18 қазан Қазақстан халқының Рухани келісім күніне орай Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы №1 Ұзынкөл орта мектебінде дөңгелек үстел өтті.
Бұл кездесу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен 2017-2020 жылдарға арналған дін саласының мемлекеттік саясаты Концепциясын және Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен рухани құндылықтарды тәрбиелеуді талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Маңызы зор осындай шараға мектеп директорының м.а. Қ.Х. Алиев, «Балықты» мешітінің имамы Есенкелді қажы Сақтағанұлы, мешіттің алқа мүшелері атынан Күмажанов Жамбыл ақсақал, мектеп ұжымы және оқушылар қатысты. Өзінің толымды ойымен Есенкелді қажы Сақтағанұлы Рухани келісім күнінде аяулы аналардың тәрбие беруде орны бөлек екенін айқара ашып, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде қажырлы еңбек керектігін айтып өтті.
Сонымен қатар Жамбыл ақсақал мұғалімдер ұжымының жемісті еңбегін айта отырып, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында айтқан мұғалімнің мәртебесі жайлы толымды ойларын көпшілікке паш етті.
Аталмыш дөңгелек үстел соңында келген қонақтар жылы лебізді тілектерін білдірді. Сонымен қатар, ауқымды шарадан соң, бас имам балаларға сыйлығын ұсынып, құрмет көрсетті.
Бұл кездесу мақсаты жас ұрпақты отансүйгіштікке, бірлік пен достыққа тәрбиелеу, ата-ананы, үлкен мен кішіні сыйлауды үйрету.