Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің өкіл имамы Тәжімбет Бахытбектің бастауымен бір топ наиб имамдар мен ұстаздар Құсмұрын кентіндегі УК 161/4 және Қостанай қаласындағы УК 161/2 абақтыларындағы мерзімін өтеп жатқан мұсылмандармен кездесу өткізді.
Осы кездесулерде Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы туралы және қазіргі таңда 4 бағыттың бірі «Ағымдармен күрес» жұмыс аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда кездесулер кезінде 95 адам қамтылды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Арқалық қаласы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлының қатысуымен Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназиясының 8-ші сынып оқушыларына «Имандылық – ізгіліктің негізі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Сынып жетекшісі Е.Серікқызының оқушылары өздерінің діни сауаттылықтарын көрсетіп, имандылық, ар-ұят жайында хадистер және дана бабаларымыздың нақыл сөздерін жатқа айтты.
Бектұрсын Торғайбайұлыда өз кезегінде «Әрбір ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» деген хакім Абайдың сөзін келтіріп, иман және имандылық тәрбие жайлы және мұсылман баласына жат болған әдепсіз істерден бойды аулақ ұстап, кешірімділік пен мейірімділікте, жанашырлықта болу туралы айтып өтті.
Сондай-ақ қазіргі таңда елімізде көптеген діни ағымдар мен секталардың жастарды теріс жолға бағыттап адастыруына жол бермеу мақсатында жұмыстар жүргізетінін теолог маман Ә.Бауыржанұлы ұғындырып берді. Осы шараға гимназия басшысы А.Жанаралқызы әдіскер мұғалімдер қатысып өз пікірлерін білдірді.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Рудный қаласындағы «Технология және көлік колледжінде» Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы орыс тілінде семинар өткізді. Семинар барысында студенттерге теріс ағымдардың зияны жайында түсінік беріп, Ислам дінінің түрлі «Изм»-мен еш қатысы жоқ екендігіне тоқталды. Керісінше, Исламның қоғамда бейбіт өмір сүруге, көршіні сыйлауға, үлкенді құрметтеуге, басқа дін өкілдеріне құрметпен қарауға және ешкімнің ақысын жемеуге шақыратындығы турасында айтып өтті. Сонымен қатар кездесу барысында Сейт Темірбекұлы, соңғы уақыттары «жиһад» мәселесі әлеуметтік желілерде көп қозғалатындықтан, осы терминге байланысты да анықтама берді. Семинар соңында студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша баспасөз қызметі
Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің Жастар ісі бойынша жауапты қызметкері Жұмағұлов Ғұмардың ұйымдастыруымен Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында тәлім алып жүрген болашақ педагог жастармен және Қостанай шаһарының орталығындағы медициналық колледжінде кездесу болып өтті.
Кездесудің мақсаты қазіргі таңдағы жастар арасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты жұмыстарын жандандыра түсу. Сонымен қатар мемлекеттік «СЕРПІН» бағдарламасы бойынша сонау Оңтүстік өңірден келіп білім алып жатқан жастармен «Жастық шақты бағалау» деп аталатын тақырыпта әңгімелесіп, олардың ойларымен алға қойған жоспарларымен танысты.
Сонымен бірге жастардың түсік жасаудың зардабы, орамал тағу, бақсы-балгерлер туралы, қазіргі таңда теріс ағымға түсіп кетпеудің жолдары секілді өзекті мәселелер төңірегінде сауалдар қойылып, нақты жауаптар алынды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі
Әр жыл сайын елімізде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні, яғни Мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Биыл да облыс орталығында орналасқан «Мирас» мәдениет сарайында Қостанай облыстық, қалалық және Қостанай аудандық мешіттердің ұйымдастыруымен «Адамзаттың ардақтысы» атты рухани кеш өткізілді.
Былтыр ғана пайдалануға берілген рухани ордаға халық өте көп жиналды. Олардың арасынан ақсақалды қарттарымыз, ақ жаулықты аналарамыз және бастарына орамал тартқан қыз-келіншектер мен жігіттерді де көресіз. Бұл да болса, біздің өңірімізде мұсылман бауырларымыздың тарапынан дінге деген көзқарастың жақсарып келе жатқандығын көрсетеді.
Өзіміз осы кеште есімдері бүкіл елімізге белгілі аудандар мен қалалардан да келген азаматтарды көріп қалдық. Олар да бір-біріне «Мәуліт мерекесі құтты болсын»,-десіп жатты.
Кешті «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығының шәкірті Мұртаза Балахмет Құран оқып ашты.
Қазақ еліне көкшетаулық айтыс ақыны Арман Бердалиннің есімі жақсы таныс. Сондықтан да осы рухани кешті жүргізуге арнайы шақырылыпты. Жүргізуші өзіне тән шеберлікпен басқосуды өте тағылымды сөзімен бастап, Мәуліт мерекесінің мәні мен маңызын түсіндіре келіп, жиналған қауымға өзінің ізгі сөзін арнады. Оның әрбір тебіреніске толы пікірлерін залға жиналған жұртшылық зейін қоя тыңдады. Әрбір ұлы адамдардың тағылымды ойларынан мысалдар келтіре отырып, алғашқы сөзді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлына берді.
Ол көпшіліктің алдына шығып, осы күнгі жиынның мақсатына кеңінен тоқталды. Мұхаммед пайғамбарлың өмірі жайлы айтып, өзінің Қостанай өңірінде болған аз уақыттың ішінде қандастарымыздың ниеттерінен дінімізге деген құрмет пен ұмтылысты байқағандығын да баяндады.
Содан кейін Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов сөз сөйлеп, барша үлкенді-кішілі қауымды ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммедттің (с.ғ.с) туған күнімен шын жүректен құттықтап, жерлестерімізге денсаулық, отбастарында бақыт пен қуаныш тіледі.
Жиында Солтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай құрметті қонақ ретінде және Мүфти хазреттің атынан қостанайлықтарды Мәуліт мейрамымен құттықтап, ғибратты насихат айтып өтті.
Мұндай басқосулар ән мен күйсіз өтпейтіндігі белгілі. Онда Арқалық қаласы мешітінің бас имамы Бектұрсын бауырымыздың ұлы Дінмұхаммед нақышына келтіре әуелете ән шырқады.
Сондай-ақ белгілі қаламгер Қыдырбек Қиысқанның орындауындағы Шал ақынның өсиетін де жұртшылық өте жылы қабылдап, өздерінің шынайы ризашылықтарын білдірді.
Баршаға мәлім, Қостанай өңірінде де дін тақырыбына қалам тартып жүрген ақын-жазушылар баршылық. Солардың бірегейі — Қазақстан қажылар қауымдастының арнайы грамотасының иегері, еліміздегі күллі мұсылмандар тарапынан өзінің жоғары бағасын алған «Мінәжәт» кітабының авторы, республикамызға белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет те тебірене сөз сөйледі.
Сөздің орайы келгенде «Теріс ағымның зардабы» деп аталатын сахналық көріністің де көпшілік қауымға үлкен ой салғанын айтып өткеніміз абзал. Ондағы әрбір адамның сөзі мұсылмандар қауымының жүректеріне жеткен секілді.
Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ бар ма? Сахнаға осы ежелден келе жатқан ұлттық өнерімізде өздерінің орындарын ойып алған танымал айтыс ақындары Айбек Қалиев пен Қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов шыға келгенде залдағы отырған қауым оларға деген өздерінің шынайы ықыластарын ұзақ қол шапалақтаумен білдірді.
Бұлай қошемет көрсетудің де өзіндік реті бар еді. Себебі, қос азамат та талай айтыстарда өздерінің жарқын дарындарын, рухани қазынамыз сөз маржандарын төгілте білетіндігін әбден мойындатқан біртуар бауырларымыз.
Олар осы жолы да тапқыр сөздерімен, мәнді де мағыналы қиыннан қиыстырған сөздерімен де бүкіл ағайындарды тәнті етті. Домбыра қағыстары да өздеріне ерекше жарасты. Олардың айтыстарынан барша жұртшылық үлкен ләззат алды.
