Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын. Барша отандастарымды мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі – Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын!
Қасиетті Рамазан айының аяқталғанын білдіретін Ораза айт – мейірімділіктің, игіліктің, бірліктің, ізеттіліктің, қайырымдылықтың, достық пен шаттықтың мерекесі. Ораза айт ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.
30 күн оразада халқымыз ыждаһаттылықпен ауыз бекітті. Мешіттерімізде ауызашарлар мен қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына көмек көрсетілді. Ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген көптеген азаматтар жақсылыққа үлес қосып, сауабы мол амалдарға атсалысты. Баршасына «Алла разы болсын» дегім келеді.
«Айт» сөзі «қарымта» деген мағынаны білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.
Айт күнінде ғұсыл құйынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы мол. Туған-туыстарды, көршілерді, дос-жаранды мерекемен құттықтап, дастархан жайып, ұлық мейрамның сәні мен салтанатын арттыру – Ораза айттың өзіне тән жарасымды һәм сауапты амалдарынан. Осы мерекеде өзара ренжіскен кісілерді татуластырсақ, өзгенің қате-кемшілігін кешіріп, ата-анамыздың құрметі мен ризалығына бөленсек, ол да – мұсылманға тән сипат. Исламда әрбір ізгі амал – садақа. Көршіге көмектесу, мұқтажға қол ұшын беру, тіпті жетімнің басын сипап, өзгелерге жылы шырай таныту, ол да – садақа.
Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын.
Ораза айтта отбасымызды шаттыққа бөлеп, ағайынға сыйлық берудің де маңызы зор.
Алла тағала ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей! Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы артып, Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, егемендігіміз мәңгі баянды болғай! Әмин!
Жуырда Түркия діни басқармасы, облыстық Марал ишан мешіті және Қостанай облыстық «Зекет» қорының ұйымдастыруымен қасиетті Рамазан айында «Ешкім елеусіз қалмасын» атты қайырымдылық шаралар өтті.
Бұл қайырымдылық шараны облыстық «Зекет қорының» өкілі Жақсылық қажы Ғайсин ашып, жиналған жамағатты қасиетті ораза айымен құттықтады. Алғашқы сөзді Түркиядан келген Марал ишан мешіттің жанындағы сауат ашу курсының ұстазы Нұх Темірджиге берді.
Ұстаз Нұх екі елдің бауырлас түбі, діні бір мемлекеттер екеніне тоқтала келіп, Түркия мемлекетінің қайырымдылық сыйлықтарын табыс етті.
Қайырымдылық қордан көмек алған 5 баланың анасы, Қостанай қаласының оңтайландыру орталығынан келген Ботагөз Женебаева осы акцияны ұйымдастырушыларға шын жүректен шыққан шынайы алғысын тебіреніспен жеткізді.
Бас қосуда облыстық Марал ишан мешітінің бас имамы Асылхан Түсіпбек Ислам дінінің біздің елде қарыштап дамып келе жатқанына, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өңірде қаншама мешіттер ашылып, діни сауат ашу курстары, медреселер ашылып жатқанына, алдағы уақытта этнос аралық татулыққа айрықша көңіл аудару керектігіне жан-жақты тоқталды. Айта кететін жағдай осы қайырымдылық қорының сыйлықтарына татар, қырғыз, өзбек, әзірбайжан және орыс, грузин ұлттарының өкілдері де ие болды.
Рамазан Алла Тағала Өзінің жаратқандарын сынаққа алатын және мәңгілік бақытқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін қасиетті айы. Ораза адам баласына күнәларынан арылып, рухани биік дәрежеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Біздің заманымызда көптеген мұсылмандардың ораза жайлы түсінігі дұрыс емес әрі сол ораза кезінде уақытты дұрыс пайдаланбайды. Олар уақыттарының басым бөлігін бос тірлікпен және теледидар көрумен ұйқылы- ояу жүріп өткізеді. Уақытты осылай өткізу жалқау әрі кәрпияз болуға әдеттендіреді.
Дегенмен Рамазан айы мұсылман адамға белсенділік пен рухани кемелдену айы болуы тиіс.
Хижрадан кейін және өмірден озғанға дейін Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазан айын шамамен тоғыз мәрте көрген. Осы айда көптеген тарихи оқиғалар болып өтті және де Алла жолында құрбан болу мен Оған бойұсынуда жарқын естеліктер қалды.
Хижраның үшінші жылы, Рамазан айының он жетінші жұлдызында Алла Тағала Ұлы Бәдір шайқасында ақиқатты жалғаннан ажыратты. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және оның 313 сахабассымен Меккеде тұтқындалған өзінің сауда керуенін қайтармақ болып жиналады. Ол сауда керуенді Әбу Суфиян басқарды, ал тауардың бағасы шамамен 50 000 динарға бағаланды. Мұсылмандарды жақсы жасақталған Ислам сәулесін сөндірмекші болған құрайыш әскері қарсы алды. Мүшріктердің әскер саны мұсылмандардан асып тұрса да мұсылмандар Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қорғау үшін және де шейіттік жолмен Жаратушының разылығына жету мақсатында ерлікпен шайқасты. Рамазан айының осы бір күні Алла Тағала оларға естен кетпес жеңіс берді.
Хижраның алтыншы жылы Заид ибн Харис Уади әл-Кураға осы аймақтың әйел басшысы Фатима бинт Рабиамен шайқасуға әскер басы болып аттанады. Фатима Исламға ашық қарсы келуші басшы еді. Ол Рамазан айында мұсылмандарға қарсы соғыста мерт болды.
Хижраның сегізінші жылы Рамазан айында Худайбия келісімі бұзылған кезде мұсылман әскері солтүстікте византия әскерімен шайқасқа түседі. Осы кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Араб түбегінің және Меккенің дінсіздігіне түбегейлі балта шабу керектігін сезеді. Алла Тағала Өзінің Үйін бейбіт, қауіпсіз әрі Исламның қасиетті жері етіп жариялады. Енді Қасиетті Қағбаны серікқосушылардың надандықтары мен ластықтарынан тазалайтын уақыт жетті. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұрын- соңды ешкім көрмеген алып әскерімен Меккеге қарай бет алды. Олар Меккеге жақындаған кезде әскерді көрген адамдар таңқалысты. Мұсылмандардың табандылығы мен Аллаға бойұсынушылығы сондай, Алланың қалауымен Рамазанның 20-сы күні Мекке ұрыссыз беріледі. Бұл Ислам тарихындағы ең маңызды күн болып қалды. Осыдан соң Араб түбегінде Ислам орнықты. Осы жылы сол айда әскер Меккедегі пұттарды қиратып, Араб еліндегі өзге де пұтқа табынушылық жайлап отырған орталықтарға бағыт алды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманындағы Рамазан осындай еді. Бұл күнәдан арылу, жақсылық жасап, жамандықтан тыйу заманы еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірден озған соң мұсылмандар бұл дәстүрді жалғастырды. Алла Тағала шынайы мұсылмандарды тарих барысында сынақа алды. Рамазан айы әдеттегідей ұлы сынақ және оқиғаларға толы болды.
