Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұжымы демеушілердің қолдауымен үнемі қайырымдылық мақсатында нақты жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы сөзіміздің дәлелі ретінде жуырда көмекке мұқтаж 27 отбасына азық-түлік тапсырылды. Әрине, шаңырақ иелері имандылық ордасының қызметкерлеріне өздерінің шынайы алғысын білдірді.
Жүрегі мейірімге толы дін қызметкерлері мен жомарт жандарға Алланың нұры жауа берсін!
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облыстық өкілдігі «Жайлаубай ата» мешітінде «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығы және ас беру мәдениеті» тақырыбында семинар өткізді.
Бұл іс-шараға қала имамдары, облыстық мешіттің найб имамы Әлішер Балахмет қатысты. Жиында «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының жауапты қызметкері Ерлан Өмірбекұлы ақпараттық насихатты жеткізді.
Семинарға қатысуш дін өкілдері көкейдегі сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінің Бас имамы Нұрхан Асанұлының бастамасымен Халықаралық балаларды қорғау күні ойдағыдай аталып өтілді.
Мәселен, ол бастаған қызметкерлер аталмыш шаһардағы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатында болды. Онда тәрбиеленіп жатқан жиырма оқушыға тәттілерді табыс етті.
Бас имам балаларды мерекемен құттықтап, оларға ең ізгі тілегін білдірді. Естелікке суретке түсті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Лисаков қалалық «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінің ұжымы және демеушілер жергілікті жамағаттардың балаларына есте қаларлықтай ойын-сауық ұйымдастырды.
Бұл тағылымы мол басқосуда Бас имам Әкімбек Асанов бүлдіршіндерге сыйлықтарды табыс етті. Сондай-ақ, оларға дәмді тағамдармен бірге сусындар да берілді.
Үлкен қуанышқа кенелген балдырғандар мен ата-аналар мешіт қызметкерлері және жанашыр азаматтарға шынайы алғысын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Облыстық мешіттегі семинар: «Әл-Азһар» университетінің түлегі, Шығыс Қазақстан облысындағы «Халифа Алтай» мешітінің ұстазы Бекзат Азатбекұлы Құсанбаев Қостанай қаласына арнайы іс-сапармен келді.
Ол алдымен облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде ЖАНТ өкілдерімен «Діни талас-тартыстың салдары» тақырыбында семинар өткізді. Жиыннан дін қызметкерлері көп жайды көңілдеріне түйді.
РАНТ мүшесі курсанттармен кездесуі: Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Абзал Сұлтанғалиұлы Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігіне қарасты Қостанай академиясының курсанттарымен кездесті.
Онда олар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер туралы айта келіп, жастарды толғандыратын жайлар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Тыңдаушылар көкейде жүрген сауалдарына тұщымды жауап алды.
«Марал ишан» мешітінде: РАНТ мүшесі Бекзат Құсанбаев Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітіне де ат басын бұрды. Онда жиналған жамағатпен «Ихсан жүрек тәрбиесі» тақырыбын қозғады.
Ұстаз көтеріліп отырған көкейтесті мәселе хақында жан-жақты әңгімеледі. Жүздесу барысында мәртебелі қонақ қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Жазасын өтеушілермен жүздесті: Елімізге танымал азамат, Шығыс Қазақстан облысындағы «Халифа Алтай» мешітінің ұстазы Бекзат Құсанбаев Қостанай қаласындағы № 38 түзету мекемесінде де болып, жазасын өтеушілермен кездесті.
Онда «Фиқһтағы мазһап түсінігі мен Ақида мәселесіндегі мазһап түсінігі» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай өңіріне сапары барысында Арқалық қалалық «Мұхтасиб Әлмұхаммед» мешітінің тынысымен танысты.
Бас мүфти аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы және мешіт ақсақалдарымен жүздесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ мешіт музейін тамашалап, Қостанай өңірінің дін қайраткері, тарихи тұлға Әлмұхаммед Оспанұлының қолданған заттары, киімдері мен қолжазбалары, кітаптарымен танысты.
Айта кетейік, бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Арқалық қаласында үйі суға кетіп, баспанасыз қалған өңір тұрғындарына пәтер кілтін табыстайды.
Дереккөз: https://www.muftyat.kz/kk/news/qmdb/2024-05-28/44746-bas-mfti-aralyi-meshtne-arnajyi-bardyi-foto
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың жаңа пәтеріне арнайы құттықтап барды.
Бас мүфти Арқалық қаласындағы қуаныш иелерін қоныс тоймен құттықтап: «Қиындыққа жеңілдік беріп, қайғы соңын қуанышқа ұластырған Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Жаратушы Иеміз жаңа баспаналарыңызға бақ-береке беріп, отауларыңыздан елге, жерге қызмет ететін ұл-қыздардың өсіп шығуын нәсіп еткей» деп ақжарма тілегін арнады.
Айта кетейік, бүгін ҚМДБ Төрағасы Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтер кілтін табыс етті. Олардың қатарында Әйел-қыздар секторының ұйытқы болуымен баспаналы болған Дәулет Дүйсенбаевтың көпбалалы отбасы бар.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысындағы Арқалық қаласына арнайы іс-сапармен келді.
Ол «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен жеті отбасына баспана кілтін тапсырды.
Дін қайраткері жиналғандар алдында тебірене сөз сөйлеп, мұндай қиын сәттерде халқымыз қашан да ынтымақ пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп отырғандығын айтты.
Жалпы, Торғай өңіріндегі апатта баспанасыз қалған шаңырақтарға қолдау танитуда облыстағы бауырлас әзербайжан-түрік бауырлар да аянып қалған жоқ. Олар Амангелді селосында 1, Жангелдин ауданында 2 үйді алуға өздерінің қомақты үлестерін қосты.
Бұл орайда «ЮК-Логистик», «Бест-Костанай», «Атамекен ДС», «Вадиса-М», «Лиман», «Агро-Корн», «Вита-Гарден» жауапты шектеулі серіктестіктері мен «Кызылдаш» дәмхана ұжымдарының демеушілік жасағандарын ерекше ықыласпен атап өткен жөн.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Рудный қалалық «Нұр» мешітінде мектеп жасындағы шәкірттер арасында Құранның 30-шы парасы және оның жартысын жатқа оқудан “Құран сарқылмас қазына” атты облыстық деңгейде құран жарысы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараға өңірдің қалалары мен аудандарынан үміткерлер қатысып, бақтарын сынады. Оларға облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Тимур Туребаев, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің ұстазы Әлібек Қылышбек және Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмухамед» мешітінің ұстазы Арлан Нұғмановтар әділқазылық етті.
Жарыс қорытындысы бойынша 30-шы параны жатқа оқу бойынша І орынды Дінмұхаммед Ғазиз, ІІ орынды Еркебұлан Алдажаров, ІІІ орынды Ернар Ермағамбет, ал жарты пара бойынша І орынды Әділет Алдажаров, ІІ орынды Абдуррахман Сәндібек, ІІІ орынды Арсен Ермағамбет иеленді.
Жеңімпаздарға ақшалай және естелік сыйлықтар табыс етілді. Жиналған қонақтар мен шәкірттерге, жамағатқа «Ықылас» дәмханасында дастархан жайылды. Онда ұстаздар Құран құндылығы жайлы насихат айтып, үлкендер бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті ұжымының ұйымдастыруымен жергілікті ақсақалдармен арнайы жиын өтті. Оны ашқан Бас имам Нұрхан Асанұлы «Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, аға ұрпақ өкілдерінің көмегі мен ықпалы қашан да маңызды екендігіне тоқталды.
Басқосуда ақсақалдар мектебін құру, қабір зиратын бір ізге түсіру, ас беру мәдениеті сынды өзекті тақырыптар қозғалып, көтерілген мәселелер толықтай қолдау тапты.
Жиын соңында көпшілікке дастархан жайылды. Онда осы өңірге сыйлы абыз ақсақал бата берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі