қалудың орнына Бани Шаиба әулетінен шыққан Осман ибн Талхаға ұсынады. Бұл әулет көптеген жылдар бойы Қағбаның қорғаушысы болып келеді, пайғамбардың өзі кілтті ұсынған кезде «Уа, Бани Талха бұны ал, әділетсіз, зұлым басшы келмесе , Қиямет күнге дейін сендер оны иелік етесіңдер» деу арқылы өзі Қағбаның кілтінің иесін тағайындап кеткен іспетті.
Қазіргі күнге дейін, халифтар, сұлтандар мен патшалар сияқты жоғары лауазымды тұлғалар пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сөздеріне бойсұнып,Қағбаға кіру үшін бұл кішкентай меккелік жанұядан рұқсат сұрайды.
6. Қағба есігі барлық адамдарға ашық еді
Осы уақытқа дейін барлық қалаған адамдар аптасына екі рет Қағбаның ішіне кіріп, намаз оқуларына мүмкіндіктері бар еді. Алайда, қажылыққа барушылардың санының өсуіне және басқа да факторларға байланысты, оның есігі жылына екі рет жоғары лауазымды тұлғалар мен ерекше қонақтар үшін ғана ашылады.
5. Айналасында жүзуге тура келетін де күндер болды
Қағбаның шешілмеген мәселелерінің бірі, оның алқаптың төменгі жағында орналасқандықтан жаңбыр кезінде жиі су басып кететіні еді. Су тасқындарымен күресетін су құбырлары жүйесі ретке келтірілгенге дейін, Меккеде су тасқындары жиі орын алатын құбылыс еді. Тіпті, бірнеше күндер бойы Қағба жартылай суға батып тұрған кездер де болған. Әрине, бұл құбылыс оны тәуәп етуге ниеттенген қажылық етушілерді еш тоқтатпады. Олар не істеді десеңіз? Жай ғана айналасында жүзіп жүрді.
Заманауи құрылғы мен технологиялар бұл мәселені шешуге көмектесті, бұндай құбылысты қайта көруіміз екі талай. Дегенмен...
4. Қағбаның ішінде оның қайта тұрғызылуына ат салысқан басшылардың есімдері жазылған
Ұзақ уақыт бойы көптеген адамдар Қағбаның ішкі көрінісін көруге қызығушылық білдіретін еді. Ішінде болған адамдардың сипаттамаларының рас-өтірігі белгісіз. Бұл бір бауырымыздың Қағбаның ішіне бейне таспамен кіруге қол жеткізгенге дейін орын алды. Таспаның сапасы нашар болғанына қарамастан қызығушылығымызды қандырдық десек те болады. Қазіргі таңда Қағба іш жағынан мәрмәрмен, жоғарғы қабырғалары жасыл шұғамен қапталған. Тақтайшаларда барлық ел билеген басшылар мен оның қайта тұрғызылуына ат салысқан тұлғалардың есімдері жазылған.
3. Расында Қағба екеу
Қағбаның дәл төбесінде, аспанда оның көшірмесі бар. Ол Құранда және Пайғамбарымызбен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын )айтылған болатын. Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Миғраж сапарын баяндаған кезде былай деген: « ... Одан кейін маған әл-Бәйт уль-Маъмур (Алланың Үйі) көрсетілді. Мен Жәбірейілден «Бұл не?», - деп сұрағанымда ол: «Бұл әл-Бәйт уль-Маъмур. Күніне жетпіс мың періште бұл жерде құлшылық жасайды, олар бір қайтқанда екінші қайта келмейді. Олардың орнына басқа періштелер келеді, солай күнде жалғаса береді».
2. Қара Тас қақ жарылған еді
Қазіргі таңда біз Қара Тасты үйреншікті күміс жиектемеде көріп үйренген едік. Алайда, ол әрқашан бұндай көріністе емес еді.
Меккені Абдулла ибн Зүбәйр басқарған уақытта Омейядтықтар шабуылынан бұл тас жарылған деген пікір бар. Алайда ең кеңжайылған пікір Бахрейннен шыққан еретикалық исмаилиттер тобымен байланысты. Бұл топ өкілдері Қажылықты «діни ырымшылдық» деп айыптады. Олар Меккеге шабуыл жасап, он мыңдаған қажыларды өлтіріп, денелерін зәм зәм құдығына лақтырып кеткен еді.
Қара Тасты ұрлап , басында Шығыс Аравияға, кейін Куфа мен Иракқа әкетеді. Біраз уақыт өткен соң, Аббасид халифының үлкен құн төлеуімен қайтарылғанға дейін сол қалада болатын. Меккеге қайтарылған Қара Тастың кішкентай бөліктерге бөлініп қалған себебінен, оны жинаудың жалғыз әдісі жиектемеге салу еді. Тарихшылардың сөзіне жүгінсек, Қара Тастың барлық бөліктері Меккеде сақталмай, жетпеген бөлшектері де бар екені анықталған.
1.Әлемдегі ең үлкен текше (куб) алғашында басқа пішінде еді
Басында, Қағба жартылай дөңгелек пішінде болған еді, оның қалдығы қазір Исмайылдың Хиджры деп аталады. Алла елшісіне (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндеті келмей тұрып, құрайыштықтар Қағбаны қайта тұрғызу жұмыстарына тек адал табыс көзінен түскен ақшаны пайдаланғысы келді. Басқаша сөзбен айтқанда, қайта тұрғызу жұмыстарына құмар ойындардан, жезөкшеліктен, ұрлықтан, ысырыпшылдықтан түскен ақшалар қолданбау керек болды. Алайда надан құрайыштықтардың күнәға батқандары соншалық , аса бай сауда-саттық қаласында «таза» ақша табыла қоймады. Олар Қағбаның кішкентай көрінісін тұрғызып, бастапқы кейпін көрсету үшін балшықтан қабырға салды. Бұл Исмайылдың (а.с.)Хиджры деп аталады. Өмірінің соңына қарай пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Қағбаны бастапқы кейпіндей етіп өзгерткісі келген еді, бірақ үлгермей өмірден озды. Абдулла ибн Зүбәйр кезіндегі қысқа уақытты есептемегенде, Қағба пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) оны соңғы рет көрген көріністе тұр.
Қағбаның тарихы өткенді еске алатын жәй ғана әңгіме емес. Ол жер бетіндегі мұсылмандардың ортақ рәмізі. Ол бізді өткенмен байланыстырып, болашақ мақсатымызды еске салады. Бүгінгі таңда, мұсылмандар бір-бірінен алшақтаған уақытта, ол біздің ортақ құндылығымыз. Ол – біз өте қажет ететін, бірлігіміздің рәмізі.
Ағылшын тілінен аударған Azan.kz
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Muslimmatters
ҚМДБ-на қарасты еліміздегі барлық мешіттерде бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасы бойынша қайырымдылық шаралары өткізіліп келеді. Осы орайда Қостанай облысы, Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Нұрқанов Сейіттің ұйымдастыруымен жүрегі кең, жаны жомарт демеуші арқылы жағдайы төмен көп балалы 4 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді. Әр отбасыға 1 қойдан және 30 мың теңгеден табысталды. Демеуші, Аллаһ ризалығы үшін жасалған амал болғандықтан, есімін жария етпеуін сұраған. Бас имам Сейіт қажы Темірбекұлы өз сөзінде: «Аллаһ ол кісіге ұзақ ғұмыр, береке-байлығын арттырып, екі дүниеде де бақытты болуын нәсіп етсін!-деп ізгі ниетін білдірді.
Алланың есімдеріне «тағала» сөзін қосып «Алла Тағала», «Хақ Тағала», «Құдай Тағала» және осы сынды тіркестерді журналистер қауымы жиі қолданатыны рас. Бірақ Жаратушының сипаты ретінде қосарлана жүретін «тағала» сөзі бір жерде кішкене, бір жерде бас әріптермен кетіп жатады.
Сонымен қатар, бір басылымдарда Құдай Тағаланың есімі «Аллаһ» болып, басқа басылымдарда «Алла» күйінде қолданылып жүр. Осыған орай, ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесі арнайы шешім шығарды. Енді "Алла" сөзін "һ" әрпінсіз және «Тағала» сөзін тек бас әріппен қолданылатын болады.
muftyat.kz
Кім кінәлі?
