Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Имамдардың тұңғыш форумы: Бас мүфти баяндамасы

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді Форумға қатысушы қонақтар!
Құрметті имамдар!

Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан республикалық Бірінші имамдар форумына қош келіпсіздер. Тарихи шарамызға шақыртуымызды қабыл алып, бүгінгі алқалы жиынға қатысып отырған баршаларыңызға шынайы алғысымды білдіремін.

Шетелден келген қонақтар - Қазақстанға қош келіпсіздер!

Христиан діні өкілдеріне де құрмет пен алғысымды білдіремін!

Бүгін баршамызды исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін атын жамылған радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алсақ, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түссек деген ізгі ниет бізді осы «имамдар форумында» топтастырып отыр.

Еңселі Елордамыздағы келелі кездесуде Сіздердің тараптарыңыздан айтылар парасатты ойлар мен мазмұнды баяндамалар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарына серпін беріп, діни татулық пен тұрақтылығымыздың орныға түсуіне септігін тигізеді деген сенімдемін.

Егемен еліміздің татулықты ту еткен тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Бүгінгі басқосу осынау әлемдік алқалы жиынның Діни басқарма деңгейіндегі жалғасы деп есептеймін.

Діни басқарма тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің 25 жылдық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарды, берекелі бастамаларға ұйытқы болды. Еліміздегі екі жарым мың мешіт халқымыздың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналды.

Толыққанды кәсіби имамдардың корпусы калыптасты. Алғашқы кезде имамдарымыз 5 уақыт намазды өткізумен шектелсе, бүгінгі таңда халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын тұлғаға айналды.

Қазір заман өзгерді, уақыт талабы тым басқа. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отыр.

Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде.

Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда.

Елімізде де мұндай радикалды ағым өкілдері көріне бастады. Мұны мойындауға мәжбүрміз.

Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал.

Қадірлі имамдар!

Әлемдегі осындай күрделі діни ахуалға діндар қауымы да алаңдайды.

Өйткені, бұл жағдай біздің саламызда да байқалуда. Мәселені айналып өту – шешім яки нәтиже емес.

Діни басқарма жауапты кезеңде бірнеше ауқымды шараларды жүзеге асырды. Солардың бірқатарына тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылы қазан айында Астана қаласына қоныс аударды.

Бұл жайт мүфтияттың орталықтан басқару әлеуетін күшейтуге және мемлекеттік мекемелермен қарым қатынасын арттыруға жағдай жасайды.

Біз өткен жылдың қаңтарында дін саласындағы уәкілетті орган мен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық.

Біз 2014 жылы бағдарымызды айқындайтын, мемлекет тұтастығын сақтауға сеп болатын Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көркем уағыз, жат ағымның жетегінде кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.

ҚМДБ жанынан діни білімі терең, тәжірибесі мол білікті дін ғалымдарының басын біріктірген ақпараттық насихат топтары құрылды.

Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыла жасалған жұмыс нәтижесін бере бастады. Жат ағымдағы жастарымыздың беті бері қарап, қатарымызға қосылды.

ҚМДБ-ның кадрлық әлеуетін күшейту қолға алынды.

Қазіргі уақытта ҚМДБ жүйесінде қызмет атқаратын 4 мыңға жуық діни мамандардың білімін тереңдету жұмысы қолға алынды.

Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ашылған имамдар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы белсенді жүргізіле бастады. Имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты жұмыс істейді.

Осыған дейін республика аумағында салынған 9 медресе болашақ имамдарды, ұстаздарды даярлауда.

Имамдардың атқарып жатқан қызметі мен біліктілігін анықтау мақсатында аттестациядан өткізу жұмыстарын қолға алдық.

Өткен жылы ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, жиһад ұғымы жайлы, теріс ағымдар ақиқаты туралы пәтуалар шығарды.

Мүфтиятта жаңадан ашылған «Халал өнімдерді стандарттау», «Жастар ісі», «Баспасөз» бөлімдері қызметіне кірісті. Республика деңгейінде дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен насихатталды. Бұл өміршең бастама қысқа мерзім аралығында халық пен діндарлар арасында алтын көпірге айналды деуге болады.

Осында отырған ел ағалары, зиялы қауым өкілдері бастамаға өздерінің қолдауын білдіріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Осы сәтті пайдаланып, айрықша алғысымды білдіргім келеді. Алла разы болсын деймін.

Біз 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, абыроймен атқарып шықтық.

Дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аудардық. Діни басқарма осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән берді.

Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен имам Матуриди сенімі, салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді.

Дәстүрлі мәзһабымызды кеңінен насихаттау мақсатында 2015 жылды «Әбу Ханифа жылы» деп жариялап, бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Осының шеңберінде «Нұр Мүбәрак» университетінің жанынан «Әбу Ханифа ғылыми-зертеу орталығы» ашылып, өз жұмысын бастап кетті.

Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының бірінші бөлімі шығарылды.

Мүфтият әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына үнемі көңіл бөліп отырады.

Әртүрлі жағдаймен көмек сұрап келген мұқтаж кісілерге қаржылай, азық-түлікпен де қайырымдылық көмек көрсетіп тұрамыз. Бір ғана Қасиетті Рамазан айында 17 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 7 мыңға жуық отбасынан шыққан балаларға оқу құралдары тегін таратылды.

Жастар ұйымдарымен бірлесе өткізілген спорттық шаралар мен сенбілік акциялар жыл бойы ұйымдастырылды.

«Ақ түйенің қарны жарылған» осынау тарихи күнде жеткен жетістіктеріміз бен алда күтіп тұрған міндеттерімізді таразыға салып, бағытымызды айқындау үшін бас қосып отырмыз. Бүгін бәрімізді «болашақ ұрпақтарымызға исламды қандай деңгейде мұра етіп қалдырамыз» деген сауал алаңдатып келеді?

Халқымызда: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деген нақыл бар. Осынау ортақ мақсатқа жету үшін бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмекші болсақ, алар асуымыз көп болмақ. Ол үшін әрбір дін қызметкері өзінің атқаратын қызметінің жауапкершілігін терең сезінуі керек. Ауыл, аудан, облыс имамдары сол аймақтың діни тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты.

Құрметті форумға қатысушылар!

ҚМДБ өз қызметін жетілдіру мақсатында Стратегиялық және қоғамдық маңызы бар құжаттар дайындады.

Атап айтқанда, ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Бұдан бөлек, жалпы жұртымыздың, мұсылман үмбетінің басын біріктіретін Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы дайындалды.

Тұғырнама мұсылман қауымының Құран Кәрім мен хазіреті Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен жолмен жүруіне, мәзһаб пен сенімге байланысты жік-жікке бөлінбеуіне ықпал етеді деп сенеміз.

Бүгінгі басқосуымыздың тағы бір маңызды тұсы – «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатымызды қабылдау. Дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, көркем мінез қалыптастыру, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұсылманға тән сипаттар.

Алла Елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз ел игілігі үшін қызмет етуге үндейді.

Жуырда Ұлт көшбасшысы халқымызды ысырапқа жол бермеуге, үнемшілдікке, қолда барға қанағат етуге шақырып, мұсылмандықтың үлгісін көрсетті.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – деп, адамзат баласын қанағатшыл болуға бұйырған.

Біз барға – қанағат, жоққа – шүкір еткен халықпыз. Иманым – жиғаным деп білген бабаларымыз байлықтың өлшемін қанағат деп білген. Ал мұсылман дегініміз – ысырап та жасамайтын, сараңдық та танытпай, орта жолды ұстанатын пенде.

Қазіргі заман талабына сай, білімі мен біліктілігі толысқан діни мамандар санын арттыру – менің жіті назарымда.

Сондықтан бабаларымыздың пәтуалы сөзімен үндесетін қолымыздағы «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдік құжатымыз қазіргі таңдағы қоғамда сұранысы мол, жалпы жұртымыздың бүгінгі тіршілігінде маңызды рөл атқарады деген үміттеміз.

Одан бөлек «Дін қызметкерінің этикасын» әзірлеп, осы форумда қабылдауымыздың мәні ерекше. ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық-амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деуге болады.

Бүгінгі имам, бәлкім біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір имам қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттасын рухани көшбасшыға айналуы керек. «Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын құжатымыз осынау талаптарды ескереді.

Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Бұл құжаттың көтерер жүгі осындай.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетін: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді», – деп сүйіншілеген.

Бәрімізге мәлім, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Жолдаудың еліміз үшін маңызы зор. Өйткені, бұл мемлекетіміздің дамуы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған стратегиялық құжат.

Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Халықтың иманы мен руханиятын дамытпай, елдің экономикалық өркендеуі мүмкін емес деп есептеймін.

Мемлекет дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасады.

Орта Азия бойынша құлшылық үйлерінің саны жағынан біздің ел бірінші орында. Дәстүрлі діндердің ғибадатханалары тең дәрежеде қызмет етуде.

Қымбатты бауырлар!

Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді мерекелерді кеңінен атап өткелі отырмыз. Бұл – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар.

Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.

Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған.

2015 – әсіресе, діндар қауымы үшін маңызды оқиғалар жылы. Өйткені, биыл Елбасының тарихи бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген, рухани келісімнің ордасы – Астанамызда әлемдік дін көшбасшыларының дәстүрлі құрылтайы өтеді.

Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.

Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына ауадай мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы.

Ардақты ағайын!

Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Бүгінгі берекелі басқосуымыз тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.

Бүгін Елорданың төрінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген 500-ден астам имамдар мен ел, дін қамында жүрген асыл азаматтар 4 тарихи құжаттымызды қабылдамақ. Діни басқарманың тарихында тасқа таңба басқандай болып қалатын осынау тарихи күн – XXI ғасырдың имамын, еліміздегі дін исламды жаңа белеске жетелейтін болады.

Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

алдыңғы мақала
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ: Дінді жалған сезіммен емес, біліммен түсіну керек!
кейінгі мақала
Тұғырнама мұсылман үмбетінің бірлігін көздейді

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником