Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри

Ғибратнама

Шарапатты Шағбан – құлшылық айы

Алланың қалауымен биылғы жылдың 8-мамырынан Шағбан айы басталды. Шағбан айы көптеген қасиеттерді өз аясында қамтыған құлшылық айы. Алла Тағаланың пенделеріне деген ризық-несібесін молайтатын ай. Жақсылық атаулы бүршік жарып, береке біткен артып, ғибадат-құлшылықты жан-тәнімен атқарушылардың қателіктері кешіріліп, күнәларынан арылатын ай.

«Көптеген жақсылықтардың бастауы» деген мағынаға ие «шағбан» сөзімен аталған қасиетті ай, Ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына ерекше көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз»,-деген дұғасын жиі айтатын. Қасиетті Шағбан айына белгілі бір дайындық жасаудың мәні зор. Өйткені, Әбу Умәмә әл-Бәһилиден (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар»,-деген. Бұл айдағы сауабы көп құлшылықтың бірі − ауыз бекітіп, нәпіл ораза ұстау.

Айша (р.а.) анамыз айтады: «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) бірінің артынан бірін ұстаған оразасына қарап, енді ораза ұстауын тоқтатпайды деп ойлайтынбыз. Ал оразаны бірінің артынан бірін ұстамаған кездері, енді Ол оразаны ұстамайтын шығар деп ойлайтынбыз. Ол шағбан айында ораза ұстағанды ұнататын. Мен: «Ей Алланың Елшісі, Сенің шағбанда көп ораза ұстайтыныңды байқадым. Осының сыры неде?»-деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Я, Айша! Бір жыл ішінде қайтыс болатын адамдарыдың есімдері шағбан айында жеке дәптерлерінен өшіріліп, Азрайылға тапсырылады. Сондықтан оразалы күйімде есімім бір дәптерден өшіріліп, екіншісіне жазылуын қалаймын. Осы себептен шағбан айын жақсы көремін»-деп жауап берді.

Шағбан айында мұсылманның иманы толысып, кемелденеді. Әрі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл айды ерекше ұнатып, осы айды ораза ұстаумен өткізетін. Демек, бізге де осынау мүбарак айда шама-шарқымызға қарай ораза ұстауға талаптанғанымыз абзал екен. Усама ибн Заид (р.ғ.) риуаят етеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Я, Алланың Елшісі, айлардың ішінде шағбан айында көбірек оразада болғаныңды көремін»-дедім. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Осы айдан пенделердің көбісі ғапыл. Бұл ай – Ережеп пен Рамазанның ортасындағы ай. Шағбанда амалдар Алла Тағаланың хұзырына келтіріледі. Сондықтан амалымның оразамен көтерілгенін қалаймын»-деді.

Алайда Шағбан айының оразасын шамасы жеткендер ғана тұтқаны абзал. Егер Шағбан айында үздіксіз ораза тұтып, Рамазан айындағы парыз оразаға шамасы келмей қалуынан сезіктенген адам болса, ол адамға Шағбан айында ораза тұтудың қажеті жоқ. Өйткені Шағбан айындағы ерікті оразадан Рамазан айындағы парыз ораза маңызды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (оған Алланы игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды Рамазан айына екі- үш күн қалғанда ораза ұстаудан тыйған. Әбу Хурайра (оған Алла разы болсын): «Шағбан айының бірінші жартысы өткен соң ораза тұтпаңдар»,- деген Пайғамбарымыздың сөзін жеткізеді.

Шағбан айының тағы бір қасиеті, осы айдың орта шеңінде ұлық бір түн бар. Ол – мамыр айының 21-нен 22-не қараған мүбарак Барағат түні. Себебі бұл түні мұсылмандарға рахмет, берекет, жақсылық, кешірім және мағфират жауады.

Али бин Әбу Талибтен (р.ғ.) риуаят етілген бір хадис шәрифте былай делінген: «Алла Тағала шағбанның он бесінші түні дүние аспанына түседі. Мыналардан өзгенің бәрінің күнәлары кешіріледі. Кешірімнен тыс қалғандар: мүшрік, мұнафық, туысымен қарым-қатынасын үзген және зинақор әйел».

Алла Тағаланың «дүние аспанына түсуі» деген сөзі, Оның рахметі мен берекетінің, қайыр мен нығметінің түсуі. Көк есіктерінің ашылуы, дұғалардың дереу қабыл болуы әрі құлдарына рахым мейірімімен қарауы. Өйткені Алла Тағалаға мекен тағайындау дұрыс емес.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүбарак сөздерінде: Жәбрәйілден (ғ.с.): «Бұл түні мына есіктер қашанға дейін ашық тұрады?»-деп сұрағанымда Жәбрәйіл (ғ.с.): «Таң атқанша»,-деді де: «Я, Мұхаммед! Алла Тағала осы түні тозақтан құтқаратын құлдарының саны Бәни Кәлб руының қойларының жүндерінің санындай (Яғни, кейбіреулерден басқа, барлық мұсылмандар кешіріледі)»-деді. Қалб тайпасы – көп қой өсіруімен танылған тайпа болатын. Сол себепті де хадисте осы түні көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.

Бұл түні не істеу қажет?

Бәрат түнін дұрыс қарсы алу үшін, бұл түнді ұйқысыз өткізген абзал. Егер кімде кімнің шамасы жетсе, бұл түнді тек құлшылықпен өткізгені жақсы. Алайда кімнің бұған шамасы жетпесе, ол адам осы түннің кез келген бөлігін құлшылыққа арнай алады. Құлшылыққа түннің екінші бөлігін арнап, мына ғибадат түрлерін атқарса болады:

- Намаз. Намаз – осы түнде атқарылатын ең абзал құлшылықтың бірі. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы. Егер кімде кім ұзақ сүрелерді есіне түсіре алмайтын болса, бір ракағатта қысқа бір сүрені бірнеше рет қайталауына да болады.

- Тиләуәт. Қасиетті Құранды оқу – осы түні атқарылар пайдалы құлшылықтың түріне жатады. Намаз оқып болған соң, я болмаса басқа уақытта шамаңыз жеткенше Құран оқыңыз.

- Зікір. Бұл түнді зікірге арнаған өте жақсы. Әсіресе Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Сондай- ақ зікірді жүріп бара жатқанда, төсекте жатып және де жұмыс уақытында немесе жұмыстан тыс уақытта да оқуға да болады.

- Дұға. Бұл түні бізге көп пайда әкелетін ғибадаттың бірі. Осы түні Алла Тағала дұғамызды қабыл етеді деген үміт бар. Дұға – ғибадат. Алла Тағала жасаған әрбір дұға үшін сұраушының мұқтаждығын өтеп қана қоймай, сауап та жазады. Тіпті сұраған нәрсесі қол жетімсіз болса да, ол адам жасаған дұғасы үшін сауаптан құр қалмайды. Сонымен қатар дұға барлық ғибадаттың өзегі болып табылатын Алла мен адамның байланысын арттырады. Адам баласы қалағанынша, кез келген түрде дұға ете алады, алайда ең жақсы дұға – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғалары. Бұл дұғалар шебер сөздерімен пенденің бұл өмірдегі әрі ақыреттегі барлық мұқтаждығын қамтиды. Расында да Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы соншалықты терең мағыналы, тіпті пенденің оған баға беруге шамасы жетпейді.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы жайлы көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде я болмаса өз ана тілінде сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.

- Нәпіл намазды я болмаса Құранды белгілі себептерге байланысты оқи алмаған адамдар болса (ауру, әлсіздік немесе шұғыл тірлігі бар болса). Ол кісілерге осы берекелі түннің сауабынан құр қалмас үшін төмендегі амалдарды орындауды ұсынамыз:

1. Ақшам, құптан және таң намаздарын мешітте, егер сырқат болып, шамасы жетпесе үйінде оқысын.

2. Үнемі зікір айту, әсіресе салауат. Кез келген халде, адам ұйықыға кетпейінше зікірде болуы тиіс.

3. Алладан кешірім тілеу. Мұны төсекте жатып та сұрауға болады.

- Әйел адамдар етеккір кезінде намаз бен Құран оқи алмайтындықтан, олар кез келген зікірді айтып, тасбих тартып, салауат айтуы керек. Сонымен қатар Құран мен хадистерде келген араб тіліндегі дұғаларды дұға ету ниетімен оқи алады.

- Сенімділігі әлсіз хадиске сәйкес, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы түні Бақый қорымында болып, сол жерде жерленген мұсылмандарға дұға еткен деп айтылады. Осыған негіздеп кейбір фақиһтар осы түні қорымға барып, ол жердегілерге «Фатиха» сүресін я болмас Құраннан аяттар оқуды ұнамды іске жатқызған. Алайда бұл амал міндетті емес әрі мұны парыз амалдың дәрежесіне көтерудің қажеті жоқ.

Жоғарыда атап айтылғандай Бараат түні – мұсылмандар үшін ерекеше түн. Сондықтан да осы түнді Аллаға толықтай мойұсынған күйде өткізу қажет. Әрі Алланың алдында ұнамсыз амалдардан тиылу қажет. Дегенмен әрбір мұсылман әр кезде күнәлі істерден аулақ болуы қажет. Осындай түндері күнәлі іс жасау үлкен қылмыс әрі Алла Тағалаға бойұсынудан бас тартқандық болып саналады. Мұндай амал Алланың қаһарына ұшыратады. Сондықтан да барынша күнәлі істерден тиылуымыз қажет, асылында осы түнгі жасалған күнәлар бұл түннің барлық нығыметінен құр қалдырады.

Шағбан айының (13, 14, 15) күндері ораза ұстаудың сауабы зор. Бұл күндер «Аямул байд» яғни ақ күндер деп аталады. Хижри жыл санау бойынша әр айдың ортаңғы күндері ораза ұстау қажет. Себебі бұл күннің түндерінде ай толықсып, түнді нұрға бөлеп тұрады. Бұл күндері ораза ұстаған адамның жүрегін Алла Тағала дүние қараңғылығынан ағартады. Сол үшін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шағбан айының ортасының түні болғанда күндізінде ораза болып, түнінде намазға тұрыңдар»,-деді.

Олай болса, қадірменді мұхтарам жамағат Алла Тағала алдымызда келе жатқан Мүбарак Шағбан айын және ұлық Барағат түндерін баршамызға құтты қылып, Осы айды Алла разылығы үшін тағат-ғибадатпен өткізуді шын жүрегімізден ынталандырсын. Еліміз көркейіп, дініміз марқая берсін!

Шағбан айындағы нәпіл ораза ұстайтын күндердің сәресі және ауыз ашар уақыттарының кестесі:

Мезгілі 20.05.2016 21.05.2016 22.05.2016
Сәресінің аяқталуы 03:27 03:25 03:25
Ауыз ашар уақыты 21:55 21:57 21:57

Ескерту: Аталмыш уақыттар Қостанай қаласының координаттары бойынша берілді.

Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы
ҚМДБ-ның Қостанай облысы
бойынша өкіл имамы

алдыңғы мақала
Бауырмалдық – басты байлық
кейінгі мақала
Қасиетті Рамазан айы мүбарак болғай

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником