Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша ҚМДБ-ның Қостанай облысындағы өкіл иамамы Асылхан қажы Түсіпбек облыстық «Марал ишан» мешітінде жиын өткізді.
Оған өңірдегі аудандар мен қалалардың имамдары қатысып, үстіміздегі жылғы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді.
Облыстың бас имамы әріптестірінің жұмысын сараптай келіп, алда тұрған келесі міндеттерге де жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ теріс ағымдардың алдын алу, жастардың оған еніп кетпеуіне жол бермеу жөнінде айтып өтті.
Жиналыстан кейін жоғарыда аталған мешітте екі күндік семинар өткізілді. Онда Ақида, фиқһ тақырыптары бойынша дәріс оқылды. Дәрісті облыстық «Марал ишан» мешітінің наиб имамдары Дархан қажы Сыздықов пен Асқар Мейрамбекұлы жүргізді.
Өмір мұндай семинарлардың дін қызметкерлеріне ауадай қажет
екендігін көрсетті. Дәріс барысында оған қатысушылар көп жайды көңілдеріне түйді. Өздерін көптен толғандырып жүрген сауалдарына нақты жауап алды, - дейді Дархан қажы Сыздықов.
Имам Әбу Ханифа Ислам ғылымдарындағы жетік білімімен қатар, өзінің тақуалығымен, мұқияттылығымен (вара’) және де құлшылығымен (‘ибада) белгілі болды. Бұдан әрі имам әл-Хатиб әл-Бағдадидің «Тарих Бағдад» атты биографиялық сөздігінен жеткізу тізбектерінсіз үзінділер келтірілген, және де соларға қатысты доктор Башшар Аввад Мағруфтың пікірлері жазылған.
1. Язид ибн Харун (118 – 206 жж.) былай деген: «Мен көп адамды танитынмын. Бірақ, Әбу Ханифа секілді ақылды, көркем мінезді, жауапты адамды көрген емеспін». (Тарих Бағдад 15:498). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Мұның иснады – сахих» деген.
Язид ибн Харун – ең ұлы алты хадистер жинағында аты аталатын хадистерді жеткізуші. Ол жайында «Ол жиырма мың хадисті жатқа білген» деген сөз бар. Ол ең сенімді хадистерді жеткізушілердің бірі болған, сондай-ақ, ынталы құлшылығымен және тақуалығымен белгілі болған. (Тахзиб әл-Тахзиб 11:366-9)
2. Сүлейман ибн Әби Шейх (151 – 246 жж.) былай деген: «Әбу Ханифа тақуа әрі жомарт болатын». (Тарих Бағдад 15:462-3) Доктор Башшар Аввад Мағруф «Мұның жеткізушілері сенуге тұрарлық (зикат)» деген.
3. Яхья ибн Маин былай деген: Мен Яхья әл-Каттанның былай дегенін естідім: «Алланың атымен ант етейін, біз Әбу Ханифаның қасында оны тыңдап отырған едік. Алланың атымен ант етейін, мен оған қарағанда жүзінен Алладан қорқатынын көрдім!» (Тарих Бағдад 15:482). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында «иснады - хасан» деген.
Яхья ибн Саид әл-Каттан (120 – 198жж.) да фиқһта Әбу Ханифаның пікіріне еруші болған. Оның хадис біліміндегі жоғары дәрежесі сөзсіз болатын. ( Тахзиб әл-Тахзиб 216-20 қараңыз)
4. Мұхаммад ибн Исхак әл-Балхи бізге былай жеткізген: Мен әл-Хасан ибн Мұхаммад әл-Лайсидің былай дегенін естідім: «Мен Куфаға барып, оның тұрғындарының ішіндегі ең құлшылығына берік адамды (аб’ад) сұрағанымда, олар мені Әбу Ханифаға жіберді. Содан кейін қартайған шағымда барып, оның тұрғындарының ішіндегі ең үздік факихті сұрағанымда, мені Әбу Ханифаға жіберді». (Тарих Бағдад 15:482). Доктор Башшар Аввад Мағруф: «Оның иснады - жақсы (джаййид)», - деген.