Имандылық отбасынан басталады
Кеш өте ғибратты өтті. Өйткені, жиналған адамдардың бәрі де Мәуліт мерекесі әлемдегі барша мұсылманның өмірінен ерекше орын алатындығын терең түсінді. Ислам діні жер бетіндегі ең әділетті де адамзатты ізгілікке бастайтын дін екендігін айғақтайтын қаншама мысалдар келтірілді.
Халық жалпы, ән мен күйге де өте сусап қалыпты. Бұлай дейтін себебіміз үш жігіттен тұратын топтың мәнді де мазмұны терең әндерін жерлестеріміз барынша ұйып тыңдады.
Мешіт қашан да демеушілерге сүйенеді. Сондықтан өңірдегі жүректері имандылыққа толы әрі осындай діни мерекелерде қолдау көрсетіп жүрген азаматтар да жетерлік.
Облыстың бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет сахнаға көтеріліп, бірқатар дін жанашырларына ілтипат көрсетіп, олардың азаматтығына шын мәніндегі ризашылығын білдірді. Алғыс хат тапсырып, ұлттық дәстүріміз бойынша иықтарына шапан жапты. Олардың қатарында Мұхамеджан Турдахунов, Төлеген Жайлаубаев, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов және басқа да елге танымал тұлғалар бар.
Есімі көпке белгілі кәсіпкер Төлеген Жайлаубаев «Наурыз» ықшам ауданындағы облыстық жаңа мешіттің құрылысын аяқтауға ат салысуға барлық мұсылман қауымды шақырды.
Осы «Адамзаттың ардақтысы» атты мерекелік рухани кеште Бахытбек Нұрғабылұлы бастаған аудан және қала имамдары Мәуліт оқыды. Жиналған жұртшылық бас имамның сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігіне тағы да көздері жетті.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл имамы жас та болса, адамгершілігі мол жан екендігін айқын дәлелдеді. Соның бір жарқын айғағы ретінде облыстың бұрынғы бас имамы, марқұм Ертай қажы Балахметтің анасы Зейнеп қажыға ерекше құрмет көрсетті.
Осы кеш барысында біз Қостанай қаласының байырғы тұрғыны Сайлаубай қажы Молдашты әңгімеге тартқан едік. Ол кештің әсері жайлы бізге былай деді:
-Жалпы, Мәуліт мерекесі өте жоғары деңгейде өтті. Оны ұйымдастырған облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлына, «Зекет» қорының өңірдегі өкілі Жақсылық қажы Ғайсинге және барша жанашырлық танытып, демеушілік жасаған азаматтарға деген алғысым шексіз.
Кештен түйгенім өте мол. Сахнада қойылған көрініс те, оқылған діни өлеңдер де, ұйымдастырылған ақындар айтысы да бәріміздің көңілімізден шықты. Ең бастысы, Қостанай өңірінде де мұсылман ағайындардың Ислам дініне деген құрметі айрықша екендігіне тағы да көзім анық жетті.
Мұндай тағылымдық кештердің әсіресе, біздің өміріміздің жалғасы болып табылатын жастарға тигізер ықпалы зор екендігін айтқым келеді. Себебі, бүгінгі басқосуда қаншама әншейінде ести бермейтін ұлағатты сөздер, терең ойлар, мағыналы сөздер айтылды.
Содан кейін Мәуліт мерекесінің құрметіне Қостанай шаһарындағы «Премиум Палас» мейрамханасында ақ дастархан жайылды. Онда да Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері Жолбарыс қажы Баязид, Нағашыбай Мұқатов және өзге де халық сүйіспеншілігіне бөленген азаматтар сөз сөйледі.
Кештің соңында ғасыр ғұмыр кешкен Күлімжан апамыз залдағы барша үлкенді-кішілі қауымға ақ батасын берді.
Жақсанов Оразалы Отынбайұлы
Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сейіт Темірбекұлы Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Қостанай автомобиль көлігі колледжінде» болып, «Қазақстандағы дін» атты тақырып төңірегінде сөз қозғады.
Кездесуде студенттерге қазіргі таңдағы діннің қоғамдағы маңыздылығы жайында және Ислам бейбіт діні екенін турасында айтылды. Әртүрлі теріс, радикалды ағымдармен шатастыруға болмайтыны және кез-келген адам дін төңірегінде сауатты болуы керек екендігі де тілге тиек етілді.
Жастардың теріс ағымдардың ықпалына кетіп қалмауы үшін дәстүрлі Ислам дінін оның ішінде ханафи жолын жетік менгеруі керектігі, ата-ананы құрметтеуді, үлкенді сыйлауды, көршімен тату болумен қатар жақсылыққа шақырып жамандықтан тыйю мұсылмандық уазипалары туралы да кеңінен тоқталып өтті. Жиын соңы студенттердің қойған сұрақтарын толыққанды жауап беріліп тамамдалды.
ҚМДБ Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Раб-уль әууәл айы басталғалы бері Арқалық қаласы бойынша және осы өңірдегі ауылдық мешіттердегі шәкірттер мәуліт қасидаларын оқып, салауаттар айтылып, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірі туралы уағыздар жалғасып келеді.
Сонымен бірге қалада спорттық сайыстар апталығы өткізіліп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық іс-шаралары да бірге жалғасын табуда.
Осы шаралардың қорытындысы іспеттес, қаладағы жасөспірімдер театрында «Адамзаттың ардақты елшісі» атты рухани кеш халыққа есігін айқара ашты. Кешті қаладағы «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіттің шәкірті Серікбай Нұрсаят қасиетті Құран аяттарын оқумен ашып, одан әрі Алашқа аты мәлім Қалиев Айбек бауырымыз жүргізді. Жүргізуші өз кезегінде жамағатқа ой салар мысал сөздермен , тәлімді де тәрбиелі жыр жолдарын арнады.
Бұл шараға ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы да арнайы келіп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, мәуліттің мән-маңызын түсіндіріп, ата-ананы қадірлеу, үлкенге құрмет-кішіге ізет көрсету туралы тұшымды уағыз айтты. Дінді насихаттай отырып өткізілген спорттық сайыстардың жеңімпаздарын, шараға үлес қосқан мекеме басшыларына алғысын жеткізіп, естелік сыйлықтармен марапаттады.
Мәуліт мерекесі құрметіне спорттық іс-шараны өткізуге мұрындық болған «Қайрат» спорт кешенінің директоры Шалабаев Рүстемге «Алғыс хат» табыс етті.
Арқалық қаласының әкімі Ғазиз Ерболатұлыда жиналған көпшілікті құттықтап, өкіл имам Бахытбек Нұрғабылұлына шапан жапты.
Кеш барысында отбасылық тәрбиеге қатысты «Бақыт деген не?» атты сахналық қойылым көрсетіліп, мектеп оқушылары Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «талағал бәдру» салауатын айтты және ғибратты иләһи әндер орындалды.
Оспанов Сұлтанғали ағамыз өз отбасы атынан «Мүмкіндігі шектеулі» кісілер арасынан «Рухы биік жандар» атты командамен сайысқа түскендерге бағалы сыйлықтар табыс етті.
Шара соңында Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы Мәуліт мерекесін өткізуге ат салысқан демеуші азаматтар мен алыс-жақыннан келген қонақтарға шынайы алғысын жеткізіп, кешті тамамдады.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Осы күндері әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде Қостанай облысына қарасты Лисаков қаласы мен Таран ауданында және тоғыз жолдың торабы болған Тобыл бекетінде де екі дүние сардары болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) Мәуліт мерекесі аталып, рухани кештер ұйымдастырылды.
Қостанайдағы ҚМДБ-ның өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы аталмыш шараларда жиналғандарды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, Мәуліт мерекесі туралы уағызында Мұхаммед пайғамбардың өмірі туралы айтып өтті.
Шараға Арқаның ақиық ақыны Айбек Қалиев және Сырдың белгілі ақыны Мұхтар Ниязов өз өнерін көрсетіп халықтың ыстық ыхласына бөленді.
Мұндай рухани кештер әлі де Қостанай өңірінің басқа қалалар мен аудандардында жалғасын табуда.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі
Сабырлық – ол бойында көркем мінез және жүрегінде иманы бар адамның негізгі сипаты. Өмірде түрлі қиыншылықтарға тап болған адамға өз-өзін ұстай білуі әрине оңай іс емес, сондықтан болар сабыр етушіге берілетін сыйы мен оның алатын сауабының мөлшері көрген қиындықтарына сәйкес көбейе түседі екен.
Сабыр етушілер жайында Қасиетті құранда өте жиі айтылады, имам Ахмад (р.а.): «Сабырлықтың құндылығы жайлы Құранда тоқсан мәрте атап өтіледі»,-дейді. Сол аяттардың бірінде Алла Тағала:
﴿إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ﴾
«Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» (Бақара сүресі, 153-аят).
Өмір – сынақ, жақсылықпен қоса қиындық та қатар жүреді. Сол қиындықтарға мойымай сабырлық таныту – біздің міндетіміз. Кезінде шариғи ілімнен нәр алған бабаларымыз қанша қиыншылық көрсе де, сорақы-зұлматтарға сабыр етіп, сол қиыншылықтан өту жолдарын іздеп, қиындықтың арты жақсылық болатынына үлкен үмітпен Жаратушы Хақ тағалаға сыйынып, бойындағы имандылықтың жемісімен сабырлықтың үлгісін көрсете білген. Жүсіп Баласағұн атамыз: «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады»,-деген екен.
Қандайда бір қасыретке тап болған адам сабыр етсе, Алла тарапынан ақыретпен қатар осы дүниеде де лайықты бағасын алады екен. Бұл туралы Құранда:
﴿ وَإِن تَصْبِرُواْ وَتَتَّقُواْ لاَ يَضُرُّكُمْ كَيْدُهُمْ شَيْئاً﴾
«Егер сендер сабыр етсеңдер және тақуалықты ұстансаңдар, олардың (мұнафықтардың) қастық істері сендерге ешбір зиян қылмайды» (Әл-Имран сүресі, 120 аят). Бұл сабырлық жайлы Құранда келтірілген аяттар. Енді сабырлықтың құндылықтары жайлы ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистеріне тоқталып көрсек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): (والصبر ضياءً) «Сабырлық – ол нұр»,-деп қысқа да нұсқа айтып, сабырлықтың құндылығын атап өткен болатын (Имам Мүслім, Әбу Мәлік Әл-Әшғариден).
Сондай-ақ, Алланың Елшісі:
) ومن يتصبر يصبره الله ، وما أعطى الله أحداً عطاءً هو خير وأوسع من الصبر (
«Сабырлық таныту – ол Алладан берілген сый және Алланың алдында сабырлықтан артық сый жоқ»,-деді.
Ешбір адам, тіпті ол Пайғамбар, елші болсын Алладан жіберілген қасырет пен сынақтардан өздерін сақтандыра алмайды. Себебі қасырет-сынақты беретін де Алла, одан сақтайтын да бір Алла!
Құранда:
﴿ مَا أَصَابَ مِن مُّصِيبَةٍ إِلَّا بِإِذْنِ اللَّهِ ﴾
«Алладан бұйрықсыз ешбір қайғы-қасірет болмайды» (Тағабун сүресі, 11 аят). Барлық сынақ Алладан деген нық сенімді, қандай да бір қайғы-қасыретке тап болған адам есінен шығармауы тиіс. Сондықтан бір Аллаға ғана жалбарынып, дұға етіп, тәуекелге бел байлауымыз қажет.
Барлық қасыреттің Алланың қалауымен болатынын біле тұра, қалайша біз Аллаға қарсы келеміз?... Алладан жіберілген сынақтың барлығында да адамға пайдасы бар, себебі Алла әділ және Өзінің құлдарына жәбір көрсетпейді. Біле білсек Алла Тағала құлдарын күнәларынан тазартуы үшін сынақ жібереді екен, егер ол құлдарының күнәлары болмаса, онда олардың дәрежелерін көтереді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
)إن الرجل لتكون له المنزلة عند الله فما يبلغها بعمل ، فما يزال يبتليه بما يكره حتى يبلغه ذلك(
«Расында адамның басына қасырет берілсе және сол қасыретке сабырлық танытса, қанша жақсы амалдарымен де жете алмас деңгейге, дәрежесі көтеріледі»,-деген (Ибн Хиббан, «Сахих» кітабы, № 2896).
Және бір хадисте:
)ما يصيب المؤمن من هم ولا غم ولا نصب ولا وصب ولا حزن ولا أذى حتى الشوكة يشاكها إلا كفر الله بها من خطاياه(
«Иманды жанның басына түсетін уайым-қайғы, тіпті денесіне кірген тікеннің өзін Алла Тағала оның күнәларын кешіру үшін себеп қылып қойған» (Имам Әл-Бұхари). Міне, бұдан түсінетініміз, сынақ пен азғана ауруды Алла Тағала әлсіз бір құлының күнәсін кешірілуі үшін жасайтындығы.
Өз сөзінде Алла елшісі (с.ғ.с.):
)من يرد الله به خيراً يصب منه(
«Алла кімге жақсылық қаласа, оған сынақтар (қиындықтар) жібереді». Сондықтан адам баласы басына қандай да бір ауыртпалық келсе, соңының жақсы болатынына сенім артып, тек Алла разылығы үшін сабырлықта болуы қажет.
Мұсылманның басына қандай да бір қасырет келетін болса, оған ол соншалықты уайымдап, сабырсыздана өмірден түңілуі негізсіз болмақ. Себебі Алла Елшісі (с.ғ.с.):
)ما من عبد تصيبه مصيبة فيقول : إنا لله وإنا إليه راجعون . اللهم أجرني في مصيبتي واخلف لي خيراً منها إلا أجره الله في مصيبته وأخلف له خيراً منها(
«Егер құлдың басына қасырет түсіп және ол өз-өзін сабырлыққа шақырып: «Расында біз Алладанбыз және Оған қайтамыз. Ия, Алла! Осы қасыретте маған нығмет бере гөр»,-деп айтар болса, Алла ол құлын сый-сыяпатына бөлейді»,-деді (Имам Мүслім жеткізді). Яғни, қасыретке тап болғандар жоғарыдағы хадисте келтірілген дұғаны айтатын болса, оның сабыр еткені үшін Алла оған тиісінше нығметке бөлейтін болады. Сондықтан біздер Алланың нығметіне бөленуді қаласақ, мына шарттарды орындауымыз қажет:
- Барлық сынақтың Алладан екеніне және тек Алла ғана қасыреттен құтқаратынына нық сенімді болу.
- Алладан басқа ешкімге шағымданбау.
- Алладан ғана үміт етіп, Алла үшін ғана қайғыға төзімділік таныту.
- Барлық сынақта бір Алланың даналығы бар екендігіне сенім білдіру.
Бұл әрбір мұсылманның орындауы тиіс негізгі шарттары. Егер осы шарттар бұзылса, оның жеңіл жазасы – сауаптан құр қалып, бекерге қайғы-қасыретін көретін болады. Ал, ауыры – егер тағдырға, Алланың шешіміне қарсылық білдіріп, шағымданар болса, үлкен күнәға батуы әбден мүмкін. Сондықтан әрдайым ұстамдылықта болғанымыз дұрыс. Сабырлық қасиеттен ажырап, тағатсыздық танытар болсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Халқымыз: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді»,-дейді. Қандай да бір күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, керісінше Алла разылығы үшін барынша байыптылық танытса, одан асқан рухани байлық жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі болуы тек қана Ұлы Жаратушының құзырында екендігі анық.
Алла Тағала баршамызға дер кезінде, жауапты сәттерде сабыр етуді, ұстамды болуды нәсіп етсін! Әмин!
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед»
мешітінің бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы