Жұртшылыққа мәлім, Сарыкөл ауданы Крылов ауылының аумағында батыр әрі әулие Барақ бабамыз жерленген.
Ол заманында қалмақ-жоңғар соғысына қатысып, елді жаудан қорғаған атақты тұлға. Терең діни сауаты болғандықтан ел арасында имандылықты насихаттауға елеулі үлес қосқан. Басқа да қасиеттерімен көпке танылған.
Әлі күнге дейін ол кісінің бейіті қойылған жерге жан-жақтан дертіне шипа іздеген ағайындар тағзым етіп, судай ағылып жатады.
Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дарқан дала» жобасы бойынша батыр бабамыздың кесенесінің басына «Зират және зиярат мәдениеті» жайлы баннер орнатылды. Онда аудандық «Аққозы қажы» мешітінің Бас имамы Асылхан Түсіпбек жиналған жамағатқа қалай зиярат ету жайында айтып берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қостанай облыстық әкімдігі діни істер жөніндегі басқармасы аймақтың діни бірлестік басшыларымен Рухани келісім күніне орай диалог өткізді. Мекеме басшысы Ерлан Олжабайұлы қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, оның маңыздылығына тоқталды. Әр бірлестік басшысымен жеке-жеке танысып, ой-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, толеранттылықты дамыту, конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің имамы Бектұрсын Уәлиев те өз ойын ортаға сала келіп, «Дәстүрлі діндер арасын¬дағы ынтымақ, бұл – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық болса, негізгі – тұғырымыз. Елдің әлеу¬меттік-экономикалық көр¬сет¬кіші де халықтардың өзара татулығы негізінде дамиды» - деді.
Іс-шара соңында діни бірлестік өкілдері бір-біріне жылы лебіздерін білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Өңірімізде дін саласындағы білікті мамандарымыздың өзекті тақырыпты қозғаған кездесулері жалғасуда.
Оған жарқын мысал ретінде Тобыл шаһарындағы «Маңдай батыр» және Рудный қаласындағы «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Дархан Сыздықов пен Сабыржан Есмурзиндердің Қостанай аудандық әкімдігінің жастар ресурсы орталығы мекемесі мен жергілікті ауыл шаруашылығы колледжінің ұжымдарымен өткізген жиындарын айтуға болады.
Белгілі дін қайраткерлерінің бұл жүздесулері өте әсерлі ұйымдастырылды. Есімдері жұртшылыққа танымал қос имам жат ағымдардан сақтану және терроризм мәселесін тілге тиек етті.
Қатысушылар өздерінің көкейде жүрген сауалдарын қойып, тиісті жауап алды. Қонақтарға өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Республика күні қарсаңында Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінің ұжымы Қостанай облысы мешіттері жамағатының арасында волейболдан жарыс өткізді.
Осы спорттық іс-шараға Қостанай қаласы және көршілес аудандардан 10 команда қатысты. Оның ашылу салтанатында облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің найб имамы Әлішер Ертайұлы сөз сөйлеп: «Мұндай спорттық сайыстар қатысушыларды салауатты өмір салтына баулумен қатар, оларды Отансүйгіштікке, ынтымақ пен бірлікке үндеп, нағыз намысшыл азаматтар болып қалыптасуларына игі ықпал етеді», - деді.
Сонымен қатар өңіріміздегі белгілі дін қайраткері, Қарасу ауданының Бас имамы Халық қажы және Аманқарағай ауылының молдасы Серікбай қажы жастарға бата беріп, сәттілік тіледі.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Әулиекөл аудандық «Әмит ишан», ІІ орынды Құсмұрын ауылдық Хақ, ІІІ орынды Алтынсарин аудандық «Алдиярұлы Жанұзақ» мешіттерінің жамағаттары иеленді. Жеңімпаздарға мақтау қағаздары, кубок, медальдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Спорттық ойындардың жоғары деңгейде өтуіне аудандық спорт бөлімінің басшысы Дәулет Айтпайұлы айтарлықтай үлес қосты.
Жоғарыда аталған мешіт асханасында қонақтарға дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Тобыл шаһарындағы «Маңдай батыр» және Рудный қалалық «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Дархан Сыздықов пен Сабыржан Есмурзиндер Қостанай аудандық ауруханасында болды.
Олар ақ халаттағы абзал жандарға Отан, еліміздегі халықтар арасындағы ауыз бірлік пен ынтымақ жайлы кеңінен әңгімеледі. Медицина қызметкерлерінің қойған сауалдарына нақты жауап берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Әулиекөл ауданына қарасты Аманкарағай ауылыңдағы Сабыр молда атындағы намазханада Мәуліт мерекесі аталып өтті. Оған ақсақалдар мен жастар қатысты.
Ауданның Бас имамы Нұрбол қажы Балахмет, Құсмұрын ауылынан Омар қажы, жергілікті молда Серікбай қажы Испулов жиналған жамағатқа Мәуліт қасидаларын оқыды. Мұхаммед Пайғамбарға салауат пен уағыз-насихаттар айтылды.
Бесін намазы оқылған соң аталмыш намазханада дастархан жайылды. Жамағаттың басын қосып, осынау айтулы мейрамның тиісті деңгейде өтуіне үлкен үлес қосқан Серікбай қажыға жұртшылық шынайы алғысын білдірді.
Көршілес Ақсу ауылының молдасы Хасен намазхандарға ақ батасың берді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Сарыкөл ауданының орталығындағы Қабдеш ата атындағы намазханада жамағат алдында екі дүние сардары, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке арналған Мәуліт оқылды.
Жиналған халыққа Пайғамбарымыздың өмір жолы туралы уағыз -насихат айтылып, жұртшылықтың сауалдарына толық жауап берілді. Сонымен қатар салауат оқыған жамағатқа сыйлықтар табыс етілді.
Салауат оқудың тағылымы жайлы сөз болды. Соңынан мерекенің құрметіне жиналғандарға дастархан жайылды.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Қарабалық аудандық ардагерлер ұйымы кеңсесінде өткен жиында «Ас беру», «Зират және зиярат» мәдениеті туралы маңызды құжаттар таныстырылды. Оған жергілікті ақсақалдар, зиялы қауым және ақ жаулықты аналар қатысты.
«Ғашура ана» мешітінің Бас имамы Серік Темірбекұлы аталған құжаттарға жан-жақты тоқталып, өз ойын ортаға салды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған бағытын ардагерлер қолдап, қаралған мәселелер ұлтымыздың салт-дәстүріне сай келетіндігін айтты.
Жоғарыда аталған басқосуға арқау болған жай қазіргі таңда елімізде қолға алынып жатқан діни рәсімдерді уақыт талабына сай бір ізділікке түсіріп, жұртшылыққа жете ұғындыру болатын.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Жақында Қостанай қалалық "Жайлаубай ата" мешітінде қасиетті Мәуліт айында 3-ші рет Адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымызға арналып "Салауат-шариф" оқылды. Шақырылған қонақтарға дастарқан жайылды.
Басқосудан соң мерекеге демеушілік еткен іскер азаматтарға бата беріліп, аруақтарға Құран бағышталды. Имандылық ордасындағы осындай есте қаларлық сәттер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі
Таяуда Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» және Рудный шаһарындағы «Нұр» мешіттерінің бас имамдары Дархан Сыздықов пен Сабыржан Есмурзин Қостанай аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы ұжымымен кездесу өткізді.
Облыста беделді дін қайраткерлері бұл басқосуда қазіргі таңдағы аса маңызды тақырыптар – Зайырлылық, Отан туралы, жат ағымдардан сақтану жөнінде өздерін толғандырып жүрген ойларын ортаға салды.
Білікті қызметкерлер оларға тағылымы мол жүздесу үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Қостанай облыстық мешітінің баспасөз қызметі