Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Жаңалықтар
Понедельник, 20 Октябрь 2014 00:00

Діни басқарма "жиһад" туралы пәтуа шығарды

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – діни мәселелерде пәтуа шығару. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы лауазымды қызметке сайланған сәттен бастап ҚМДБ Ғұламалар Кеңесіне қоғамда көрініс тапқан өзекті діни мәселелерге қатысты дер кезінде пәтуа беруді тапсырған болатын. Солардың бірі – әлем мұсылмандарының алаңдаушылығын тудырған жалған сенімді санаға сіңдіруге тырысқан «Тәкпіршілер» жамағаты. Олар адамдарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайлық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, кәпірге шығаруда. «Таза Ислам», «таза Таухид» деген сөздерді бетперде еткен жамағат өкілдері жастарға жарқын болашақты уәде етіп, бүлікке бастайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2013 жылы 7 қарашада«Тәкпіршілерге» қатысты шығарған пәтуасында «тәкфир – дінге енген жаңалық» екені туралы үкім берілді. Бұл пәтуа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Сенімде шектен шыққан тәкпіршілердің әрекеті мұсылманшылыққа мүлдем жат. Діни басқарма Сириядағы соғысқа не үшін барғанын білмейтін, мақсаты айқын емес жастарды мұндай фитнаға (бүлінушілікке) қатыспауға шақырады. Бүгінде Сирия халқы бейбітшілікті орнату шараларына әрі бүкіл мұсылман үмметінің шынайы жанашырлығына мұқтаж. Ондағы зорлық-зомбылық әрекеттер мен даулы мәселелер бейбітшілік жолымен шешілуі тиіс.

Қоғамда көрініс тапқан тағы бір мәселе – жиһад ұғымы. Кейбір адамдар жиһад ұғымын қолға қару алып, соғысқа аттану деп түсінеді. Біріншіден, шариғатымызда имамның (мемлекет басшысының) рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Екіншіден, өзге елдің ішкі мәселесіне араласуына ешкімнің құқығы жоқ. Әр мұсылман мемлекетінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтиі болады. ҚМДБ-ның жиһад туралы шығарған пәтуасында теріс пиғылды, радикалды ағымдардың арбауында жүрген жастардың Діни басқарманың, ата-ананың рұқсатынсыз өзге елге жиһадқа аттануы дұрыс емес екендігі жайлы үкім айтылды.

Шариғат бойынша хижрат жасаудың шарты, оның үкімі туралы да Діни басқарманың пәтуасы шыққан болатын. Исламдағы бес парызға (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасау) тыйым салынса, азан айттырмаса, мешіттер түгелімен жабылса және мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қойылса, онда мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуі міндет етіледі. Ал бізде, Құдайға шүкір, зәулім мешіттер күннен-күнге көбейіп, діни мейрамдар кеңінен тойланып келеді. Мәселен, дініміздің жанашыры Елбасының перменімен Құрбан айт мейрамы демалыс күні болып жарияланды. Бұл мұсылмандардың ұлық мерекесіне көрсетілген құрмет деп білеміз.

ҚМДБ-ның хижрат жасау туралы 2013 жылдың 7 қарашасында берілген пәтуасында Исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен өзге елге көшуге ешбір қажеттілік жоқ деген шешім шығарылған.

Ершат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

Published in Пәтуалар
Понедельник, 20 Октябрь 2014 00:00

Суицидке шариғат не дейді?

Ғылыми тілде адамның өз-өзіне қол жұмсап өлтіруін суицид деп атайды. Бұл қазірде адамзат қоғамында кең тараған сорақы құбылыс.

Суицид, өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені өзін-өзі өлтіру шариғатта Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَلا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا *وَمَنْ يَفْعَلْ ذَلِكَ عُدْوَانًا وَظُلْمًا فَسَوْفَ نُصْلِيهِ نَارًا وَكَانَ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرًا﴾

Алла Тағала былай дейді: «...Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30).

Тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Құдай Тағаланың қаһарына ұшыратады. Ақыретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «مَنْ تَرَدَّى مِنْ جَبَلٍ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَهُوَ فِي نَارِ جَهَنَّمّ يَتَرَدَّى فِيهَا خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ تَحَسَّى سُمّاً فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَسُمُّهُ فِي يَدِهِ يَتَحَسَّاهُ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِحَدِيدَةٍ فَحَدِيدَتُهُ فِي يَدِهِ يَتَوَجَّأُ بِهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін-өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірі қолына ұстап өзін-өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:»
لاَ يَتَمَنَّيَنَّ أَحَدُكُمُ الْمَوْتَ إِمَّا مُحْسِنًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يَعِيشَ وَيَزْدَادَ خَيْرًا وَهُوَ خَيْرٌ لَهُ وَإِمَّا مُسِيئًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يُسْتَعْتَبَ.« رَوَاهُ النَّسَائِيِّ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи риуаят еткен).

Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі екендігіне куә болып жүрміз. Иман болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүруі заңдылық. Иманы әлсізді албасты шайтан азғырып, тура жолдан тайдыруға тырысады. Ақыры дегеніне көндіріп, өз тобының қатарына кіргізеді. Өйткені Ібілістің басты мақсаты адамзатты адастырып, торына түсіру болатын.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿ثُمَّ لآتِيَنَّهُمْ مِنْ بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَنْ شَمَائِلِهِمْ وَلا تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ﴾

Алла Тағала былай дейді: «(Ібіліс айтты): Сосын мен (адамзатты адастыру үшін) алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келетін боламын да, Сен олардың көпшілігінің шүкірлі болмағанын көретін боласың» (Ағраф, 17).

Алланың елшісі (с.а.с.) өз кезегінде әрбір мүмін пенденің имани жағынан күшті болуын талап етеді. Тіршіліктегі тақуыметтер мен қателіктер үшін торығу мен түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз шайтанға ұқсауға болмайтындығын ескертеді.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اَلْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ، اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللهِ وَلاَ تَعْجِزْ، وَإِنْ أَصَابَكَ شَيْءٌ فَلاَ تَقُلْ: لَوْ أَنِّي فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا، وَلَكِنْ قُلْ قَدَّرُ اللهُ وَمَا شَاءَ فَعَلَ، فَإِنَّ «لَوْ» تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаят еткен).

Өмірде қандай қиындық көрсе де, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет. Ақын Майлықожа айтқандай:
Адамның күні бар ма сыналмаған,
Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле
Сонда да күдер үзбе бір Алладан!

Published in Пәтуалар

Дәстүрлі Ислам туралы

Ислам мекен мен уақытқа тәуелді емес. Дейтұрғанмен, әр халықтың ұзын-сонар тарихы, өзіне тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – Алланың хикметі.

Біз не үшін дәстүрлі Ислам деген терминді қолдануға мәжбүр болдық? Исламды дәстүрлі, дәстүрлі емес деп бөлу қандай қажеттіліктен туды? Дінді ұстанудың жолы осы екен деп, қалай еліктесек те, бәрібір араб бола алмаймыз. Түбіміз түрік дегенмен, салтымыз бен санамыз басқа. Пәкістанның, ауғанның киімін кисек те, пуштун болу қолымыздан келмейді. Өйткені, біздің сан ғасырлық сара жолымыз бар. Біз дала заңына бағынған халықпыз. Менталитетімізге мейлінше жақын дәстүрлі дініміз Исламнан қуат алған ұлтпыз. Көпшілік қауым қош көрген ұғымдар мен әдеттердің жиынтығын дәстүр дейміз. «Дәстүрлі Ислам» деп мұсылман үмбетінің басым көпшілігі, соның ішінде әйгілі ғалымдардың ұстанып келген, сонау ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінен бүгінгі күнге дейін үзілмей жалғасып жатқан діни жолды айтамыз. Намазды айтпағанда, жайнамаз, тәспінің өзін қастерлеген кешегі батагөй ақсақалдарымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың жолы. Қажылыққа барған кісі қасиетті Меккеден «тәбәрік» әкелсе, балаша қуанатын, қонағын құрметтеп, ұрпақ үшін ұдайы дұға қылатын ата-бабалардан қалған сар жол – дәстүрлі Ислам неге бүгін кәдемізге «жарамай» қалуы тиіс? «Таза Исламды» ұранға айналдыру кім үшін керек? Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі Исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айрықша мәртебе берілді.

