Бүгін Елордада Қазақстан және Ресей мұсылмандары діни басқармаларының ұйымдастыруымен басталған «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференцияға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев жастардың санасына жат ағымдарға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
«Радикализмге адамдар қандай себеп бойынша бұрылып кететінін анықтау қажет. Оған жекелеген адамдарды гуманистік, интеллектуалдық, мәдени жағдайлар да итермелеуі мүмкін. Сондықтан да заманауи зайырлы мемлекеттің дін өкілдері аймақтардағы дәстүрге мән беріп, мәдени бағыттағы, ғылым мен білім саласындағы артықшылықтарды ескеруі тиіс деп ойлаймын.
Біз жас ұрпақтың дүниетанымын дұрыс қалыптастыруымыз керек. Қазіргі жастар өз пікірлерін ашық айта алады. Олар бәсекеге қабілетті, білімге құштар. Ең бастысы олардың санасына жат ағымдарға қарсы мықты иммунитет қалыптастыру маңызды», – деді Дәурен Әскербекұлы.
Елордада өтіп жатқан «Рухани Жібек жолы. Ислам және жастар: қазіргі заман сын-қатерлері» атты IV Халықаралық ғылыми-діни конференцияда баяндама жасаған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Жібек жолы елдерінің рухани картасын жасауды ұсынды.
«Өткенсіз болашақ жоқ. Біз өткеннен өнеге алған халықпыз. Осы ретте әріптестеріме Ұлы Жібек жолы елдерінің «Рухани картасын» жасауды ұсынамын. Рухани карта өскелең ұрпақтың тарих пен руханият саласына қатысты сұрақтарына жауап беретін бейнебір бағдаршам, шамшырақ болуы тиіс. Тарихынан тағылым алған, ал тарихи тұлғалардан тәлім көрген ұрпақ діні мен дәстүрін үйлестіріп, өнегелі өмір сабақтастығын қалыптастырмақ. Бұл бастама тарихшы ғалымдар мен дін ғұламаларының Жібек жолы тарихын ғибраттың көзімен қайта зерттеуін қажет етеді», – деп атап өтті өз баяндамасында Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Айта кетейік, конференция жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Ресей мұсылмандары діни басқармасы және Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы, мүфти, шейх Равиль Гайнутдин, Өзбекстан мүфтиі Усмонхон Алимов, Қытай Ислам қауымдастығының төрағасы Хасан Фа Мин, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы Тоқтомушев, Моңғолия мүфтиі Батырбек Хадыс, Финляндиядағы Ислам орталығының төрағасы Голтен Бедретдин, т.б. дін қайраткерлері, діни саладағы мемлекеттік органның басшылары, зиялы қауым өкілдері, жалпы саны 300 делегат қатысуда.
Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы орта мектебінде өткен мерекелік сайысқа «Аққозы қажы» мешіті мұрындық болды.
Бұл шара – ҚР Әнұранымен басталып, бас имам Дәулетбай қажы Әбдіхалық пен мектеп директоры Ерлан Смановтың құттықтау сөздерімен жалғасты.
-Ислам дінінде тек жан саулығына емес, тән саулығына да мән беріледі. Салауатты өмір салтын сақтау мақсатында осы жарысты ұйымдастырып отырмыз, - деді дін өкілі.
Жарыс нәтижесінде, асық атудан 1-орынды Айдын Смағұл, 2-орынды Абылайхан Марденов, 3-орынды Ержан Жақсылық иеленді. Ал, тоғызқұмалақ бойынша біріншіні Анар Усипбаева, екіншіні Қарлығаш Ділдәбекова, үшіншіні Диас Ескендіров еншіледі. Сондай-ақ, гір көтеруден I орынды Айдар Молжігітов, II орынды Айдын Смағұл, III орынды Жандос Жапаев өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдасытрушылар тарапынан мадақтама қағазы, медальдар және бағалы сыйлықтар берілді.
Жақында РАНТ мүшесі Нұр Мүбарак университетінің ұстазы Смагулов Құрмет Алдымен «Нұр Отан» партиясы Қостанай аудандық филиалының ғимаратында мешіт имамдары және ішкі саясат бөлімінің, аталған партия филиалының қызметкерлері қатысқан жиын болып өтті.
Оған терроризм мен экстремизмнің тигізер қаупі және басқа да өзекті мәселелер арқау болды.
Содан кейін РАНТ мүшесі Құрмет Смағұлов Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде жамағатпен кездесті. Мұнда „Шынайы мүміннің сипаты„ деп аталатын маңызды тақырып қозғалды.
Дін қайраткері осы сапарында облыс орталығындағы УК-161/2 түрмесінде жазасын өтеп жатқан кісілермен де жүздесті. Кездесуде «Исламдағы бауырмашылдық» тақырыбы жан-жақты айтылды.
Сондай-ақ Құрмет Смағұлов Қостанай ауданы Заречный ауылындағы және Рудный қаласы «Нұр» мешітінде мұсылман бауырларымызбен басқосуда да аса маңызды мәселелерді түсіндірді.
Ол сапарының қорытындысында Қостанай облыстық мешітінде имамдар және шәкірттермен жүздесіп, аса маңызды „Ақида сабақтары„ хақында әңгімелеп, өз ойын ортаға салды.
Үстіміздегі жыл «Жастар» жылы аясында Денисов аудандық «Жұма» мешітінің бас имамы Болатжан қажы Байшев және белгілі спорт шебері Құдайберді Мұртазаұлының бастамасымен аталған ауданның №3 қазақ орта мектебінде маңызды кездесу ұйымдастырылды.
Бұл басқосуда спорттың адам өмірінде алатын ерекше орны мен оның кез-келген кісінің денсаулығына тигізер пайдасы жөнінде әңгіме өрбітілді.
Бір тоқталар жай, мектеп оқушылар да белсенділік танытты. Олар спорт шебері Құдайберді Мұртазаұлына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауап алды.
Өздеріңіз де баспасөздерден оқып, теледидарлардан көріп жүрген боларсыздар, облыстық мешіттің ұйытқы болуымен барлық аудандар мен қалаларда салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында көптеген игі жұмыстар атқарылды.
Оған үстіміздегі жылдың өзінде ұйымдастырылған спортқа қатысты іс шаралар нақты айғақ бола алады.
Жуырда, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің қызметкерлері мен шәкірттерінің қатысуымен «Қайырымдылық – ізгі іс» акциясы да өз жалғасын тапты.
Бұл қайырымдылық акциясының мақсаты - көпбалалы отбасыларға және көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық танытып, қоғамымызды мейірімді болуға шақыру.
Акцияның ерекшелігі – Қостанай қалалық мешітінің наиб имамы Нұрлан Сейдағалиев бастаған топ «Складская» атты сауда орталығына барып, кәсіпкерлермен кездесіп, осы іс-шара мақсатын түсіндірді.
Бір күндік акция нәтижесінде барлық көмегін тигізген кәсіпкерлерден құны 300 мыңға жуық тұратын азық-түлік жиналып, 7 көпбалалы отбасыға және 2 көмекке мұқтаж мүгедек жандарға, сонымен қатар 1 жалғыз басты анаға тең көлемде бөлініп, таратылды. Әр отбасы шамамен 30 мың теңгенің азық-түлігіне ие болды.