Жаппай Исламға қызығушылық пен ислам діні туралы білімдердің жан- жақты таралыуы, өкінішке орай қоғамға кері әсерін де тигізіп жатыр. Мәселе білімде жатқан жоқ. Мәселенің бәрі білімді таратып және де жеткізіп жүрген адамдарда. Кез келген жерден барлық сұрақтарға жауап таба алатын және де өзін үнемі растап шыға келетін білгіштерді кездестіреміз. Сонымен қоймай, өзінің ойымен сәйкес келмейтін пікірді ине сұғып алғандай қабылдайды. Ақиқатты өзінің беделіне нұсқан келтірмей қорғаудың орнына олар өз нәпсілеріне білімсіздіктің «қастандық» жасауынан қорғаштайды.
Әдетттегі жағдай
Мынандай жағдай есімде қалған еді. Жұмыстағы екі жолдасыммен отырып дін жайында әңгімелесіп отырғанбыз. Біреуі екіншісінен былай деп сұрады: «Алланың «Рахым» деген есімі не мағына береді?». Анау болса сондай сеніммен: «Мейірімді, Рақымды»,- деп жауап берді. Екіншісі тағы да: «Ал «Рахман» деген ше?»,- деп сұрады. Ол тағы да сенімді қалпында бірақ: «Қалай не мағына? Яғни Алла – Мейірімді және Рақымды деген сөз»,- деген жауап қайтарды. Осыдан- ақ жауап беріп отырған адамның бұл екі көркем есімнің екі түрлі мағына беретінін білмейтіні белгілі болды. Бұл жағдай біздің үмметіміздің арасында жайлап тарап жатқан індет жайлы ойландырды...
«Білгіштік» синдромы
Бұл аурудың атын «білгіштік синдромы» деп атаушы едім. Бұл аурудың ең басты белгісі- «білмеген нәрсең жайлы көп сөйлеу». Адамға сұрақ қойылған кезде, ол білместіктен болмаса оның жартысын ғана біліп алып көп сөйлейді. Яғни, сұрақ талап еткеннен де көп жауап аласың. Және де бұл мәселеге қатысы жоқ нәрселер. Егер адам нақты жауабын білмесе, сенімді еңбектерге жүгінеді болмаса айтқанын нақтылайтын қосымша ақпараттарға жүгінеді.
Бірақ кейбір адамдар біреулердің сөздерін дәлел қылып келтіріп жатады, тіпті оны қай жерден, кімнен естігенін білмейді. Тіпті оның хадис екенін немесе бір ғалымның сөзі де екенін білмейді. Егер хадис болса, оның кімнен жеткенін және де қаншалықты сенімді екендігін де білмейді.
Кейбір хадистерді қалай жетсе, солай жеткізу керек. Яғни, Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) қалай айтып, өзі жасап көрсеткендей. Бұл қажеттілік күмәндардан сақтану үшін әрі хадисті естушілердің дұрыс түсіндірмеуінің алдын алу үшін керек.
Нәтижесі
Осындай жауапсыздығының кесірінен ол адам әділетсіздік қылып өзге адамға болмаса ғалымға айтпаған сөзін айтты дегізіп қояды. Біріншіден, бұдан адамның иманы әлсірейді. Егер адам мұқия болмаса иманы әлсіреп кетеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын)мына хадисін еске түсірейік: «Өтірікші болуға естіген сөзін өзгеге жеткізуі жеткілікті». Яғни Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) егер адам естігенінің барлығын растығына көзі жетпестен, оның пайдасы мен қажеттілігінің байыбына бармастан өзгеге жеткізетін болса , Алла Тағала ол адамды өтірікшілердің қатарына жазып қоятындығын ескерткен.
Өзінің сәтсіздіктерімен қатар, адам баласы «білгіштігімен» қоймай жан- жағындағы адамдарға зиянын тигізеді. Біреулер сұрақ қойған кезде толық жауап болмаса нақты жауабын алам деп үміт етеді. Жартылай берілген жауаптарды немесе бұрмаланған жауаптарды дұрыс деп қабылдап, адамда қате пікір қалыптасуы мүмкін екенін де ескерген жөн. Мысалы, егер мен жоғарыдағы оқиғаның кейіпкері болсам және де маған жауап беруші сендіріп айтып беретін болса, мен ол жаупты нағыз дұрыс жауап деп қабылдайтын едім. Яғни, білгіштің білімі аз бола тұра жарымжан жауапты өзгеге айтып береді. Бұл бала кездегі «сымсыз телефон» ойынына ұқсайды. .. Бірақ дәл қазіргі уақытта үлкендер ойнап жатыр десек қателеспейміз.