Әл-Хасан ибн Мұхаммад әл-Лайси Мервтің қадиі болған. Абдулла ибн Мүбарактың өзі оған құрметпен қараған. (Ибн Хиббан, Китаб әл-Зикат 8:168). Демек, осы айтылғандардан шығатын қорытынды, сол ерте кезеңде Әбу Ханифа Куфа тұрғындарының арасында бәрінен көп құлшылық жасайтын адам ретінде белгілі болған. Ол кезде Куфа көптеген білімді әрі тақуа адамдар тұратын үлкен қала болатын.
5. Суфьян ибн ‘Уйайна (107 – 98 жж.) былай деген: «Алла Әбу Ханифаға рақымын түсірген. Ол шын ықыласпен ғибадат жасайтындардың қатарынан болатын (мусаллин), яғни, көп намаз оқитын». (Тарих Бағдад 15:482). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жеткізуді «сахих» деп таныған.
Әли ибн әл-Мәдини жеткізген: Мен Суфьян ибн ‘Уйайнаның былай дегенін естідім: «Әбу Ханифа ең құрметті жандардың бірі болатын. Ол бала кезінен бастап, көптеген намаз оқыған». (Тарих Бағдад 15:483). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Оның иснады жақсы», - деген.
Суфьян ибн ‘Уйайна имам әш-Шафиидің хадис жөнінен ең тамаша ұстаздарының бірі болған және де жеткізуші ретінде ең беделді алты хадистер жинағында аты аталады.
6. Әбу Мути‘ былай деген: «Мен Меккеде едім. Түнгі уақытта Тәуап жасаған сайын, Әбу Ханифа мен Суфьянның (әс-Саври) Тәуап жасап жатқанын көретінмін». (Тарих Бағдад 15:483) Доктор Башшар Аввад Мағруф : «Оның иснады – хасан», - деген.
7. Яхья ибн Аййуб әз-Захид (168 жылы көз жұмған) былай деген: «Әбу Ханифа түні бойы ұйықтамайтын [яғни, намаз оқып, құлшылық жасайтын]». (Тарих Бағдад 15:483). Доктор Башшар Аввад Мағруф: «Оның иснады – хасан», - деген.
Яхья ибн Аййуб әл-Гафики де ең әйгілі алты хадистер жинағында аты аталатын хадистерді жеткізуші болып табылады.
8. Әбу ‘Асим әл-Набиль (122-214 жж.) былай деген: «Намазды өте көп оқитындығына байланысты, Әбу Ханифаны «тірек» (әл-уатад, - қасиеттіліктің ең жоғарғы дәрежесі, жерге қағып, түйені байлайтын «қазық» деген мағынадағы араб сөзінен шыққан), деп атайтын еді». (Тарих Бағдад 15:484) Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Иснады - сахих. Жеткізушілері сенуге тұрарлық», - деген.
Әбу ‘Асим әл-Даххак ибн Махлад – бұл ең беделді алты хадистер жинағының хадистерін жеткізуші және де имам әл-Бұхаридің ең ұлы әрі ең үлкен ұстаздарының бірі. Бұхаридің ең қысқа тізбектері болып саналатын кейбір зулазияттары (үш жеткізушіден тұратын тізбектер) сол арқылы өтеді. (Тахзиб әл-Тахзиб 4:450-3)
9. Имам Әбу Юсуф айтқан: «Мен Әбу Ханифамен сөйлесіп тұрып, біреудің қасындағы адамға: «Түні бойы ұйықтамайтын Әбу Ханифа деген адам осы», - деп жатқанын естідім. Әбу Ханифа былай деді: «Алланың атымен ант етейін, адамдардың мен жайында айтып жүргендері шындыққа жанаспайды». Ол түнгі уақытын намаз оқып, дұға қылып, құлшылық жасаумен өткізетін». (Тарих Бағдад 485-6). Доктор Башшар Аввад Мағруф бұл жайында: «Иснады - жарамды (салих)», - деген.
