Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы бойынша Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешітінің Бас имамы Дархан Сыздықовтың ұйымдастыруымен салтанатты жиын болып өтті.
Онда «Имани жаз 2024» діни сауат ашу курсын тәмәмдаған 25 шәкіртке арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Сабақ барысында оларға ұстаздар Бекзат Қапар мен Мәдениет Нарбаев дәріс берді.
Түлектер сабақ барысында «Құран әліппесі», «Ұлттық құндылықтар», «Дін мен дәстүр» және «Ислам әдептері» тақырыптарынан білім алды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің имамдары «Генерал Самат Бәкіров» атындағы демалыс базасында болып, Рудный қаласындағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды үлкен қуанышқа кенелтті.
Онда ұлдар мен қыздар өздерінің бойларындағы өнерлерін көрсетіп, би билеп, ән салды. Жазғы демалыстарын жоғары көңіл-күймен өткізіп жатқан өскелең ұрпаққа дастархан жайылып, қазақтың ұлттық тағамы ет ұсынылды.
Мешіт қызметкерлері оларға болашақта еліміздің нағыз патриоттары атануларына ең ізгі тілектерін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет қалалық «Марал ишан» мешітінде болды. Ол мұнда жамағатпен кездесіп, «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбында дәріс оқыды.
Жүздесуде қазіргі таңдағы қоғамдағы дәстүрдің алар орны жайлы жан-жақты насихат айтылды. Тәлімді уағыз жиналғандардың көңілінен шығып, үлкен әсер қалдырды.
Белгілі дін қайраткері дәріс соңында жамағаттың қойған сауалдарына тұшымды жауап берді. Көкейінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкілдігі діни оқу-ағарту бөлімінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында облыстық Құран жарысы болып өтті.
Әділқазылар алқасының шешімі бойынша І орынға Арқалық қалалық "Мұхтасиб Әлмұхаммед" мешітінен Манаш Русланұлы (80 000 теңге) ие болды. ІI орынға Наурызым аудандық "Түркебай ата" мешітінен Ерасыл Қоқаев (50 000 теңге) көтерілді. Ал ІII орынға Қостанай қалалық "Марал ишан" мешітінен Мухаммадсодиқ Сайдмуродов (30 000 теңге) ие болды.
Жарысқа қатысқан барша талапкерлерге облыстың бас имамы атынан арнайы ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жұртшылықтың есінде болар, жалпы тасаттық – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Онда мұсылман қауымы жиналып, құрбандық шалады. Сауабын аруақтарға бағыштайды. Қасиетті Құран оқылып, құдайдан жаңбыр жаууын тілейді.
Міне, жұма күні Қостанай қаласының Тобыл өзенінің жағалауына халық көп жиналды. Онда Қостанай облысының Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет сөз сөйлеп, дініміздегі тасаттықтың мән - маңызына жан-жақты тоқталды.
Содан кейін елордамыз Астанадағы республикалық Бас мешіттің Қары әрі Құраннан ұстаз Мұртаза Ертайұлы намаз өткізді. Бұл жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, абыз ақсақалдар, ел ағалары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жалпы, өңір бойынша әзірше тасаттыққа 21 ірі қара сойылып, оның еті көмекке мұқтаж отбасыларға таратылып берілді. Оған шаруа қожалықтарының басшылары демеушілік етуде.
Жиын соңында Бас имам егін өсіріп отырған барша ағайынға бітік астық, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әрбір шаңыраққа ырыс-береке мен молшылық тіледі.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешітінде маусым айының 10-28 күндері аралығында «Имани жаз-2024» сауат ашу курсы ойдағыдай өткізілді.
Онда Бас имам Нұрхан Асанұлы балаларға үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету жайында ақыл - кеңесін айтты. Сондай-ақ, өздерін жақсы қырларымен көрсеткен шәкірттерге тәттілер үлестіріліп, дастархан жайылды.
Жоғарыда аталған мерзімде шәкірттер тиянақты діни білім алып, уақыттарын барынша тиімді пайдалануға тырысты. Ұстаздар оларды ізгілікке, адамгершілікке баулыды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы», қалалық «Жайлаубай ата» және «Марал ишан» мешіттерінде «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсының алғашқы түлектеріне арналған жиын болып өтті.
Облыстың Бас имамы Бахытбек қажы Тәжімбет шәкірттерді құттықтай отырып, уақытты тиімді пайдаланып, зеректік танытқан балаларға шынайы алғысын білдірді. Ол өз сөзінде: «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз. Адам баласы уақыт талабына сай рухани құндылықтарды игеріп, жан-жақты білікті азамат болып қалыптасуға талпынулары керек. Еліміздің болашағы өздерің, сондықтан мен сендерге әрқашан тілектеспін», - деді.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, «Имани жаз» курсы шілде айының соңына дейін жалғасын табады. Сауат ашу курсында шәкірттерге аптаның 5 күнінде түрлі тақырыптар бойынша білім беріледі. Мұнда «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі» пәнінен, соның ішінде "Әдет-Ғұрып", "Салт-дәстүр" және "Ұлттық құндылықтар" сынды танымдық дүниелер қамтылады.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өткен жұма күні Науырзым ауданында жергілікті жұртшылық бас қосып, Алланың рақымына жол ашатын ең ұлы амал тасаттыққа байланысты жиын өткізді.
Аудандық «Түркебай ата» мешітінің Бас имамы Есет Ғәбдімәліктің айтуына қарағанда, аға буын өкілдері мен мешіт жамағаттары тасаттық намазын оқып, дұға жасады.
Содан кейін аудан әкімі Мәди Өмірзақұлы бастаған ел азаматтары бірігіп, ірі қара малды құрбандыкка шалды. Оның еті әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға таратылып берілді.
Жиынның соңында қалыптасқан дәстүр бойынша еліміз бен жеріміздің тыныштығы, биылғы жылы жаңбыр мол жауып, егін бітік шығуы үшін бата жасалды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жуырда Қостанай қалалық” Жайлаубай ата” мешітіндегі “Аталар мектебінің” кезекті жиналысы болып өтті.
Онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үстіміздегі жылы бекіткен «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбы аясында әңгіме өрбіді.
Жиында атадан балаға мирас болған қазақ халқының дәстүрін насихаттауда арамызда жүрген абыз қарттардың алатын рөлі ерекше екендігі айтылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Елімізге белгілі дін қайраткері, Қостанай қалалық “Жайлаубай ата” мешітінің Бас имамы Шоқан қажы Әмірханов басқаратын ұжымдағы қызметкерлер жыл сайын “Имани жаз” курсы шәкірттерінің уақыттарын тиімді де мазмұнды өткізуге айрықша көңіл бөледі.
Осы сөзіміздің жарқын айғағы ретінде биылғы каникул кезінде мұнда діни сауатын ашып жатқан жасөспірімдерге арналған “Тәні саудың - жаны сау” атты бағдарламасына сәйкес есте қаларлық демалыс ұйымдастырды.
Оларды арнайы жабдықталған бассейнге алып барды. Онда балалар суға шомылып, мәз-мәйрам болды. Осылайша оқушылар білімді салауатты өмір салтымен байланыстыруда.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі