Арқалық қалалық «Мухтасиб Әлмұхаммед» мешіті жамағат арасында түрлі маңызды басқосулар өткізіп келеді. Мұндағы басым бағыт әсіресе жастармен жұмыс істеуге, олардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған.
Биылғы оқу жылы басталғаннан бері аптаның әр жексенбі күні студенттерге арнап дәріс оқылады. Мешітте қайырымдылық дастарханы жайылып, ас берілуде.
Басқосуда мешіт имамы Бектұрсын Уәлиев діни құндылықтар жайлы уағыз айтып, мұсылман баласы әркез әдепті, қарапайым да мейірімді болу керектігін айтса, мешіт ұстаздары – жат ағымдардың зияндылығы, өмірдегі қандай да бір келеңсіз жағдайларға ұстамдылық таныту, отансүйгіштік пен имандылық, сондай-ақ білім алудың маңыздылығы жайында әңгімелер өткізуде.
Мешіт имамы әрдайым өз сөзінде жастарға ұлағат болар ойларын ортаға салып, оларды ізгілікке, өзгелерге шарапатын тигізуге, туған еліміздің нағыз патриоттары болуға шақырады.
Студенттерге мешіт қызметкерлерінің мұндай қамқорлығы, үміттерін үкілеп, талаптарына қанат бітіргендей.
Сондықтан да болар, олардың оқу-білімге деген құштарлығы бұрынғыдан да артып, діни құндылықтарға деген ынталары күшейе түсуде.
ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкілдігінің баспасөз қызметі