10. Мисар ибн Кидам (155 жылы көз жұмған) былай деген: «Бірде түнде мешітке кіргенде, намаз оқып тұрған адамды көрдім. Маған оның Құранды оқуы ұнап қалды. Ол Құранның жетінші бөлігін оқып болғанда, енді рукуғқа баратын шығар деп ойладым. Бірақ, ол Құранның үштен бір бөлігін, содан соң жартысын оқып шықты да, бір рәкағатта Құранды түгел оқып болмайынша оқуын жалғастыра берді. Мен оған қарадым да, Әбу Ханифа екенін көрдім». (Тарих Бағдад 487-8). Доктор Башшар Аввад Мағруф мұның тізбегін хасан деп таныды. Оның үстіне, оны жеткізушілердің бәрі сенуге тұрарлық (зикат) болып табылады. Тек қана Хафс ибн Әбд әр-Рахман сенімді (садук) болып табылады.
Мис’ар ибн Кидам Әбу Ханифаның замандасы болатын. Ол – ең әйгілі алты хадистер жинағында аты аталатын жеткізуші, әрі құлшылығымен және тақуалығымен белгілі болған.
* Имам әз-Захаби имам Әбу Ханифа мен оның екі шәкіртінің игі қасиеттеріне арналған томында былай жазған: «Әбу Ханифа түндерін намаз оқумен өткізетін болған, оның түнімен көз ілмейтіні және діндарлығы бәріне белгілі (таватарат) болатын». (Манакиб әл-Имам Әбу Ханифа, әз-Захаби, Ладжнату Ихья’ әл-Ма’ариф әл-Ну’мания, 20-1 бет)
Давуд әт-Та’и, Фудайл ибн ‘Ийад және Шакик әл-Балхи секілді Әтба’ әт-Таби’ин буынының көптеген тақуалары Әбу Ханифамен достық қарым-қатынаста болған. Олар өнегелі мінез-құлықтың иелері болған, ол жайында биографиялық әдебиетте баяндалады. Бұл да имам Әбу Ханифаның рухани дәрежесінің жоғары болғандығының дәлелі.
____________________
Орыс тілінен аударған Azan.kz
Қараша айының 14-ші жұлдызында, Қостанай облыстық Марал ишан мешітінде Қайыпбаев Азамат Ерғалиұлы бастамасымен, Марал ишан мешітінің жанында мешітке келуші жамағатына арналған мерекелік дастархан жайылып, ас берілді. Осы игі іс-шараны ұйымдастырған Азаматқа Марал ишан мешітінің Бас имамы Асылханқажы Мұханбетжанұлы ризашылығын білдіріп, марқұмдарға құран оқып, отбастарыңызға амандық, істеріңізге құт береке, дендеріңізге саулық, дастархандарыңыз берекелі отбастарыңыз әрдайым мерекелі болсын, істеген ізгі амалдырыңыз Аллаһ Тағала қабыл қылсын, деп, ақ батасын берді. Мерекелік ас соңында мешітке келуші жамағаттар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып үй –үйлеріне тарасты.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеров жалпы діни ағарту жұмыстарына айрықша назар аударып жатқаны белгілі. Оның нақты нәтижелері де қалың жұртшылыққа аян.
Осы мақсатта үстіміздегі жылдың қараша айының 16-18-күндерінің аралығында аталған басқарманың жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Ерсін Әмре ұстаз Қостанай облысында болды. Ерсін Әмре ұстаз 16 күні кешке өзінің алғашқы жүздесуін облыстық «Марал ишан» мешітінде жамағатпен кездесуден бастады. Мешітке жиналған жамағатқа тәкфіршілдіктің зианы төнірегінде дәріс жүргізді. Жиналған қауым дін жолында жүрген азаматтың уағыздарын ұйып тыңдап, көп жайды көңілге түйді. 17 мен 18 күндері 10:00-ден 18:00-ге дейін Ерсін Әмре ұстаз Қостанай облысының қала, аудан бас имамдарына ақида және фиқһ пәндерінен семинар өткізді.
Сондай-ақ имамдарға жүргізілген семинарлардан кейін әр күні ақшам мен құфтан намаздарынан соң, облыстық «Марал ишан» мешітінде Ерсін Әмре ұстаз намазхан жамағатқа «Пайғамбарымыздың сүннет жолы», «Тақуалық», «Құлшылықтың рухани пайдалары» атты тақырыптарда уағыздар айтып, аса тартымдылығымен көпшілікке ой салып, кездесу соңында жамағаттың сауалдарына жауап берді.
ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
Жуырда ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек арнайы іс-сапармен өңірдегі Қарабалық ауданында болды. Ол аудандық «Ғашура ана» мешітінде жыл бойы атқарылған жұмыстармен танысып, мешіт ұжымына өзінің ризашылығын білдірді. Қыстың жақындауына байланысты олардың алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
Өкіл имам осы сапарында аудан әкімі Алмат Ерікұлы Исмағұловпен кездесті. Жүздесу барысында өңірдегі діни-рухани саланың жалпы ахуалы және жас ұрпаққа ұлттық нақышта тәрбие берудің нақты жолдары әңгімеге арқау болды.
Ал аудан әкімі Алмат Ерікұлы өкіл имамға Қарабалыққа арнайы ат басын бұрып, келгеніне шын жүректен шыққан шынайы алғысын білідірді.
Сондай-ақ ол дініміздің мемлекетіміздің өмірінде ерекше орын алатындығына тоқталды. Имамдардың алдында тұрған үлкен міндеттер жайлы да әңгімеледі.
Облыстың бас имамы Асылхан қажының құрметіне ақ дастархан жайып, қонақасы берді.
Бас имам Асылхан қажы да өз кезегінде аудан әкіміне дінімізге көрсетіп жатқан жанашырлығы үшін ризашылығын танытып, оларды алдағы уақытта да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
«Қарты бар үйдің-қазынасы бар» - дегендей, осыгау кездесуден кейін өкіл имам аудандағы Қарттар үйіне келді. Осындағы қам көңіл қариялармен сәлемдесті. Олардың хал-жағдайларымен танысып, оларға бірнеше ұлттық тағамдарымыздан дәм таттырды. Аға буын өкілдері облыстан арнайы ат басын бұрған дін қайраткеріне тәнті болысты.
Аталған ұжымнан кейін Асылхан қажы Түсіпбек аудандағы Қазақстан агротехникалық колледжінде «Дін мен дәстүр – экстримизімге қарсы» тақырыбында студенттерімен әңгіме өткізді. Осынау кездесуде ол діни экстремизмнің зардабына тоқталды. Ауызбіршілік, дәстүрлі ислам, имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабының артықшылығы жайында да уағыз айтты. Жиналғандардың сұрақтарына нақты жауап берді.
Қызықты да мазмұнды кездесуден әсер алған оқу орындарының өкілдері Өкіл имамға тағылымды әрі ұлағатты сөздері үшін дән ризашылықтарын білдірді.
Сондай-ақ осы сапар аясында бірнеше командадан құралған аудандағы мекеме қызметкерлері мен облысқа қарасты аудан, қала имамдарының арасында кіші футболдан сайыс болып өтті. Бұл кездесуге Бас имам Асылхан қажы мен аудан әкімі Алмат Ерікұлы да қатысып, салауатты өмір салтын ұстану мен әрдайым спортпен шұғылданудың адам өмірінде ерекше орын алатындығын іс жүзінде жастарға көрсетті.
Сонымен өкіл имамның Қарабалық ауданына сапары өте жемісті болды. Жергілікті тұрғындар Асылхан қажы Түсіпбектің қашанда халықтың арасында жүретін жан-жақты азамат екендігіне тағы да көздері жетті.