Хижраның тоқсан екінші жылы Ислам Солтүсткі Африка, Иран, Ауғаныстан, Йемен және Сирияға жайылды. Испанияны батыс-герман тайпасының королі Родерик басқарып отырған еді. Родерик Солтүстік Африка мұсылмандарынының көмегіне жүгінген яһудейлердің ізіне түседі. Солтүстік Африкадағы Омаядтардың билеушісінің орынбасары Муса ибн Хузайр оларға көмек ретінде берберлік және араб әскерінен құралған 12 000 әскерге Тариқ ибн Зиядты басшы етіп жібереді. Осы жылдың Рамазан айында піл сүйегі, күміс және қымбат тастардан жасалған тақта отырып басқарған Редриктің 90 000 біріккен христиан әскерімен шайқасады. Тариқ мұсылмандарды жеңіске ұмтылдыра сөз сөйледі. Үлкен құлшыныспен шайқасқан әскерге Алла Тағала кәпірлерді жеңуге күш берді.
Мұсылмандар үлкен жеңіске жетті. Редрик өлтіріліп, оның әскері құртылды. Ал Тариқ пен Мұса Испания, Сицилия және Францияның бір бөлігін азат етті. Бұл мұсылмандар 700 жыл биік құрған Әл- Андалустың алтын ғасырының басы еді.
Хижраның 582 жылы Салахуддин әл- Айюби крестжорықшыларымен көптеген жылдар бойы шайқасып, оларды Сириядан және олар қоршап алған аймақтан Рамазан айында қуып шығады. Осы кезде мұсылмандар үлкен әрі қауіпті жағдайды бастан кешті.
Хижраның жетінші ғасыры монғол әскерлері Азияны тұншықтырып жатыр еді. Шыңғыс хан өзін «Құдайдың адамдарды істеген күнәлары үшін жазалайтын адамзатқа жіберілген сабаушысы» деп жариялады. Хижраның 617 жылы Самарқанд, Рай және Хамдан қылышқа түсіп, 700 000 адам өлтіріліп, тұтқынға алынды. Хижраның 656 жылы Шыңғыс ханның немересі Хулагу хан осы қырғынды жалғастырды. Мұсылман әлеміндегі бас қала Бағдад қиратылды. Көптеген деректерге сүйенсек, осы шайқаста 1 800 000 мұсылман қаза тапқан. Осы кезде христиандарға шошқа етін жеп, шарап ішу ашық түрде рұқсат етілді, тіпті сол кездегі тірі қалған мұсылмандар да ішіп- жеуге мәжбүрленді. Азан айтылуға тиым салынған мешіттерде шарап сатылды.
Әлемнің өркениетіне қауып төніп тұрған осындай үлкен қиыншылық кездехижраның 658 жылы Рамазан айының 25-сі Алла Тағала Мысырлық мәмлүктердің ішінен Сайфуддин Қутузды мұсылман әскерімен монғолдарды Әйн Жәлутте (Палестинада) қарсы алуға жібереді. Жаудың қолы мұсылмандардан үстем бола тұра мұсылмандар Алланың жәрдемімен және әскери айламен, шайқалмайтын батырлықпен монғол әскерін ойсырата жеңіп, бұл қауіптің алдын алды. Бүкіл өркениет әлемі Ислам ұлдарының жеңісі алдында бас иіп, терең тыныстады.
Мұның барлығы да біздің салиқалы бабаларымызға шешімі жоқ мәселені артқа тастауға мүмкіндік сыйлаған Рамазанның рухы болатын. Бұл мұсылмандардың күндіз ат үстінде, түнде Алланың мейірімі мен кешірімін сұрап, құлшылықта болған уақыты еді.
Бүгінгі таңда мұсылман әлемі жоқшылықпен, аштықпен, әскери басқыншылықпен, материализмнің жалған сәттіліктерімен бетпе- бет келіп отыр. Ислам әлемі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ізінен ерген саңлақ сахабаларға, Тариқ ибн Зияд, Салахуддин секілді Исламның қаһармандарына мұқтаж.
Алла Тағала мұсылмандардың ұрпағын жер шарының түкпір- түкпірінде Исламды ту ететін жандардан етсін, және де дінімізді дұрыс ұстану жолында бізге күш- қуат пен сәттілік нәсіп етсін. Алла Тағала біздерді Рамазан кезінде әрі Рамазаннан соң да Исламды амалымызда көрсетушілерден етсін. Алла Тағала және Оның періштелері біздің сүйікті Пайғамбарымызға игілік пен сәлем жолдайды.
Әмин.
Қостанай аудандық «Маңдай батыр» мешіті құран оқу, бата беру жарыстарын ұйымдастырды.
Байқауда облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамы Ғалымжан Маханбет, «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы және Астана медресесінің шәкірті Мұртаза Балахмет қазылық етті. Жас үміткерлердің ішінен сүрелерді сүрінбей оқуға тырысқан затоболдық Ғалия Бегалинованың бағы жанды. Екінші жүлде Нұрдәулет Бауыржанұлына бұйырса, үшінші орынды Алтын дала ауылынан келген Мирас Едресов иеленді.
Батагөй ақсақалдар арасынан Октябрь селосының тұрғыны Сұлтанбек Байдрахмановтың топ жаруы талассыз. Оның берген әрбір батасы көрермендердің де көңілінен шықты. Жамбыл ауылының молдасы Балтабай Қиса екінші жүлдені алса, үшінші орын Сайын қажы Садақбаевқа берілді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылардың қолына тура жолды нұсқайтын бір-бір үнтаспадан тиді.
Байқау соңында «Маңдай батыр» мешітінің бас имамы Азамат қажы Серікбайұлы барлығына алғыс білдіріп, мұндай мағыналы іс-шаралардың жалғасын табатынын атап өтті.
Кангожин Аслан
Ислам әлемінде көкейкесті, өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы – Кәләм ілімі. Кәләм ілімін зерттеген дін ғұламалары «Сүннет жұрты және жамағатының» бекітілген қағидалары аясында қарастырған. Ислам діні Мәуеренаһр өлкесінде кеңінен тарап, ғылымның гүлденген кезі еді. Осыған орай Мәуеренаһр өлкесінде орналасқан Қазақ даласынан шыққан Ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері: Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Әбул-Ғафур әл-Кердери және Қауам әд-Дин әл-Фараби әл-Итқани сынды ғұламалардың ақида іліміне қатысты еңбектерін күні бүгінге дейін отандық ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Имам әл-Матуриди медресесінен сусындаған қазақ халқының рухани көсемдері Абай, Шәкәрім, Ыбырай, Мәшһур Жүсіп сынды аталарымыздың өздері осы ұстанымды кеңінен уағыздаған.
Қазақстан жерінен шыққан дін ғұламаларының күні бүгінге дейін зерттелмеген еңбектерінің кейбір түпнұсқаларына қол жеткізген болатынбыз. Қазақ ғұламаларының қазіргі таңда кәләм іліміндегі маңызды болған қасиетті Құран Кәрімдегі (Таһа сүресі,5) «الرحمن على العرش استوى» «Рахман Ғаршыны меңгерді» аятындағы «Истиуә» мәселелері сынды көкейкесті тақырыптар қарастырылды. Ислам әлемінде түрлі адасқан топтардың шектен шыққан пікірлері ақида мәселерінде кеңінен зерттелген. Атам қазақ «бөлінгенді бөрі жейді» демекші Пайғамбарымыз (с.а.с): «Яхудилер 71 топқа, христиандар 72 топқа, үмметім де 73 топқа бөлінеді. Осы 73 топтың ішіндегі біреуі ғана жәннатқа барады, ал қалған 72-сі тозақтық болады», - деген. Сонда қасында тұрған сахабалардың бірі орнынан тұрып: «Уа, Аллаһтың елшісі! Жәннатқа баратын топ қайсысы?», - деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Менің және сахабаларымның жүрген жолымен жүргендер», - деп жауап берген болатын (Әбу Дәуіт, Суннат 1; Ибн Мажа, Фитан 17) [1/27-б.]. Осы хадисті алға тарта отырып, Ислам әлемінде ақиқат жолын ұстанатын - Сүннет жұрты және жамағаты деп аталады. Сүннет жұрты және жамағаты ұстанымы әу бастағы Пайғамбар заманындағы сахабалары, одан кейінгі табиғиндер дәуірінен бастауын алады. Ақиқат жолын ұстанған Сүннет жұрты және жамағатының барлық ғылым салаларына қатысты Құран мен сүннетке жүгінген қағидалары бар. Сол қағидаларының бірі – ақида ілімінде де қамтылғаны анық. Өйткені уақыт өте келе түрлі топтардың пайда болу салдарынан Ислам ғұламалары дін негіздерінің ақиқатын түсіндірді. Ислам әлімінде Худжатул-Ислам (Дін дәлелі) атанған Имам әл-Ғазалидің «Ихия Улум ад-Дин» атты еңбегінде кәлам ілімі тұрғысында:«Кәлам ілімі – қажетті қызметтердің біріне айналып, қауым үшін міндеттелді. Сондай-ақ, адамдардың жүректерін жаман жаңалық енгізушілердің жансақ пікірлерінен қорғайды. Мұның мысалы, қажылыққа шығушының жолдағы көшпенді қарақшы арабтардан қорғану мақсатында күзетші жалдауына тура келгендей, яғни көшпенді арабтардың қарақшылықтарын қойса күзет жалдау қажеттігі тумайтыны сияқты, егер де жаман жаңалық енгізушілер жансақ пікірлерінен бас тартқан болса, онда сахабалар заманында (оларға Алла разы болсын) болмағанындай аталмыш ғылым саласының қажеттелігі де болмас еді»,-деген. Демек, Имам әл-Ғазали кәлам ілімінің маңыздылығын баяндап, Ислам ақидасының ақиқатын қорғау мақсатында, яғни пайғамбар заманындағы шынайы сенім тұғырларын бекіту .
Осыған орай Ислам ақидасының ақиқатын ұстанған дін ғұламалырының бірі – Имам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит. Ол жастайынан ғылыммен айналысып, Исламдағы түрлі ғылым салаларында қосқан үлесі зор. Оның еңбектері түрлі салаларды қамтиды. Мысалы: Фиқһ, ақида, хадис ілімі, тәпсір секілді дін ғылымдарын терең меңгерген. Оның еңбектері бүкіл Ислам әлеміне әйгілі. Соның ішінде ақида саласында жазған еңбектері де аз емес. Алайда оның сенім мәселелері тұрғысында жазған еңбектері «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші мәселелерге қағида ретінде анықтамалар берген. Дегенмен, бұл саланың ақида мәселелеріне қатысты кейбір тақырыптарында түрлі адасқан топтардың пайда болуына байланысты сол туралық-ақиқат жолын жалғастырған Имам Әбу Ханифаның мәзһабының көрнекті өкілдері еңбек сіңірген. Мысалға айтар болсақ Имам Әбу Ханифаның ақида саласында жазылған «әл-Уасия», «Фиқһ әл-Акбар» және «әр-Рисәлә» сынды құнды еңбектері бар. Сондай-ақ Имамның дүниеден өтуінен кейін де адасқан топтар өз пікірлерінен бас тартпады. Осыған орай ақиқат жолын ұстанған Ханафи мәзһабындағы дін ғұламалары да Исламның негізгі қағидаларын жоғалтпады. Демек, Ханафи ғалымдары ақида саласындағы Имам Әбу Ханифа еңбектерін әрі қарай тереңінен кіріп, жан-жақты зерделеген болатын. Ислам ғұламалары Ислам елдерінің түрлі аймақтарында білімдерін жалғастырған. Сондықтан да ғалымдар тұрғылықты мекендеріне сай еңбек еткен. Әлемге әйгілі Ислам ақидасын алғаш жүйеге келтірген Имамдарына – Имам Әбу Мәнсур әл-Мәтуриди, Имам әл-Ашғари және Имам әт-Тахауи сындыларды айтуға болады. Әбу Мансур әл-Матуриди ақида ғылымымен айналысуды жеке міндеті деп біліп, ғылыми өміріне сенімдік мәселелерге қызығудан бастаған. Самарқанд аймағында өзін бұл салада жан-жақты жетілдіріп таңдаулы ақида ғалымы болып, өмірінің соңына дейін аталмыш саладағы ізденістерін тоқтатпаған. Әбу Мансур әл-Матуриди өз дәуіріндегі адасқан топтар Мұғтазилиттер мен Шииттерді сынға алған. Имам әл-Матуридидің сенімдік мәселелерге байланысты жазған еңбектері мен парасатты ақылды мақұл көруі оның ақидалық пайымға бейімділігін көрсететін дәлелдер арасынан орын алады. Әйгілі имамның ақидаға қатысты көзқарастарын шәкірттері Әбул Қасым әс-Самарқанди, Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи, Әбу Ләйс әл-Бұхари әс-Самарқанди және Әбу Мұхаммед ибн Иса әл-Бәздауи мен Әбу Ахмед әл-Иади тарапына жеткізілген «Китабу Тәуиләт Әһли Сунна», «Рисалә фи ма лә иаджузу әл-Уақфу аләйһи фил-Қуран», «Китабут Таухид», «Шарху Фиқһил Әкбар» және басқа да еңбектерден көруге болады [2]. Әбу Мансур әл-Матуридидің еңбектеріне шәкірттері тарапынан кейбір қосымшалар жазылғанымен, бұлардың басым бөлігі өз көзқарастары екені көпшілік Ислам ғалымдары тарапынан қабылданған.
Имам әл-Матуридидің еңбектері:
1. Тәуилатул - Қуран
2. Китабут - таухид
3. Китабул - мақалат
4. Китабу - мәхазиш-шараи (фиқһ усулы жайында жазылған)
5. Китабул-жәдәл
Өзге де еңбектері:
1. Китабул рәдди әуаилил-әдиллә лил-Кағби
2. Китабу рәдди тахзибил-жәдәл лил-Кағби
3. Китабу бәяни уәхмил – муғтазилә
4. Рәдду китабул – Кағби фи уаидил – фуссақ
5. Рәддул усулил – хамса ли Әби Умарил – Баһили
6. Рәдду китабул – имамә
7. әр-Рәдду алал – Карамита [1/31-32б].
Ал біздің заманымызға жеткен «Тәуиләтул Қуран» мен «Китаб әт-Таухид» атты еңбектері.
Ал Шығыста қазіргі Ирактығы Басра қаласында х.260/м.873 жылы дүниеге келген ақида жүйесін құрған дін ғалымдарының бірі – Имам әл-Ашғари. Оның толық аты-жөні - Әбу әл-Хасан Әли ибн Әби Бишр Исхақ әл-Ашғари. Имам Әшғари әйгілі сахаба Әбу Мұса әл-Әшғаридің (өл.44/665) ұрпағынан тарайды. Имам әл-Ашғари ақида ілімінің Ашғарилық мекетбін құрған. Имам әл-Ашғари 40 жасына дейін Мұғтазилиттер тобында болып, содан-соң Аллаһ Тағала оның көзін ашып, Сүннет жұрты және жамағатын қабылдаған болатын. Сондықтан да Имам әл-Ашғари логикалық ақыл-сана тұрғысында мол тәжірибелі болғандықтан адасқан топтарға қарсы көптеген еңбектерін жазған. Деректертерде 100-ден астам еңбектер бар деп келеген. Алайда бүгінгі күнге дейін сақталмаған. Бізге жеткен еңбектері:
1. Әл-Ибәнә ан усулид-диянә - муғтазиладан шыққан соң жазған алғашқы еңбегі
2. Әл-Лума фир-рәдди ала ахлиз-зәйғи уәл бида
3. Рисаләту фи истихсанил-хауд фи илмил кәлам
4. Мақалатул исламиин
5. Рисаләту илә әхлис-сағри бибабил әбуаб т.б. [1/39-б].
Келесі Сүннет жұрты және жамағаты ғалымдарының бірі – Имам әт-Тахауи. Оның толық аты-жөні - Ахмад ибн Мұхаммед ибн Сәлама Әбу Жағфар әт-Тахауи әл-Азди әл-Ханафи әл-Мисри атағы шартарапқа жайылған әйгілі ғалым. Дереккөздерге жүгінер болсақ, мұсылман жыл санағы бойынша х.230/м.850 жылдары дүниеге келген. Туған жері Мысыр елінің «Таха» деген елдімекені. Әт-Тахауи деген қатыстық есімге ие болған. Араб елдерінің бірі Мысыр елінде өмір кешіп, ақида ілімінің Тахауи мектебін қалаған. Имам әт-Тахауидің ерекшелігі араб тілі Құран тілі болғандықтан араб елінің тұрғандары арабтардан болатын. Арабтар Құран мен сүннет мәтіндері өздерінің ана тілдерінде оқыған. Осыған орай арабтар арасында Құран мен сүннетті түсінуде проблемалар болмаған-ды. Алайда ғылым салалары даму барысында ақида мәселелерінде мағынасы бұлыңғыр «Мүтәшабиһ» аяттарының түсіндірмелері аясында болды. Дегенмен, Имам әт-Тахауи әйгілі ғалым Имам Әбу Ханифаның ақида саласында жазған еңбектерін зертей отырып Ислам қағидаларына қатысты еңбектерін жаза бастады. Осыған орай Имам әт-Тахауи ақида саласында көп еңбек етіп, ақида жүйесін жүйеге келтірген Имамдарының біріне айналды. Имам әт-Тахауидің еңбектері:
1. Шарх Маъани әл-Әсәр
2. Мушкил әл-Әсәр
3. Ахкамул-Қуран
4. Ихтиләфул-Уләмә
5. Ән-Нәуәдир әл-Фиқһия
6. Китаб аш-Шурут әл-Кәбир
7. Аш-Шурут әл-Аусат
8. Шарх әл-Жәмиъ ас-Сағир
9. Шарх әл-Жәми әл-Кәбир
10. Әл-Мухтасар
11. Манақиб Әби Ханифа
12. Тарих әл-Кәбир
13. Ар-Радд алә Китабил-Мудаллисин
14. Хукм аради Мәккә т.б. [3/7-б].
Осы ақида саласындағы мектептердің ірі Имамдарын зерттей отырып, олардың барлығы Ханафи мәзһабының көрнекті өкілдері екендігіне көз жеткіздік. Ғалымдардың еңбектеріне қарайтын болсақ барлығы Имам Әбу Ханифаның ақида саласына қатысты еңбектеріне жүгінгендігін байқаймыз. Сондай-ақ олардың негізгі ұстанымдары Сүннет жұрты және жамағаты қағидалары аясында. Аталмыш Имамдардың ақида жүйелері арасында кейбір мәселелерде айырмашылықтары бар. Алайда діннен шығаратын дейңгейінде емес. Осыған орай ғалымдардың еңбектері күллі әлемге тарап, ақида ілімін жалғастырған әрғасырдың өз ғұламары болды.
Мәуереннаһр өлкесінде орналасқан – Қазақ даласынан шыққан дін ғұламалары жайында тоқталғанымыз жөн болар. Оларға: Әбу әл-Мұғин ән-Насафи, Имам Қауам әд-Дин әл-Итқани, Абдул-Ғафур Әл-Кердери, Хусам әд-Дин ас-Сығнақи сынды ғұламаларын жатқызуға болады.
Әбу әл-Мұғин ән-Нәсәфи 438х.ж.б/1047 жылы Мәуренаһрдағы «Нәсаф» қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. 508х.ж.б/1115 жылы Бұхара қаласында дүние салған ғұлама. Әбу әл-Муғин ән-Нәсафи дініміздің сенімге қатысты өте нәзік мәселелерін зерттейтін ғылым саласы кәләм ілімдерін терең меңгеріп, Мәуреннаһр аймағының кәлам ілімдері мен ислам құқығы саласында Имам әл-Матуриди мектебінің көрнекті ғұламаларының бірі болған. Оның қолында көптеген атақты ғұламалар тәлім-тәрбие алған. Сол дәуірдегі «Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін аудармаларында ыждағаттылық танытқан имам атақты кәләмшы Нәжмуддин Омар бин Мұхаммед ән-Нәсафи әс-Самарқанди (537х.ж.б/1142 қайтыс болған), «Тахфату әл-Фуқаһа» атты кітабын жазған ұлы Ханафи ғалымдарынан бірі болған - фақиһ Мұхаммед бин Ахмед бин Әби Ахмед Ала ад-Дин ас-Самарқанди (540 х.ж.б/қайтыс болған), Абду әл-Азиз бин Ахмед бин Мұхаммед әл-Баздауи (х.ж.б 730 жылы қайтыс болған) сынды тағыда басқа көптеген ғұламаларға ұстаздық еткен. Сол сияқты Самарқанд ислам құқықтары әдіснамасына Әбу әл-Муғин ән-Нәсафидің Матуриди мәзһабының күшейіп, дамуына қосқан үлесі мен еңбегі мол.
Имам Нәжмуддин Омар бин Мұхаммед ән-Нәсафи әс-Самарқандидың ұстазы Әбу әл-Мұғин ән-Нәсафидің еңбектері сүннетке, Әбу Ханифа мәзһабына ерекше үлес қосқандығы туралы айтқан [4/2-б].
Имам ән-Нәсәфи кәләм ілімінде көп еңбек сіңірген. Тіпті, оның құрған кәләм жүйесін «Ақидату ән-Нәсәфия» деп қарастырады. Сондай-ақ Әбу әл-Мұғин ән-Нәсафи тәпсір, хадис, кәлам іліміндегі, бар салаларында құнды еңбектер жазған-ды. Оның ««التمهيد فى أصول الدين» «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин» (Дін негіздері саласына кіріспе) атты кітабында Матуриди мәзһабындағы сенім мәселелері туралы ауқымды және ислам философиясы мәселелері терең қамтылған құнды еңбек болып табылады. Еңбектің мазмұнында сенім мәселелері: мүтәшәбиһ (астарлы мағыналы) аяттар, Аллаһтың бар екендігінің дәлелдері мен сипаттары, тағдыр мәселелері, мекен мен ұқсастық мәселелері турасында ағымдар мен мәзһаб аралық талас-тартыстар қамтылған [5/5-б].
Бұл «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин» еңбегіне Сыр бойынан (Сығанақ шаһарынан) шыққан ғұлама Хусам әд-Дин ас-Сығнақи «әт-Тасдид фи шарх әт-Тамхид» деген атпен түсіндірме жазған.
Әбу әл-Мұғин ән-Нәсафи «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин» кітабының қолжазба нұсқасын әл-Миния университетіндегі әдебиет факультетінің оқытушысы ғылым докторы Абдул-Хай Қобил зерттеп, қағаз бетіне түсіріп, басқа да көшірмелерімен салыстырып, зерделеп, қағаз беттеріне түсіріп, 1987 жылы жарыққа шығарды.
Ендеше Имам ән-Нәсәфидің еңбектеріне түсіндірме жазған жерлестеріміздің бірі Хусам әс-Сығнақи жайында айта кеткеніміз жөн болар. Толық аты-жөні: Хусейн бин Әли бин Хажжаж бин Әли бин Мұхаммед ас-Сығнақи. Туған жылына қатысты нақты мәлімет жоқ. Ғұламаның «әс-Сығнақи» атты ныспыға ие болуы қазіргі Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы ескі Сығанақ шаһарынан шыққандығымен байланысты деген деректер бар. Сондай-ақ Қауам ад-Дин әл-Фараби әл-Итқани ат-Түркістанидің(685/1286-758/1356 ) ұстазы - Ахмед ибн Асад ибн Ахмед әл-Харифғани мен әс-Сығнақи екеуі де Хафиз әд-Дин әл-Бұхари әл-Кабирден білім алып, ортақ ұстазынан білім алып, екеуі дос, әріптес болған деседі. Төмендегі деректер әл-Итқанидің өзінен жасы жағынан үлкен, жинаған білім қазынасы мол әс-Сығнақимен кездесіп қана қоймай, одан алғаны да, үйренгені де болғандығын қосымша дәлелдегендей. Хусам әс-Сығнақидың «әт-Тасдид фи шарх әт-Тамһид» атты еңбегі тікелей ақида саласында кәләм мәселелері қамтылған. Онда ән-Нәсәфидің «әт-Тамһид» еңбегін талдау жасап, түсіндірме берген [6/1-2-б]. Онда ақида мәселелері толық қамтылған. Тағы да бір айта кететін жайт қазіргі таңдағы ақида сабақтарында көкейкесті тақырыптарға толық жауаптар берілген [2/ 40-б].
Абдул-Ғафур Әл-Кердери, Абд әл – Ғафур ибн Лұқман ибн Мұхаммед Әбу әл-Мафахир әл-Кердери шамамен 1166 жылы өмір сүрген - қазақ даласынан шыққан ғұлама. Әл-Кердери оның кердері руынан шыққанын аңғартады. Ғафур ибн Лұқман ибн Мұхаммед Әбу әл-Мафахир әл-Кердери көзі тірісінде - Бағдад, Басра, Дамаскіде білім алған. Мұсылман заңының, оның ішінде Ислам туы тігілген көптеген өлкелерге кеңінен тараған ән-Нұғман Әбу Ханифа негізін салған мектептің теориялық тұжырым қағидаларын басшылыққа алып зерттеулер мен түсіндірулер жасаумен айналысқан. Ғафур ибн Лұқман ибн Мұхаммед Әбу әл-Мафахир әл-Кердери «Интисар ли Абу Ханифа фи ахбарихи уә ақуалиһи» («Әбу Ханифаның хабарлары мен айтқандарындағы жеңісі»), «Муфид уә мәзид фи шарх ат-Таджрид» («Таджридке түсіндірме жасаудағы пайдалы толықтыру»), «Шарх «әл-Джамиғ ас-Сағир» («Кіші жинаққа түсіндірме») атты бірқатар кітаптар жазған [8].
Қауам әд-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (1286-1357). Қазақ даласындағы көне қалаларының бірі Түркістаннан шыққан ғұлама. Әл-Итқанидың көптеген еңбектері бар. Біздің зерттеуімізде ақида саласына қатысты тракттаттары берілген. Зерттеудегі бай мағұлматтар сәтті жүйеленіп, қазақ тіліне жатық аударылған. Әсіресе, оқымыстының усул-фиһқ саласындағы «ат-Табиин» атты еңбегінің бөлімдері мен тақырыптары, қияс, ижмағ, ан-наһи, әл-азима, әл-әһлия, назм, әл-муғарада, әл-мумана сынды усул ұғымдар мен терминдері негізінде кеңінен ашыла көрсетілген. Әл-Итқанидің әзірге жарық көрген кітабы осы «ат-Табиин» ғана. Оқымыстының басқа еңбектері әлі қолжазба күйінде қозғаусыз жатқанын білдік. Кітап қорытындысынан Қауам әд-Дин бабамыз жайында: «әл-Итқани ислами діни мәтіндерді, әсіресе Құран мен хадис шарифті жетік білген. Ол араб тілін терең ғылыми деңгейде игерген, әсіресе жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналық ерекшеліктерін нәзік түсінген. Қауам әд-Диннің араб тіл білімі ілімінен, мәтіндік талдау әдістерінен терең хабары болған. Қауам әд-Дин шариғаттағы түрлі мазһабтар негіздерін жан-жақты меңгерген, ал өзі әбу Ханифа мазһабын ұстанған. Ғалым ақида мәселелерін жетік біле тұра әл-Матуриди ақидалық мектебінің көзқарасынан таймағандығы анықталды [7/7-8-б].
Осыған орай Қазақстан жерінен шыққан ғұламалырының ақида саласында жазған еңбектеріне ғылыми талдау жасай отырып, олардың барлығы Ислам ақидасының негізгі қағидалары аясында сараланғандығы анықталды.
Ендеше зерттеу нәтижелері бойынша Сүннет жұрты және жамағатының негізгі қағидалары мыналар:
1. Барлық әлем мен тіршілік иелері кейіннен жаратылған.
2. Әлем босқа жаратылмаған, оның өзіндік мәні мен ерекшеліктері бар.
3. Әлемдер мен бүтін тіршілікті жаратушы – Аллаһ.
4. Аллаһ жалғыз, бастауы (الأول) мен (الآخر) соңы жоқ. Ол тумаған (لم يلد), туылмаған (لم يولد). Ол заман, мекен және тәндік ерекшеліктерге мұқтаж емес. Одан басқа тәңірі жоқ.
5. Аллаһтың әзәли (الأزلى), әбәди (الأبدى) затынан бөлінбейтін сипаттары бар.
6. Аллаһ ақыретте муминдерге көрінеді.
7. Тағдыр мен қаза хақ. Алайда, құл іс-қимылында мәжбүрлі емес (яғни, пәнденің таңдау ерік-жігері бар).
8. Пайғамбарлар муғжизасы, әулиелер және олардың көрсеткен кереметтері хақ. Бірақ, ешқандай пайғамбар мен әулиеде тәңірлік нышан болмайды. Олар да адам, тек дәреже тұрғысынан ғана қарапайым жандардан мәртебелі келеді.
9. Аллаһтың кәләмы әзәли (басы жоқ). Аллаһтың сөйлеуі дауыс пен әріптерден тұрмайды.
10. Ақырет және ондағы болатын жағдайлар хақ (жәннәт, тозақ, таразы).
11. Пайғамбардан (с.а.у.) кейін ең ұлы кісі Әбу Бәкір, одан кейін кезегімен Омар, Осман және Әли. Пайғамбардың (с.а.у.) сахабалары ерекше құрметке лайық кісілер болып саналады.
12. Амал иманның бір бөлігі емес. Сеніп, иман ете тұра амал етпеген немесе күнә істеген кісі діннен шықпайды. Бірақ, ол күнәһар кісі ретінде саналады.
13. Бір әмірші тағайындау мұсылмандарға парыз. Басқару жүйесі әрдайым кеңесу және сайлаумен болады.
14. Аллаһ Тағаланың адамдарды жаратқаны секілді, олардың амалдарын да жаратады. Пенде қандай да бір істі істеу үшін таңдайды, Аллаһ та оның таңдауына сай ісін жаратады.
15. Жақсылық жасағанға - сый, жамандық жасағанға - жаза беріледі. Бірақ, Аллаһ қалаған мумин пендесінің күнәсін кешіруі мүмкін.
16. Ислам дінін қабылдаған, әрі мумин екендіктері белгілі кісілер мына жағдайда ғана кәпір болып есептеледі:
а) Аллаһ Тағаланы жоққа шығарса
б) Аллаһқа серік қосса
в) Пайғамбарлар мен пайғамбарлықты қабыл етпесе
г) Харам екендігі нақты білінген (аят пен хадис арқылы бекітілген үкімдерді) нәрсені халал деп, не керісінше халалға харам деп оған сенсе
Ғұламалардың осы қағидалар төңірегінде жазғандарын еңбектерінің мазмұндарында қамтылған [1/28-29-б]..
Сөзімізді қорыта келгенде құлшылықта - Ханафи мазһабын, сенімде – әл-Матуруди сүннет жұрты және жамағаты мектебін ұстанатын халықпыз. Орта Азияда туған сүннет салтының Имамы Әбу Мансур әл-Матуруди (Аллаһ оны рақымына бөлесін) негізін қалаған сенім мектебі еліміз ерте заманнан кең тарап етене араласып кеткен сүннет салтының ақида мектебі.
Имам әл-Матуруди (Аллаһ оны рақымына бөлесін) сенім мектебі нақылмен ғана шектеліп қалмаған, керсінше ақылмен тану ғибратына айрықша тереңдеп, дүниетанымының ажырамас бөлігі ретінде қалыптасқан. Қазақ халқының Имам әл-Матуруди мектебінің көрнекті өкілдері Имам Әбу Мұғин ән-Насафи, Хусам ад-Дин ас-Сығнақи, Әбул-Ғафур әл-Кердери және Қауам әд-Дин әл-Фараби әл-Итқани сынды ғұламаларының кәләм іліміне қосқан үлестерін баға жетпес құнды еңбектерінен көруге болатыны анық.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1) Сейтбеков С.С. Иман негіздері. – Алматы, 2011.- 376 б.
2) Керім Ш.Т. «Сығанақ саңлағы». «Нұр-Мүбарак» баспасы Алматы 2012. 240-б.
3) Малғажыұлы Е. «Таным тұғыры». «Ғибрат» баспасы. – Алматы 2013. 96-б.
4) Ержан Қ. «Әбу-л Муин ән-Нәсафи еңбектерінің ислам ғылымдарына қосқан үлесі». «Түркі дүниесіндегі ислам ғылымдарының ролі» атты халықаралық ғылыми конференция жинағы. Түркістан. 2012ж. 5 б.
5) Абдул-Хай Қобил. «әт-Тәмһид фи усул әд-Дин». Каир. 1407 х.ж.б./1987. 148 б. 4б.
6) Хусам ад-дин әс-Сығнақи. Әт-Тәсдид фи шарх әт-Тамһид. Түркия, Сулеймания кітапханасы, № 1207, 221-б.
7) Дербісәлі Әбсаттар. Отырарлық Әмір Катиб әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани әл-Ханафи//Исламтану және араб филологиясы мәселелері/Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфереция материалдары/2011/,VІІІ, Алматы, 2002,7-66 беттер.
8) Ислам энциклопедилық анықтамалық,«Аруна» баспасы.–Алматы 2010.591-б.
9) Мухаммад әл-Ғазали. «Ихия Улум ад-Дин». «Һай-а Мисрия». «Египет». 2008. 414-б.
Аса Қамқор ерекше Мейрімді Аллаһтың атымен бастаймын. Рамазан айының ұлы ерекшеліктерінің бірі, оның соңғы он түнінің ішінде мың айдан да артық тұратын Қадір түні бар. Қай тұрғыдан алсақ та Қадір түніне теңесе алатын ешбір түн жоқ. Егерде мың ай бойы үздіксіз атқарылатын ғибадат болса, оның сауабы бір ғана Қадір түні атқарылатын ғибадаттың сауабына жете алмайды. Осындай ұлы мағынадан жүрегіміз бейқам болмас үшін, Аллаһ тағала Құран Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да артық!»,-деп қызықтырады.
Қадір түнін құлшылықпен өткізуден артық амал жоқ. Өйткені ол – шарапатты, берекелі, қадірлі әрі ұлы түн. Ол түнгі жасалған дұғалар жауапсыз қалмайды. Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің: «Рамазан оразасын иманмен және сауапқа деген үмітпен ұстаған кісінің ілгері кеткен күнәлары кешіріледі. Сонымен қатар кім-кім Қадір түнін иманмен және сауапқа деген үмітпен қиямда тұрса, оның ілгері кеткен күнәлары кешіріледі»,-деп айтқанын риуаят еткен.
Айша анамыз (Аллаһ оған разы болсын): «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (с.ғ.с.) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілтіп, отбасын да оятатын», – деп айтқан.
Аллаһ Тағала Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде осынау қасиетті түн жайында былай баян етеді: «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. (Я, Мұмаммад (с.ғ.с.)) Сен қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні Раббыларының әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі. Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол - кеш таң атуға дейін жалғасады».
Қадір түнінің ұлықтығын теренірек ұғыну үшін «Қадір» сүресінің тәпсіріне тоқталайық.
Сүренің атауы аяттағы «Қадір түні» сөзінен алынған. Оның мағынасы «күші жету», «үкім», «тағдыр», «абырой», «ұлылық» дегенге саяды. Меккеде түскен бұл сүре бес аяттан тұрады. Бұл сүре Аллаһ Тағаланың Құранды Қадір түнінде түсіргендігі жайлы хабар береді. Әрі Қадір түнінің маңызы да жаһанды қараңғылық қапасынан босатып, нұрға бөлеген Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Қадір түні – мың айдан да артық әрі қайырлы. Мың ай шамамен сексен төрт жыл. Ендеше бұл түн, сексен төрт жыл бойы жасаған амал және құлшылықпен тең болмақ.
Бұл сүренің түсу себебі хақында мына екі оқиға айтылады. Біріншісі: Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) Исраил ұрпақтарының бір сарбазы Аллаһ жолында мың ай қару арқалағанын айтады. Мұсылмандар бұл жағдайға қатты таңырқап, өздерінің амалдарын азсынады. Осыдан кейін Аллаһ Тағала осы сүрені түсірді (Байһақи риуаяты). Екіншісі: Пайғамбарға (с.ғ.с.) қауымдардың өмірлері көрсетілді. Сол кезде Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) үмметінің өмірлерінің қысқалығынан өзге үмметтердің ұзақ ғұмырларында жасаған амалдарына жете алмайтындығын ойлап, уайымдаған-ды. Аллаһ Тағала болса, оған Қадір түнін нәсіп етіп, оны өзге үмметтердің мың айынан да артық етті (Муатта).
Бұл сүре – Қадір түнінің жақсылықтарының өте көптігін айтумен қатар, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен үмметіне арналған ерекше сүйінші.
1. «Ақиқатында Біз Құранды Қадір түні түсірдік».
Рамазанның бұл түнінің «Қадір түні» деп аталуының мәнісі: бұл түні бүкіл жаратылыстың бір жылдық тағдыры белгіленеді. Бұл пікірді Имам Қуртуби мен Имам Табари айтқан болатын.
Ал Имам Ибн Кәсирдің тәпсірінде: «Аллаһ Тағала Құранды алдымен Ләухүл-Махфуздан дүние аспанындағы Бәйтул-Ғиззаға түсіріп, кейін жиырма үш жыл бойы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түрлі оқиғаға байланысты бөліп-бөліп түсірді»,-деген сөзі келтірілген.
Жалпы Рамазанның бұл түні «Қадір түні» деп аталуына қатысты түрлі түсініктеме берілген. Себебі бұл түні жасалған құлшылықтың дәрежесі жоғары болумен сауабы да молая түседі. Сонымен қатар жерге тағдыр періштелері түсумен қоса Аллаһ Тағаланың игілік-берекесі мен жарылқауы нөсерлеп жауып, сондай мамыражай, бейбіт түні болады.
2. «(Я Мұхаммад (с.ғ.с.)) Сен Қадір түнінің не екенін білесің бе?».
Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған. Яғни, қандай түн екендігін білдірмесек оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін де Біз білдірдік.
3. «Қадір түні мың айдан да қайырлы».
Аллаһтың бүл сөзі Қадір түнінің артықшылығы мен ұлықтығына меңзейді. Өйткені, бұл түні мың айда болмаған игілік нәсіп етіліп, бұл түнде істелген Хақ Тағаланы разы ететін амал басқа мың айда істелген амалдардан да артық болады. Сондықтан да тәпсіршілер, мысалы Әбул-Ғалия: «Бұл түні істелген амал Қадір түні болмаған мың айда істелген амалдан артық»,-десе, Муджаһид: «Бұл түні істелген амал, ұсталған ораза мен оқылған намаз мың ай бойы істелген амал, ораза мен намаздан әлдеқайда артық болады»,-деген.
4. «Ол түні Раббыларыңның әмірімен періштелер мен Жәбрәил (ғ.с.) түседі».
Яғни, жер бетіне жеті қабат аспаннан періштелер түсіп, таң атқанға дейін адамдардың тілек-дұғаларына: «Әмин!»,-деп тұрады. Негізінде аяттың араб тіліндегі нұсқасында Жәбрәил (ғ.с.) «Рух» деп айтылған. Муқатил: ««Рух» деп періштелердің ішіндегі ең қадірлі әрі Хақ Тағалаға ең жақын періштелерді айтады»,-деген. Әл-Кәлби болса: «Қадір түні Жәбрәил (ғ.с.) басқа періштелермен түсіп, әрбір мұсылманға сәлем береді»,-деген.
5. «Ол – бейбітшілік, амандық кеші. Ол кеш таң атуға дейін жалғасады».
Яғни, Қадір түні таң атуға дейін тек жақсылық болып, ешбір жамандық болмайды. Муджаһид былай дейді: «Шайтан Қадір түні жаман іс істеп, біреуге зиянын тигізуге шамасы жетпейді». Шағби аяттағы «сәләм» сөзіне қатысты: «Ол күн батқаннан таң атуға дейінгі аралықта періштелердің мешіттегі адамдарға берер сәлемі. Олар әрбір мүминмен: «Әс-сәләму ғәләйкә, я мүмин»,-деп сәлемдеседі»,-деген.
Қадір түні – рамазанның ақырғы он түні ішіндегі тақ түндердің бірі. Мұсылмандар Рамазан айының түндерін иманмен және құлшылықпен өткізіп, Қадір түнінің сауабына деген ұмтылыстарын шындыққа шығарулары үшін ол түнді Пайғамбарымыз Аллаһ тағаланың қалауымен дәл атап көрсетпеді. Убада ибн Самит (Аллаһ оған разы болсын): «Пайғамбар бізге Қадір түнін білдіру үшін шыққан кезде мұсылмандардан екі кісі дауласып қалған еді. Аллаһ елшісі: «Сендерге Қадір түнін білдіру үшін шыққан едім, дәл сол сәтте пәленше мен пәленше дауласып, оған қатысты білімім қайта көтеріліп кетті. Мүмкін, бұл сендер үшін хайырлы да шығар. Оны 29, 27, 25 түндерде іздеңдер!», – деді деген.
Ибн Аббас (Аллаһ оған разы болсын) Аллаһ елшісінің: «Оны Рамазан айының соңғы он түнінің ішінде, аяғына тоғыз күн қалғанда және жеті күн қалғанда және бес күн қалғанда іздеңдер!», – дегенін жеткізген. Аяғына тоғыз күні қалғанда деген сөздің мағынасын ғұламалар 21-ші түн, жеті күн қалғанда дегнді 23-ші, ал бес күн қалғанда дегенді 25-ші түндер деп түсіндірген.
Осындай жалпылаушы мағынада жеткен көптеген хадистерде Қадір түнінің рамазан айының 21 не 23 не 25 не 27 не 29 тақ түндерінің біріне тура келетіні айтылған. Сонымен қатар кейбір түндерді, мысалы тек 21-ші не тек 23-ші не тек 27-ші түндерді жеке атаған хадистер де бар. Әсіресе, 27-ші түнді жеке атаған дәлелдер көп болғандықтан, көпшілік ғұламалардың пікірінде рамазанның 27-ші түні Қадір түні деп қабылданады. Муғауия ибн Әби Суфиян (Аллаһ оған разы болсын) Пайғамбардың: «Қадір түні – 27-ші түні», – деп айтқанын риуаят еткен.
Зирр ибн Хубайш: «Убай ибн Ка`бтан (Аллаһ оған разы болсын): «Расында, бауырың Ибн Мас`уд (Аллаһ оған разы болсын): «Кім қиямын бір жыл үзбесе, Қадір түнін дәл табады», – деп айтуда», – деп сұрадым. Ол: «Ибн Мас`удқа Аллаһтың рақымын тілеймін. Ол адамдардың басқа түндері құлшылықтан босап кетпеулері үшін солай айтуды дұрыс көрді. Ал өзіне келсек, ол Қадір түнінің рамазан айында екенін, оның соңғы он түннің ішінде екенін, сондай-ақ оның 27-ші түн екенін біледі», – деді. Сосын Убай ибн Ка`б Қадір түнінің 27-ші түн екендігіне кесімді түрде ант берді. Мен оған: «Ей, Әбә әл-Мунзир, қандай дәлелмен сөйлеудесің?», – дедім. Ол: «Аллаһ елшісі біздерге: «Ол таңда шыққан күннің сәулелері болмайды», – деп хабарлап кеткен нышанына не белгісіне негіздеп сөйлеймін», – деді деп айтқан.
Ал енді Қадір түнінің белгілеріне тоқталар болсақ Имам Ахмад пен Имам Байһақи Ғубада ибн Самиттен (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қадір түнінің белгілері: түн нұрлы және тынық болады. Салқын не болмаса ыстық та болмайды әрі ай ашық болады. Ол түні таң атқанға дейін шайтандар жұлдыздармен атқыланбайды. Сонымен қатар оның белгілерінен: таңертен күн сәулесі шағылыспаған хәлде шығып, Бәдр түніндегі толған айдай домалақ болады. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала сол күні шайтанға күнмен бірге шығуына тыйым салады»,-деген.
Қадір түнінің басқа белгілеріне келер болсақ, Ибн Аббас (р.а.): «Қадір түні мамыражай болып, ыстық не салқын болмайды және таңсәріде күн шапағының қызылы бәсең болады»,-деген. Ғабда ибн Аби Лубәбә (р.а.): «Мен Рамазан айының жиырма жетінші түнінде теңіз суының дәмін көргенімде ол тәтті болатын»,-деген.
Абдулла ибн Динаар: «Ибн Омардың (Аллаһ оған разы болсын) Қадір түні жайында Пайғамбардан: «Кім оны іздесе, 27-ші түні іздесін!», – деп хадис айтқанын естідім деген.
Негізінде, Рамазан айының бір ғана Қадір түнін емес, барлық түндерін, әсіресе соңғы он түні ішіндегі тақ түндерді намаз, Құран оқу, истиғфар айтып, дұға тілеу құлшылықтарымен өткізген мустахаб. Сондай-ақ 27-ші түні атқарылатын құлшылықтың сәреге дейін жалғасуы абзал саналады. Жаратушы Иенің разылығы мен ақырет игілігінен шын үміттенген пенде үшін бұл қиынға соқпасы анық!
Ну`маан ибн Башиир (Аллаһ оған разы болсын): «Аллаһ елшісімен бірге рамазан айының 23-ші түнін намазда түннің үштен бірі өткенше тұрдық. Сосын 25-ші түнді намазда түн ортасына дейін тұрдық. Сосын 27-ші түнде атқарған намазымыздың ұзақ болғаны сонша, тіпті сәресіне үлгермейтін шығармыз деп қорыққан едік», – деп айтқан.
Қадір түні жасалатын дұға жайында Абдулла ибн Буройда: Айша анамыз: «Ей, Аллаһтың елшісі, егерде Қадір түніне кезіге қалсам, қандай дұға тілейін, не айтасыз?», – деді. Пайғамбар: «Аллаһым, расында, Сен ғапу етушісің және ғапу етуді жақсы көресің. Мені ғапу ете гөрші» деп айтасың», – дегенін жеткізген.
Құрметті мұсылман бауырлар! Мың айдан артық сауаптар мен жақсылықтарға толы қасиетті түнді ұйқымен өткізу қате. Сондықтан баршамызға жылына бір рет келетін Қадір түнін ұйқысыз жамағат болып ғибадаттармен өткізгеніміз игі. Ал қасиетті түнді ұйқысыз өткізу – намаз оқумен, дұға жасаумен, тәубе етумен, истиғфар айтумен және Құранды тиләуәт етумен орындалады.
Аллаһ Тағала баршамызға Қадір түнін құтты мүбарак етіп, елімізге тыныштық, Ислам дініне өркендеуді нәсіп еткей!
Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.
Әлемдердің Раббысы Алла тағалаға сансыз мақтаулар мен мадақтар, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауаттар болсын!
Рамазан мейірім, молшылық айы болса, сол қасиетті айдың маңызын Қадір түні тіпті мәнді ете түседі. Алла тағала айлардан – Рамазанды, күндерден – жұманы, түндерден Қадір түнін артық еткен. Бұл түнде әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі болып табылатын қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсіріле бастаған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы», – делінген. Бұл түнде періштелер жерге түседі.
Қадір – бойға рух, санаға нұр құятын ерекше түн. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, отбасының амандығын, елдің тыныштығын тілеп дұға жасайды. Қадір кешін құлшылықпен өткізген адам үлкен сауапқа кенеліп, екі дүниенің қуанышына бөленеді.
Алла тағала бір ай бойы ұстаған оразаларымыз бен Қадір түнінде жасаған дұғаларымызды, тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әрбір отбасына бақыт, береке тілеймін! Көп ұлт пен ұлыстың тұрағына айналған Отанымыздың бірлігі мен ынтымағы арта бергей! Әмин!
muftyat.kz
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Түркияға іс-сапармен барды.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Ыстамбұл қаласында өтіп жатқан мұсылман елдерінің мүфтилері мен Ислам әлемінің ғалымдары бас қосқан конференцияға қатысты. Келелі кездесуді Түркияның примьер-министрі Режеп Тайып Ердоған ашып берді. Бұл жолғы іссапар үлкен маңызға ие. Конференцияда қазіргі уақытта күрмеулі мәселеге айналған Ирак пен Сириядағы жағдай талқыланды. Ислам әлемінің ғұламалары бас қосқан жиын«Әлемдік Ислам ғалымдарының бейбітшілік, ұстамдылық және саналылық бастамалары» деген атпен 17-19 шілде аралығында өтеді.
Кездесу барысында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Түркия Республикасының Президенті Абдолла Гүлмен кездесіп, Рамазан айының құрметіне жайылған ауыз ашар дастарханына қатысты. Басқосуда бауырлас елдердің ынтымақтастық бағытында қарым-қатынасы, рухани саладағы келісім шаралары сөз болды. Бүгінде қазақстандық діндарлар Түркияның «Хасеки» университетінде білім алуда.
Ислам үмбетінің ғалымдары әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға дін қайраткерлерінің үлкен үлес қосуы аса маңызды, жауапкершілігі жоғары жұмыс екенін басты назарда ұстауда.
www.muftyat.kz