Жастар туралы

Жастарымыз көпшіл, мемлекетшіл, ұйымшыл, қоғамшыл болса, жақсы отбасы құрса дейміз. Олар әсіре діншіл болмаса екен. Біз жастардың қоғамнан бөлініп қалмауын барынша қадағалауымыз қажет. Уағыздарымызда осы қоғамда өмір сүрген соң халықтың бүгінгі жағдайымен, салт-дәстүрімен санасу қажеттігін айтамыз. Иә, дінге білімсіз келген жастарға көркем насихат керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жат ағымның жетегіне кеткен жастарға қатысты ұстанымы осындай. Кінә тағып, қоғамнан бөліп тастаған оңай шаруа, әрине. Ол біздің баламыз, бірімізге іні, бірімізге бауыр емес пе? Қамқорлық қажет-ақ. Қоғамнан жылу сезінген бала бүгін адасса, ертең қайта айналып, қазығын табады.

Дәстүрлі емес Ислам дегеннен шығады, Қостанайда өкіл имам қызметін атқарып жүргенде, имамға бағына бермейтін бір азамат болды. Енді не істеу керек? Ұрысу, күшпен бағындыру, талап ету – біздің ұстанатын жол емес. Дін – нәзік дүние. Адам дінге жүрек қалауымен келеді. Сонымен, имам әлгі жігітті дәстүрлі дінге қанағаттандыру жолдарын қарастырды. Тек сөзбен емес, амалмен. Қайғысы мен қуанышына ортақтасты, қолдан келгенше отбасына көмектесті. Күндердің күнінде бала-шағасы имамды жақсы көре бастады. Діни сенімде көзқарасы қатайып кеткен жігіттің үйіне барған сайын азық-түлік, балаларына киім-кешек үлестірді. Кәмпит беріп, көңілдерін аулады. Балалары имамды көрсе: «О-о-о, дядя имам келе жатыр», – деп қуанатын. Бәріміз ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Адам әсерленбей тұрмайды. Сонымен шынайы ниет пен жүйелі амалдың арқасында қатайған жүрек жібіді. Жігіт қатарымызға қосылып, қазір көзқарасы дұрыс, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын намазхан. Ислам – кешірім діні. Даналық, кешірім жолын ұстансақ, ағым деген ағып өте шығатын дүние. Олардың жүрегіне жол таба білсек, түбі ортамызға оралатынына сенемін.

Дін мен дәстүр туралы

Дін мен дәстүр – қос қанатымыз. Бұл екеуі бірінсіз бірі жүре алмайтын өте жақын ұғымдар. Алла өз пенделерін ұлттарға, ұлыстарға бөліп жаратқан. Қаласа, бүкіл адамдарды бір ғана ұлт етіп жаратар еді. Ұлтты өзгелерден ерекшелеп тұратын басты құндылығы, ол – дәстүрі. Өзіндік дәстүрі, мәдениеті жоқ ұлт болмайды. Араб, парсы, түрік, ағылшын болсын, өзбек, қырғыз, қазақ болсын, бәрінде де бірінен бірін ерекшелендіріп тұратын дәстүрлері болады. Ол әр ұлттың ішер асынан, киген киімінен, қонақ күтуінен, мереке тойлауынан, бала тәрбиесінен, үйленіп, шаңырақ көтеруінен көрінеді. Ал біздің діни құндылықтарымыз дәстүрімізбен бітеқайнасып кеткен. Тіпті, мұсылмандық мінездер дәстүріміз арқылы бойымызға дарып, қанымызға сіңіп кеткен десек те артық болмас еді. Мысалы, қазақта үлкен тұрғанда кіші сөйлемейді. Отбасында ең қадірлі адамдар – ата-ана. Өзі жемеген тәттіні қазақ қонағына сақтап отырады. Осы секілді дәстүрлеріміз өте көп.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Жыл басында «Дін мен дәстүр» кітабын шығардық. Алла бұйырса, жуырда екінші нұсқасы оқырмандарымыздың қолына тиеді. ҚМДБ-ның «Хикмет» телерадиостудиясы «Дін мен дәстүрдің» аудио нұсқасын әзірлеп шығарды. Осының бәрі халық өзінің діні мен дәстүрінен ажырап қалмаса екен деген игі тілектен туып жатқан дүниелер.

Қажылық туралы

Қажылық – мұсылмандардың қаржымен, дене қуатымен жасалатын ерекше бір құлшылық түрі. Жағдайы жеткен мұсылман өмірінде бір рет қажылық жасаса, парызын орындаған болады. Бір емес, бірнеше рет бару – әр адамның өз еркі. Қасиетті Қағба, Мекке мен Мәдина қалалары мұсылманды өзіне әрдайым құштар етіп тұрады.