Не істеу керек?
1. Ең бірінші, мұсылман адамға білгіштік синдромынан қашу керек, яғни ол адамға білмейтінін және де барлық нәрсені біле бермейтінін білмеймін деп мойындауына тура келеді. Осы жерде Сократтың мына сөзі еске түседі: «Менің білетінім, ешнәрсе білмейтінім». Осы тәсіл адам нәпсісін білгіштік қасиетінен айырып, қоғаммен араласуын жеңілдетеді. Әсіресе, дін мәселесіне келгенде. Яғни бұндай қарым- қатынаста талас- тартыстың туындауы азаяды. Сонымен қатар, адамның өз білімінің аз екенін мойындауы, оның сол білімін толықтыруға итермелейді.
2. Екіншіден, білгіштер тек қана нәпсісінің қалауымен өзінің зиялылығын көрсету үшін емес, кейде олар басқа адамдарға көмектесу үшін де алдыға шығады. Көмек қолын созған жақсы қасиет, тіпті ол адам оның сыйының не болатынын да білмейді. Сондықтан да екінші қағида білгіштік синдромынан құтылғысы келетін адамның есінде болатын қағидасы. Яғни, сұраған адам жауапты түсінбейтіндей немесе қате түсінетіндей етіп жауап бергенше- үндемеу; толық әрі жеткілікті және де дұрыс жауап бере алмайтын болған соң- үндемеу. Хадисте былай делінеді: «Кімде кім Қиямет күніне және Алланың Елшісіне иман келтірген болса, жақсы сөз сөйлесін болмаса үндемесін».
3. Егер адамда сұраққа жауап бере алтындай аз ғана болса да білімі болса, өз білімін және де сұраққа жан- жақты жауап беруге болатынын ескере отырып, сөз соңына: «Бұл айтқандарым менің бар білетінім» не болмаса «Мен мына кісіден естігенімді болмаса мына жерден оқығанымды айттым» деп қосқаны жөн. Яғни, жауап беруші сұраушыға жауаптың толық еместігін және де сенімді қайнарлардан ары қарай іздеп, нақты жауап таба алатындығын ескертуі қажет. Осылайша ол, сұраушының адасып кету қаупінің алдын алады.
Үлгі алатын мысалдар
Осындай жағдайда үмметтің ғалымдары өздерін қалай ұстаған? Имам Мәліктің өмірінен бір мысал келтірер болсақ, имам Мәлікке қырық сұрақ қойылған екен. Ол оның тек қана төрт сұрағына жауап берген көрінеді. Ал қалған сұрақтарға: «Білмеймін»,- деп жауап береді. Сұрақ қоюшы: «Мен сонау жақтан осы сұрақтардың жауабын арнайы сенен білуге келдім, ал сен болсаң: «Білмеймін» дейсің бе?!». Имам Мәлік оған былай дейді: «Түйеңе отыр да келген жағыңа қайта бар және де былай де: «Мен имам Мәліктен сұраған едім, ол білмеймін деп жауап берді» . Ғалымдардың мінездері осындай еді.
Қымбатты бауырлар! Білгіштік синдромы- бүгін біз бет пердесін ашқандай нәпсі қызметшілерінің бірі. Ендігі жерде біз онмен кездесіп қалған жерде танитын боламыз және де бір- бірімізге білім жеткізген кезде өте жауапкершілікті әрі сақ боламыз деп үміттенеміз. Алла баршамызды жарылқасын!
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Ислам.ру
Палестина үкіметі Газа аймағын қалпына келтіру жұмыстарын талқылау мақсатымен 80-нен астам елдің өкілдерін конференцияға шақырды. Конференция Мысыр елінің астанасы Каир қаласында 12-қазан күні өтеді.
Палестина үкіметінің премьер-министр орынбасары Мохаммад Мустафаның мәлімдеуінше, қазіргі уақытта Газа аймағын қалпына келтірудің бес жылға жоспарланған үш сатылы жобасы дайындалған. Аталмыш жоба конференция аясында жұртшылық назарына ұсынылатын болады.
Мохаммад Мустафа конференцияға қатысушыларға Газа аймағына құрылыс материалдарын жеткізу жұмыстары мен басқа да шараларға ниеттестік танытып, саяси қолдау танытады деген үміт артып отыр.
7-маусымы күні басталып, 51 күнге созылған сойқаннан кейін аймақтағы өндірісітік және тұрғын үй кешендері, қала инфрақұрылымы айтарлықтай зардап шеккен.
Атысты тоқтату жайлы келісімге қол жеткізіліп, көптеген жандар Газаға қайта оралғанымен, қазіргі уақытта 100 мың адамның басында баспанасы жоқ.
Аймақтың ауылшаруашылық өндірісі 550 миллион доллар қаражат көлемінде зиян шексе, өндірістік сектор шығыны 1 млрд долларды құрап отыр.
muslim.kz
Сұрақ:
Әссәләму алейкум имамдар. Имам Муслимнің мына екі сахих хадисі жайлы сұрайын деп едім. Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Расында Ислам бөтен болып басталды және бөтен болып қайтады. Жылан өз ініне оралғандай дін де өзі бастауын алған екі мешітке жалғасады (яғни, Меккедегі әл- Харам мен Мәдинадағы Пайғамбар мешіті)» 147. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Шын мәнінде, (қатер төнгенде) жылан ініне шоғырланатындай иман Мәдинаға шоғырланады». Егер Уахабилік ағымы (Сәләфилік) адасқан ағым болса, онда олар Мұхаммед Пайғамбардан (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) кейін Алла Тағала өз мейірімін төккен Мекке мен Мәдинада қалайша өмір сүріп жатыр? Мәдинадағылар теріс қылықты адамдарға қарсы деген көптеген хадистер келеді. Егер уахабилік ағымы адасқандар болса немесе имансыздар болса олар баяғыда- ақ Алланың қаһарына ұшырар еді ғой. Осыны түсінідіріп беріңіздерші, Алла разы болсын. Темірлан
Жауап:
Уа ғалейкум әссәләм, Темірлан.
Ислам дініндегі ағымдардың қателесуі мен дұрыстығы олардың ғалымдарының қай жерде өмір сүріп жатқандығымен емес, олардың сенімдерімен анықталады. Және де егер сенімдері я болмаса дәлелдерінде қателік болса, онда қате пікірдің қайдан тарағаны беймәлім халде ол қате сол қалпында қалады.
Ең бірінші сізге Мекке мен Мәдина қаласын сәләфилік ағым өкілдері бейбіт жолмен я болмаса діни пікірталас нәтижесінде алған жоқтығын білгеніңіз жөн. Ибн Абдул Уахабтың Хижаз аймағында өз идеологиясын небір дәлелдермен таратқысы келген әрекеттері сәтсіздікке ұшырап және дінбұзушылық әрекет деп табылды. Осыдан соң «сәләфилік» ағымы (ол заманда олар уахабилік ағымы деген атпен танымал болатын) ол аймақта яғни Хижаз аймағында билікті қарумен қолға алды.
Бұл қасиетті екі жерді басып алу мақсатымен бірнеше жыл шайқасты. Ақыр аяғында олар Хижаз аймағында өз биліктерін орнатпас бұрын екі қалаға орнығуына жәрдем берген Британдық империямен одақтас болып, билікті қолдарына алды. Екі қасиетті мекен мен «сәләфилік» ағымының қысқаша тарихы осындай әрі төменде жалғасын табады.
Жоғарыдағы келтірілген хадистерге келер болсақ, бұл хадистерді осы мәселеде келген барлық мәліметтер мен ғалымдардың түсіндірмесімен бірге қабылдау және түсіну керек.
«Дін Мәдинаға жылан өз ініне қайтып келгендей, қайтып оралады» деген хадисті имам хафиз Ибн Хажар Әсқалани өзінің «Сахих» Бұхаридың «Фәтхул Бәриіне» жазған тәпсір кітабында былайша түсіндіріп береді:
«Жылан өз інінен тамақ іздеп шығып, егер оған бір жағдай бола қалса, қайта ініне кіретініндей, жолбасшысы мұсылман болған халде, дін де Мәдинаға оралады. Себебі ол қала Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын ) қаласы. Ол (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) тірі кезде Оған еру үшін және де дінді үйрену үшін айналасына сахабалар (оларға Алла разы болсын) жиналатын. Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өмірден озған соң, бұл қалада сахабалар мен табиғиндер және таба- ут- табиғиндер қалды. Оларға әр аймақтан адамдар білім алу үшін және де Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) жолымен жүруді жалғастыру үшін келетін. Олардың дәуірі аяқталған соң, адамдар Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) қабірін, мешітін зиярат ету мақсатында және де Аллаға құлшылық ету мен Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) мен сахабалардан қалған жәдігерлерді көру мақсатында Меккеге келді. «Фатхул Бәри» , «Мәдинаға оралатын дін туралы» 6- бөлімі». 1876 хадис.
Одан ары қарай Ибн Хажар Асқалани имам Қуртубидің имам Мәліктің Мәдинадағы Әһли Сүннет жолы, яғни мәзһабы дінге енген жаңалықтардан қорғалған және де сенімді деген сөзіне сүйене отырып айтқан пікірін келтіреді: «Егер бұл пікір дұрыс болса да, ол тек қана Пайғамбар(оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) заманына және әділетті төрт халифаның дәуіріне ғана қатысты. Шииттердің, муғтазилилердің, хауариждердің басқа да ағымдардың бүлігінен соң, сахабалар басқа қалалар мен аймақтарға қоныс аударып кетеді. Осылайша аталмыш қорғалу мен сенімділік өз күшін жояды ».
Сондықтан да сіз келтірген хадис Хижаз аймағының билеушілері дұрсы бағытта дегенге дәлел бола алмайды. Егер біреулерді меңзеп айтылған хадис болса, онда Мекке мен Мәдинада өз үстемдігін жүргізгісі келіп, қасиетті мекеннің басшыларына соғыс ашқан Ибн Абдул Уаххаб пен оның ізбасарларына қарсы айтылған болар.
Сіздің түсіндіруіңіздегі Мәдина теріс пиғылды адамдарға қарсы деген хадис те қасиетті қалаларға соғыс ашып, билікті қолдарын алған уахабилердің тыйым салынған әрекеттерін меңзеп тұр.
Сонымен қатар, тіпті Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) заманында да Мәдинада екіжүзділер тұрған. Осыған қарап- ақ, біздің аласапыран заманымызды ол заманмен салыстыра отырып, сенімді әрі дінге енген жаңалықтардан жақсы қорғалған деп айту қателік.
Имам Бұхаридің жинағында имам Мәлік (оларға Алла разы болсын) Пайғамбар (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деген: «Мекке мен Мәдинадан басқа Дәжжал аяқ баспаған бірде бір қала қалмайды, (ал Мекке мен Мәдинаның) әрбір кіре беріс қапталында періштелер сап түзеп қорғап тұрады. Сосын Мәдина тұрғындарымен бірге үш рет сілкінеді де, Аллаһ (одан) әрбір кәпір мен мұнафиқты шығарып жібереді». Хадисті Бұхари келтіреді.
Дәжжал келгеннен кейінгі Мәдинадағы екіжүзділер мен кәпірлердің шығарып тасталуы, олардың Дәжжал келгенге дейін сол жерде болатынын көрсетеді. Осылайша, Мәдинаның жаман пиғылды адамдарды қабылдамайды дегені, ол жерде ол адамдар мүлде жоқ дегенді және де ол жердегі ағымның дұрыс екендігін білдірмейді.
Назар аудара кететін жайт, біз жоғарыдағы хадистерді келтіре отырып, «сәләфилік» ағымын ешқашан күпірлік пен екіжүзділікте айыптамаймыз, тек қана сіздің пікіріңіздің қате екендігін көрсетіп береміз.
Әһли сүннет уәл Жамаға ғалымдары мен «сәләфилік» ағымының ғалымдары арасындағы келіспеушілік діннің өзекті сұрақтарына қатысты. Және де бұл мәселе олардың тақуалықтары мен өзге де имани қасиеттеріне еш қатысы жоқ.
___________________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz