Баршаға мәлім, үстіміздегі жылы елордамыз Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тікелей мұрындық болуымен «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында республикалық конференция болып өтті.
Онда еліміздің ауызбірлігін одан да нығайту, салт-дәстүрлерімізді жандандыру және басқа да өзекті мәселелер арқау болған-ды. Бұл күндері республикамыздың барлық өңірлерінде осынау үлкен бастама жалғасын табуда.
Жуырда Қостанай шаһарындағы «Достық» үйіндегі конференция да «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталды. Маңызды басқосуды Қостанай облысының өкіл имамы Бахытбек Нұрғабылұлы ашып, жүргізді.
Бұл жиынға ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров құрметті қонақ ретінде қатысы, алғашқы сөз берілді. Ол өз баяндамасында еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған бұл мәжілістің маңызы ерекше екендігіне тоқталды. Өзге жат ағымдардың алдын алу мақсатында елімізде ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, нәтижелі жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етті.
Сондай-ақ «зайырлық» деген ұғымның мағынасын жан-жақты түсіндірді. Баяндама барысында өзі қызмет атқаратын мұсылмандар басқармасы үстіміздегі жылды «Дін және тарих тағылымы» деп жариялағанын да жиналғандардың есіне салды.
Сонымен қатар ол аталмыш басқарманың тікелей мұрындық болуымен жарық көрген аса құнды «Дәстүрлі ислам жауһарлары» және «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп аталатын кітаптарды облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлына көпшілік алдында табыс етті.
Одан кейін Қазақстанға белгілі дарынды қаламгер, дін тақырыбына талай мәнді де мағыналы кітаптар жазған Ақылбек Шаяхметтің тың пікірлері де барша имамдар мен жастарға үлкен ой салды. Оның шешендігіне жерлестеріміз тәнті болды.
Қостанай облысы әкімдігінің дін істері басқарманың басшысы, іскер азамат Нұрхан Нөгербеков пен Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, танымал ғалым Қалқаман Жақыптың тыңғылықты дайындалған баяндамалары да нақтылығымен, терең тұжырымдарымен есте қалды.
Конференцияны жүргізуші (модератор) облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлының діндегі тұрақтылық пен ынтымақтастық жайлы баяндамасы да өте әсерлілігімен көпшіліктің назарын аударды.
Ол Қазақстандағы қалыптасқан халықтар арасындағы ынтымақ ортақ мақсат жолында аянбай еңбек етіп жатқан барша ұлт өкілдерінің ауызбірлігі мен достығының арқасында жүзеге асып келе жатқандығын баса айтты.
Бас имам 1990 жылы елімізде құрылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткен кезең ішінде ел игілігі үшін көп іс тыңдырғандығын айта келіп, республикамыздың жарқын болашағы ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерімізді берік сақтап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуге тікелей байланысты екендігін де жасырмады.
Конференцияға жиналған барша қауымға облыс орталығында ғұмыр кешіп жатқан 100 жасар Күлімжан әжеміздің құттықтауын Қазақстан қажылар қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Жақсылық Ғайсин оқып берді.
Ал, үстіміздегі жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған республикалық конференцияның үндеуімен көпшілікті облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов таныстырды.
Ұзын сөздің қысқасы, «Достық» үйінде ұйымдастырылған осынау мәжілісте көп жайлар ашық айтылды. Ислам дінінің жылдан-жылға қанатын жайып, күллі мұсылмандарды ізгілікке, адамгершілікке, Отанды сүюге баулып келе жатқандығы сөз болды.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы
өкілдігінің баспасөз қызметі