Ислам – қайырымдылық діні. Асыл дініміз өзгелерге жәрдем беруге шақырады. Биыл еліміздің бір кәсіпкер азаматы 40 адамның қажылығына демеуші болды. Бірақ бізге бір өтінішін білдірді. «Қаражаты жоқ, ауылдағы мешітте имамдық қызмет етіп жүрген молдаларды жіберсеңіздер», – деді. Айлық алмаса да мешіт ұстап отырған ақсақал молдалар көп. Кәсіпкер ағамыздың шарапатымен биыл 40 ауыл имамдары қажылық парызын өтеді. Ол кісіге Алла разы болсын. Осындай қайырымды адамдар көбейсе дейміз.

Қажылық – туристік немесе атақ-абыройға кенелу сапары емес. Қажылыққа сән үшін, «қажеке» деген атақ үшін бару дұрыс емес. Ол Алла мен пенде арасында болатын айрықша бір құлшылық.

Қажылыққа жыл сайын баратын ағаларымыз жағдайы төмен азаматтарға көмек берсе, олардың қажылыққа баруына себепкер болса, сауапқа кенелер еді. Бір адамның қажеттілігін  өтеудің сауабы мол. Көршісі аш отырғанда, бірнеше рет қажылыққа бармай, сол бауырларының қамын ойласа, нұр үстіне нұр болар еді.

Қажылыққа қатысты тағы бір мәселе: қасиетті жерге барып келген кейбір бауырларымыз білместікпен баяғы әдетіне салып, Аллаға ұнамсыз әрекеттерге бой алдырып жатады. Халық арасында олардың шариғатқа қайшы амалдары туралы әңгімелер айтылып қалуда. Бұл нені көрсетеді? Қажы болып келу Алла алдында ғана емес, халық алдында да жауапкершілігі жоғары құлшылық. Мұсылмандар қажы атағына лайық өмір сүрмесе, қажылық деген ұлық құлшылықтың қадірі мен қасиеті қаша бастайды.

Бірлік туралы

Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген.

Мұсылманшылық – адам қаласа істейтін, нәпсіге ауыр келсе, тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт. Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.):

«...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың төрін қаласа, жамағаттан ажырамасын...», – деген сөзін мінберде тұрып қадап айтқан.

Алла Тағала баршамызды ауызбіршілігімізден айырмасын. Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!

Серікбай қажы ОРАЗ,
наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы

Published in Ғибратнама
Вторник, 14 Октябрь 2014 00:00

Балаларды қуанышқа бөледі

Жуырда қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының құрамындағы қажылар қостанай балалар психоневрологиялық интернатында тәрбиеленіп жатқан ұл мен қыздарға қайырымдылық көмек көрсету мақсатында қаржы жиналған еді.

Осы қаржыға қаржыға сыйлықтар сатып алынды. Оны облыстағы беделді ақсақал, аталмыш филиалдың басшысы Жақсылық Ғайсин бастаған қажылар интернатта болып, салтанатты түрде тапсырды.

Облыстық «Марал ишан» мешітінен келген кісілерді ұжымдағылар жылы қарсы алды. Интернат директоры Нәзира Игілікқызы аға буын өкілдеріне шын жүректен шыққан алғысын білдірді.

Балалар өздерін ерекше қуанышқа бөлеген қонақтарға концерт қойды.

Қажылар қауымы да балалардың жүзіндегі шынайы ризашылыққа тәнті болды.

ҚМДБ – ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Пятница, 10 Октябрь 2014 00:00

Қостанайдағы Құрбан айт мерекесі

Үстіміздегі жылғы Құрбан айт мерекесі қарсаңында жергілікті зиялы қауым өкілдеріне, ақын-жазушыларға, танымал өнер иелеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, мекеме басшыларына, журналистерге, жалпы дін жанашырларына мейрамға байланысты құттықтау хаттары жіберілді.

Биыл да Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітіне халық көп жиналды.

Жұртшылық алдында облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов сөз сөйлеп, барша жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтады.

Мешітте намаз оқылып, әруақтарға Құран бағытталды. Үлкен айттың ерекшелігі жөнінде жан-жақты айтылды.

Содан кейін облыс басшысы бастаған бір топ азаматтардың атынан Затобол кентіндегі арнайы орында Құрбандық шалынды.

Құрбандыққа шалынған 110 қой, 4 сиыр бір жерде сойылып, 370 күн көрісі төмен отбасылары мен көмекке мұқтаж жандарға бөлініп берілді. Сөйтіп, олар өздеріне қайырымдылық жасаған азаматтарға шын жүректен ризашылығын білдірді.

«Дін және дәстүр» жылына орай Құрбан айт мерекесі кезінде облыстағы мешіт аулаларында дастархан жайылып, киіз үйлер тігілді. Ұлттық нақыштағы ойын сауықтар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ облыс орталығындағы «Думан» мейрамханасында ақсақалды қарттар мен ақ жаулықты аналарымызға лайықты құрмет көрсетілді

Құрбан айт мерекесі облыстың барлық аудандары мен қалаларындағы мешіттерде өз деңгеінде өтті.

ҚМДБ-ның Қостанай
облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар

Күллі әлем мұсылмандары асыға күтетін атаулы мерекелердің бірегейі –Құрбан айты. Асыл дініміз Исламда бұл айтулы мерекенің алар орны ерекше. Қасиетті Құрбан айт барша халықтың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады.

Биылғы жылы Дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазірет «Дін мен дәстүр» жылының аясында Құрбан айтты атап өтуді бекіткен болатын.

Осы орайда Арқалық қаласында биылғы «Құрбан айт мерекесі» ерекше өткізілді. Мешітте әдеттегідей айт намазы оқылған соң, мешіттің бас имамы Бектұрсын Уәлиев Дінбасымыздың құттықтауын оқып, құрбандық және қайырымдылық жайында уағыз айтты.

Сондай-ақ қала басшылығы да мерекеге арнайы келіп, әкім Ғазиз Бекмұхамедов жамағатты мерекемен құттықтап, еліміздің баянды, халықтың ынтымақты болуы жөнінде өз пікірін білдірді.

Намаздан соң құрбан шалу рәсімі жалғасып, әкім бастаған топ өкілдері құрбандыққа ірі қара мал шалды. Шалынған құрбандықтар әлеуметтік қорғау мекемесінің берген тізімі бойынша, күн көрісі төмен жандар мен көп балалы жанұяларға мешіт тарапынан үлестірілді.

Бұдан соң мерекелік іс-шара «Қайрат» спорт кешенінде өз жалғасын тапты. Мұнда жасөспірімдер арасында және жасы қырықтың қырқасынан асқан палуандар арасында қазақша күрес болды. Сонымен қатар ұлттық ойындардан – арқан тартыс, өгіз тартыс сайыстары өткізілді.

Аталмыш спорттық додалар еш дайындықсыз келген көпшілік ішінен шыққандықтан болар, ол сондай тартымды әрі қызықты өтті. Түйе палуанға қой сыйлыққа тартылса, бірінші, екінші орынды иеленген жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен арнайы марапат көрсетілді. «Құрбан айт – құтты мереке» атты шағын концерт қойылып, тағылымды жыр-термелер мен патриоттық әндер шырқалды.

Мерейлі мерекені тамашалаған үлкен-кіші жамағаттың баршасына айт дәмі ретінде ыстық шәй, бауырсақ пен палау берілді. Мешіт ұжымының ұйымдастырған игі істеріне қала тұрғындары шынайы ризашылық танытты.

Қалалық мешіт имамының айтуынша, мұндай игі істер әсіресе, жастар арасында көп өткізілуі қажет. Жастарымыздың өзгелердің бізге жат әдеттеріне еліктемей, өз ұлтымыздың құндылықтарын бағалап, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, бабаларымыз ұстанып келген дәстүрлі дінімізді дәріптеуге зор септігін тигізеді.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар
Понедельник, 06 Октябрь 2014 00:00

Кәсіпкер сыйы

Денисов ауданындағы «Жұма» мешітінің халыққа қызымет атқарып жатқанына жирма жылдың жүзі болды. Осы аралықта діни мерекелерде аудан әкімшілігі, селолық округтың әкімшілігі, аудандық мәдениет үйінің қызыметкерлері, кәсіпкерлер атсалысады. Биылғы Құрбан айтында ауданымызға белгілі кәсіпкер Омаров Төребек мешітімізге ерекше сый жасады, ол мешітке өз отбасының мүшеренің атына компьютер сыйлады. Ендігі күнде мешіт интернет жүйесіне қосылып, жаңалықтарды, облыстық мешітпен электронды хат алысып тұратын болады. Осындай сый жасаған Төребек азаматымызға отбасына амандық, деніне саулық, балаларымен немерелерінің қызығын көре беруін Алла Тағаладан тілейміз.

«Жұма» мешітінің
Бас имамы Ыбырай Ерік Қожахметұлы.

Published in Жаңалықтар
Среда, 01 Октябрь 2014 00:00

Қарттар күніне

Жітіқара аудандық «Ержан Тәтішев» мешітінде халықаралық қарттар күніне орай мешіт ақсақалдарына дастархан жайды

Үлкенге - құрмет, кішіге – ізет,-дейді дана халқымыз. Мешіт ұжымы халықаралық қарттар күніне орай ақсақалдар жамағатына дастархан жайып, құрмет көрсетті. Дастархан басында ақсақалдар өз ризашылықтарын білдіріп мешіт ұжымына бейбіт-берекелі ғұмыр, жұмыста табыс тілеп, батасын берді. Келген ақ сақалды аталармен, ақ жаулықты әжелерге кішігірім сыйлықтар табысталды.

Аллах Тағала ата-әжелерімізге ұзақ ғұмыр беріп немере-шөбересінің қызық қуанышын көруге нәсіп етсін!

Жітіқара аудандық
«Ержан Тәтішев» мешіті

Published in Жаңалықтар
Вторник, 30 Сентябрь 2014 00:00

КУРБАН АЙТ КУТТЫКТАУ 2014

2014 жылдың 4 қазаны – Құрбан айт мерекесі

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ – ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қадірменді ағайын, мұсылман бауырлар!

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт құтты болсын, ағайын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін қасиетті Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін, екі дүниенің бақытын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға жасауда.

Құрбан айт татулықты басты тірегі еткен Тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Елбасы мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.

Құрбан айт – отбасылық мереке. Отбасын шаттыққа бөлеп, ағайын-туыс, көршілерді аралап, жағдайын сұрау – сауапты іс. Оларға сыйлық беріп, көңілін көтеру – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен. Сүннетті орындаған адамға сауап жазылады.

Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежелден келе жатқан игі дәстүр. Бірлікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен бітеқайнасқан дәстүрімізді жаңғыртудың сәті туды.

Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіпкер бауырларымды, дін жанашырларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсіресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, айттың қуанышын сездіріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бөлуге шақырамын.

Исламда Аллаға ұнамды әрбір іс – садақа. Жетімнің басын сипасақ та – садақа. Жолаушыға кедергі келтірер кез келген затты жолдан алып тастау да – сауап.

Мешітте айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады. Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектер мен сырқат жандарға таратылады. Мұндай игі амалдар адамдар арасында мейірім, қамқорлық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Құрбан айт – араздасқан адамдар татуласып, бір-бірін кешірісіп, туысқандық байланысты күшейтуге себепкер ұлық мейрам. Өйткені, Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.

Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту – сүннет амал.

Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп шалуды шариғатымыз құптайды. Соқыр, ауру, ақсақ, өте арық мал құрбандыққа жарамайды.

Алла Тағала баршамыздың дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қайырымен қабыл еткей!

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін.

Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!

Published in Жаңалықтар
Вторник, 30 Сентябрь 2014 00:00

Насихат тобы Қостанайда

Қалыптасқан дәстүр бойынша республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері еліміздің облыстарында жүр.

Жақында осы топтың мүшесі, елордамыз Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев Қостанай өңірінде болды.

Бір тоқтала кетер жай, ол заманға сай терең білім алған азамат. Бұл күндері Еуразия ұлттық университетіндегі магистратурада оқуын одан әрі жалғастыруда.

Есімі көпке белгілі дін қайраткері осы сапарында Арқалық, Рудный қалаларындағы мешіттерде жамағатпен жүздесті. Зиялы қауыммен дидарласып, өзекті мәселелер жөнінде кеңінен әңгімелесті. Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінде жұма намазының уағызын өткізді. Облыс аудандары мен қалаларының бас имамдармен кездесу де өте әсерлі өтті.

Сондай-ақ білікті ұстаздың теріс ағымдар жөніндегі тебірене сөйлеген сөздері де жұртшылықты үлкен ойда қалдырды.

Жалпы сапар өзінің мән-мағынасы, ғибратымен жұртшылықтың есінде қалды.

ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі

Published in Жаңалықтар

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником