Главный имам, Верховный муфтий, Религиозная карта

Бас мүфти блогы

Намаз - время намаза

{{timings.fadzhr}}
{{timings.voshod}}
{{timings.zuhr}}
{{timings.asr}}
{{timings.magrib}}
{{timings.isha}}
Таң намазы
Күннің шығуы
Бесін намазы
Екінді намазы
Ақшам намазы
Құфтан намазы
Қазақстанның діни интерактивті картасы
Миләди
Хижри
Super User

Super User

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен асыл дініміздің құндылықтарын дәріптеуде ел тарихында тұңғыш рет «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні» атты І республикалық имамдар форумы өткізілді. Еліміздің әрбір өңірінен жиналған дін қызметкерлерінің алқалы бас қосуында қоғамдағы өзекті деген мәселелер талқыланып, оны шешудің тиімді жолдары ұсынылды. Форумның алға қойған мақсаты мен нәтижесі жөнінде наиб муфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы ОРАЗБЕН әңгімелескен едік.

- Серікбай аға, дін қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан форум тағылымды тарихымыздан орын алатыны сөзсіз. Ендеше, Діни басқарманың бастамасымен өткен форумының маңызды тұсы - «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тәлімдік құжаттардың қабылдануы. Осы ретте аталмыш құжаттардың басты мақсатын айқындап берсеңіз?

– Діні мен дәстүрін сан ғасырдан бері сақтап, ана сүтін ақтап, мұсылманшылығы мығым болған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы сіз бен біздің руханиятымыздың бағдаршамы іспетті, негізгі құжатымыздың бірегейі–Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы. Ол 13 бөлім мен бірнеше бөлімшелер негізінде дайындалды. Негізгі діни ұстанымдар қатарына ең әуелі сенім мәселесін айқындадық. Мұсылманның Аллаға, Оның пайғамбарлары мен періштелеріне, кітаптарына деген сенімі қандай болу керек? Төл мәзһабымыз, дәстүрлі жолымыз Әбу Ханифа мәзһабына қатысты көзқарасы мен ұстанымы Тұғырнамамыздың бірінші бөлімінде нық айтылған.

– Негізгі құжаттың ел азаматтарына тигізер пайдасы қандай?

– Қазақ елі – зайырлы мемлекет. Біздің өзге елдерден ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында деп ойлаймын. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі. Бұл – ұлы нығмет. Осынау игілікке шүкір етіп, өзге де дін өкілдерінің сеніміне құрметпен қарау – мұсылмандығымыздың белгісі емес пе? «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталатын екінші бөлім халқымызды тағаттылық жолын таңдауға, бірлігімізге бекем болуға үндейді. Сонымен қатар, Тұғырнама

да отансүйгіштік, әскери борышты өтеу, ұлт құндылықтарын ұлықтау, салт-дәстүрлерді қадірлеу, білім мен ғылымды игеру, отбасы бірлігіне ұйытқы болу, күнәға жетелейтін істерден іргені аулақ салып, ел ішіне іріткі салатын теріс пиғылды ағымдардан сақтану сынды сауапты амалдарды атқару ұсынылды.

– Дәстүрлі бағытымызды айқындап берген құжаттың дайындалуына кімдер атсалысты? Қоғамның пікірі ескерілді ме?

– Жоғарыда айтқанымдай, бұл – Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы үшін діні мен ділін, тіршілігін үйлестіріп, өмір сүруге, ешкімді алаламай, жалқы емес, жалпы жұртшылығымызға арналған тәлімі мен тағылымы мол толыққанды әмбебап құжат деуге болады. Тұғырнама ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің бірнеше рет талқылауынан өтіп, мақұлданды. Тәлімдік құжатымыз – теріс ағымдарға тойтарыс бере алатын, имани иммунитетімізді күшейтетін дәстүрлі бағдарымыз.

Бірлік – беделіміз бен қуатымызды арттыратын күш болса, алауыздық – берекемізді қашырып, әлсіздікке жол ашатын бүліктің бастауы. Тұғырнама біртұтас мұсылман үмбетінің бірлігін көздейді.

Шынайы мұсылманның өмірі имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделуі тиіс. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесін айқындайтын тәлімдік құжатта мұсылманның дұрыс сенімде болуы, білім алуы, Отанын қорғауы, дінаралық келісімді сақтауы, қоғамға пайдасын тигізуі, ысырапқа жол бермей, еңбекқор болуы, тәні мен жан тазалығы, көркем мінезді болуы, отбасы құндылығы, т.б. жағдаяттардың қамтылуын қадағалады. Осы тәлімдік құжаттар мұсылман қауымының, жұртымыздың жүрер жолы, діни ұстанымы, бірлікке бастайтын жалпыға ортақ өмірлік қағидасы деуге болады.

– Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қазіргі таңда имамдардың қоғамдағы рөлі айқындалып, жауапкершілік жүгі артқанын білеміз. Осы ретте дін қызметкері халықтың жүрегіне қалай жол таба білу керек?

– Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бастау алған, әділетті мұсылман әміршілері – Омар, Осман, Әбу Бәкірлер (р.а.) жалғастырған имамдық қызмет екі дүниенің абыройына бөлейтін сауапты да, жауапты қызмет. Діни қызмет кешегі көшпелі қазақ топырағында көрініс тапты.Құдайсыз қоғам құруды көксеген кешегі Кеңестік идеология кезеңінде халқымыздың рухани тұтастығын бір арнаға тоғыстырып, игілікке үндеген де осы дін қызметкерлері еді. Ел арасында «Ишан», «Молда», «Хазірет» деген атпен танылған діни тұлғаларымыз діни ағарту саласында да жетекші рөл атқарды, табанды еңбек етті.

Мешіт – рухани орда болса, сол құлшылық үйінің көркем мінезімен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер, қоғамның рухани жетекшісі – имамдар екені сөзсіз. Имамдық қызметтің ұғымы кең, мазмұны терең. Ол отбасыдан бастап, бүкіл бұқараның ізгілік пен имандылық ұйытқысы.

Дегдарлық пен бекзаттылық үлгісі болған дәстүрлі исламды уағыздаған Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміздініміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Рухани тұлғаларымыздың бүгінгі жалғасы – осы отырған имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп есептеймін.

– Ендеше, бүгінгінің имамы қандай болу керек? Аумалы –төкпелі заманда дін қызмкеткеріне артылған жауапкершіліктің өлшемі қандай?

– Жаңа заманның имам-молдаларығаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Өзін жан-жақты дамытып, уағыздытарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет. Форумда қабылданған «Дін қызметкерінің этикасы» имам-молдаларға осынау талап-тілектердің үдесінен шығуды егжей-тегжейлі ескертеді. Нақты айтқанда, бұл құжат– әр мекеменің ар-намыс кодексі іспетті.

– Сөз соңында, оқырмандарымызға айтар қандай лебізіңіз бар?

– Алла Тағала халқымыздың, мұсылман үмбетінің бүгінгі берекесі мен бірлігіне сызат түсірмей, іргелі ел, жоралы жұртқа айналған мемлекетіміздің мәртебесін мәңгілік еткей. Елімізді дамудың даңғыл жолына бастаған Елбасымызға Алла жар болып, тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік болсын! Мәңгілік елге ұмтылған ұлтымыздың қадамы құтты, дұғасы қабыл, иманы кәміл болғай!

– Рахмет!

Вторник, 24 Февраль 2015 00:00

Мұсылманның тұлғалық бейнесі

Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Қазіргі таңда тұрғындардың, әсіресе жастардың арасында исламға деген қызуғышылық артуда. Бұл – қуантарлық жайт. Алайда, кейбір мұсылмандар бір ісін ұқыптылықпен атқарса, екіншісіне немқұрайлық танытуда.

Шынайы мұсылманның өмірі мен мінез-құлқы үйлесімділікке толы, имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделеді. Қоғамымызда соған себеп болатын мұсылманның сапасын арттыратын әрі дұрыс жолмен жүруге бағыт-бағдар беретін, шынайы мүміннің келбетін бейнелейтін көптеген сипаттар бар.

Вторник, 24 Февраль 2015 00:00

Имамның тұлғалық келбеті

Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын.

Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

Имамдық – жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Бұл – Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла тарапынан алып келген аманатын келер ұрпаққа жалғастыратын, адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандыққа тыйым салатын ұлы істің бірі. Сол себепті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті үмбеттердің қайырлысы болды.

Вторник, 24 Февраль 2015 00:00

ҚМДБ қызметкерінің ЭТИКАСЫ

Діни қызмет – мәртебелі міндет және имам-молдалардан жоғары адамгершілік құндылықтар талап етеді.

Ислам дінінің қызметкерлері барлық білімі мен тәжірибесін ел бірлігін нығайтуға, имандылығын арттыруға жұмсайды.

Дін қызметкерлері жұмыс барысында Алланың әмірін басшылыққа ала отырып, өмірінің барлық кезеңінде хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін үлгі тұтады, Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын ескереді.

Отанына, Қазақстан Республикасының азаматтарына, мұсылман үмбетіне, ел игілігіне қалтқысыз қызмет етеді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (әрі қарай – ҚМДБ) өз Жарғысы негізінде мемлекетіміздің зайырлы даму жолында Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтаудағы отандық тәжірибені қолдайды. Сондай-ақ, бұл үрдісті одан әрі нығайтуға негіз болып саналатын осы Тұғырнаманы қабылдайды және күнделікті қызметінде басшылыққа алады.

Тұғырнамада мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортағажәне ел аумағындағыхалықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарастары айқын көрсетіледі.

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірменді Форумға қатысушы қонақтар!
Құрметті имамдар!

Тәуелсіз елімізде тұңғыш рет өтіп жатқан республикалық Бірінші имамдар форумына қош келіпсіздер. Тарихи шарамызға шақыртуымызды қабыл алып, бүгінгі алқалы жиынға қатысып отырған баршаларыңызға шынайы алғысымды білдіремін.

Шетелден келген қонақтар - Қазақстанға қош келіпсіздер!

Христиан діні өкілдеріне де құрмет пен алғысымды білдіремін!

Бүгін баршамызды исламның бірлік пен татулықтың діні екенін жаһанға жар салуға, дін атын жамылған радикализм мен экстремизмнің көріністерін айыптап, бейбіт тұрғынның берекетін қашырған оқиғалардан сабақ алсақ, елдің тұтастығын сақтап, халқымыздың имандылығы мен бірлігін бекемдей түссек деген ізгі ниет бізді осы «имамдар форумында» топтастырып отыр.

Еңселі Елордамыздағы келелі кездесуде Сіздердің тараптарыңыздан айтылар парасатты ойлар мен мазмұнды баяндамалар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыстарына серпін беріп, діни татулық пен тұрақтылығымыздың орныға түсуіне септігін тигізеді деген сенімдемін.

Егемен еліміздің татулықты ту еткен тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем дін қайраткерлерінің басын қосып, асқақ Астанамызды бейбітшілік пен бірліктің символына айналдырды. Бүгінгі басқосу осынау әлемдік алқалы жиынның Діни басқарма деңгейіндегі жалғасы деп есептеймін.

Діни басқарма тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің 25 жылдық тарихында діни салада ауқымды іс-шаралар атқарды, берекелі бастамаларға ұйытқы болды. Еліміздегі екі жарым мың мешіт халқымыздың бірлігін ұйыстыратын, дәстүрлі рухани орталыққа айналды.

Толыққанды кәсіби имамдардың корпусы калыптасты. Алғашқы кезде имамдарымыз 5 уақыт намазды өткізумен шектелсе, бүгінгі таңда халық арасындағы сұранысқа жауап бере алатын, қоғамдық мәселеге белсене араласатын тұлғаға айналды.

Қазір заман өзгерді, уақыт талабы тым басқа. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірі, адамзат санасының күн санап өзгеруі, бізге, Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отыр.

Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық экономикалық дағдарысты, саяси, ұлтаралық, дінаралық шиеленістерді бастан кешуде.

Әсіресе, адамзат жаңа ғасырда бұрын-соңды болмаған діни алауыздықтар, дау-жанжалдар, ұлтаралық қақтығыстармен бетпе-бет келді. Дінді саясиландыру арқылы жастар санасын теріс арнаға бұру үрдісінің куәгері болдық. Дінді өз саяси мақсаттарына икемдеп алған түрлі топтар әлемнің әрбір жерінен көріне бастады. Радикалды топтар тек дәстүрлі діни түсініктерді жоққа шығарумен қатар, ашық түрде лаңкестік әрекеттер жасауда.

Елімізде де мұндай радикалды ағым өкілдері көріне бастады. Мұны мойындауға мәжбүрміз.

Жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранды таратушылар Ирак және Шам елдерінде адасқан арманның, құр қиялдың жетегінде жүріп, діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Дінді біліммен емес, жалған сезіммен түсінген жастар олардың қатарына қосылды. Ислам атын жамылған бүлікшілердің бұл әрекеті, сөз жоқ, дәстүрлі дінімізге деген анық қарсы әрекет, мұсылмандық былай тұрсын, адамшылыққа да жат амал.

Қадірлі имамдар!

Әлемдегі осындай күрделі діни ахуалға діндар қауымы да алаңдайды.

Өйткені, бұл жағдай біздің саламызда да байқалуда. Мәселені айналып өту – шешім яки нәтиже емес.

Діни басқарма жауапты кезеңде бірнеше ауқымды шараларды жүзеге асырды. Солардың бірқатарына тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2014 жылы қазан айында Астана қаласына қоныс аударды.

Бұл жайт мүфтияттың орталықтан басқару әлеуетін күшейтуге және мемлекеттік мекемелермен қарым қатынасын арттыруға жағдай жасайды.

Біз өткен жылдың қаңтарында дін саласындағы уәкілетті орган мен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойдық.

Біз 2014 жылы бағдарымызды айқындайтын, мемлекет тұтастығын сақтауға сеп болатын Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар – көркем уағыз, жат ағымның жетегінде кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.

ҚМДБ жанынан діни білімі терең, тәжірибесі мол білікті дін ғалымдарының басын біріктірген ақпараттық насихат топтары құрылды.

Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жұмыла жасалған жұмыс нәтижесін бере бастады. Жат ағымдағы жастарымыздың беті бері қарап, қатарымызға қосылды.

ҚМДБ-ның кадрлық әлеуетін күшейту қолға алынды.

Қазіргі уақытта ҚМДБ жүйесінде қызмет атқаратын 4 мыңға жуық діни мамандардың білімін тереңдету жұмысы қолға алынды.

Елбасының қамқорлығымен Алматы қаласында елімізде тұңғыш рет ашылған имамдар даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университетінің жұмысы белсенді жүргізіле бастады. Имамдардың білімін жетілдіру республикалық Ислам институты жұмыс істейді.

Осыған дейін республика аумағында салынған 9 медресе болашақ имамдарды, ұстаздарды даярлауда.

Имамдардың атқарып жатқан қызметі мен біліктілігін анықтау мақсатында аттестациядан өткізу жұмыстарын қолға алдық.

Өткен жылы ҚМДБ жанындағы Ғұламалар Кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, жиһад ұғымы жайлы, теріс ағымдар ақиқаты туралы пәтуалар шығарды.

Мүфтиятта жаңадан ашылған «Халал өнімдерді стандарттау», «Жастар ісі», «Баспасөз» бөлімдері қызметіне кірісті. Республика деңгейінде дін мен дәстүр сабақтастығы кеңінен насихатталды. Бұл өміршең бастама қысқа мерзім аралығында халық пен діндарлар арасында алтын көпірге айналды деуге болады.

Осында отырған ел ағалары, зиялы қауым өкілдері бастамаға өздерінің қолдауын білдіріп, үгіт-насихат жұмыстарына белсене араласты. Осы сәтті пайдаланып, айрықша алғысымды білдіргім келеді. Алла разы болсын деймін.

Біз 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялап, абыроймен атқарып шықтық.

Дәстүрімізді жаңғырту жолында бірқатар мәселелерге баса назар аудардық. Діни басқарма осы бағытта жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені қалыптастыруға ерекше мән берді.

Жамағатқа дәстүрлі Ханафи мәзһабы мен имам Матуриди сенімі, салт-дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің мән-мағынасы жеткізілді.

Дәстүрлі мәзһабымызды кеңінен насихаттау мақсатында 2015 жылды «Әбу Ханифа жылы» деп жариялап, бірқатар іс-шаралар жоспарлап отырмыз. Осының шеңберінде «Нұр Мүбәрак» университетінің жанынан «Әбу Ханифа ғылыми-зертеу орталығы» ашылып, өз жұмысын бастап кетті.

Алғашқы ізденістің жемісі болған «Дін мен дәстүр» кітабының бірінші бөлімі шығарылды.

Мүфтият әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына үнемі көңіл бөліп отырады.

Әртүрлі жағдаймен көмек сұрап келген мұқтаж кісілерге қаржылай, азық-түлікпен де қайырымдылық көмек көрсетіп тұрамыз. Бір ғана Қасиетті Рамазан айында 17 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасына қайырымдылық көмек көрсетілді.

«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 7 мыңға жуық отбасынан шыққан балаларға оқу құралдары тегін таратылды.

Жастар ұйымдарымен бірлесе өткізілген спорттық шаралар мен сенбілік акциялар жыл бойы ұйымдастырылды.

«Ақ түйенің қарны жарылған» осынау тарихи күнде жеткен жетістіктеріміз бен алда күтіп тұрған міндеттерімізді таразыға салып, бағытымызды айқындау үшін бас қосып отырмыз. Бүгін бәрімізді «болашақ ұрпақтарымызға исламды қандай деңгейде мұра етіп қалдырамыз» деген сауал алаңдатып келеді?

Халқымызда: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деген нақыл бар. Осынау ортақ мақсатқа жету үшін бәріміз бірігіп, бір-бірімізге көмекші болсақ, алар асуымыз көп болмақ. Ол үшін әрбір дін қызметкері өзінің атқаратын қызметінің жауапкершілігін терең сезінуі керек. Ауыл, аудан, облыс имамдары сол аймақтың діни тыныс-тіршілігіне тікелей жауапты.

Құрметті форумға қатысушылар!

ҚМДБ өз қызметін жетілдіру мақсатында Стратегиялық және қоғамдық маңызы бар құжаттар дайындады.

Атап айтқанда, ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту Тұжырымдамасы әзірленіп, қабылданды. Бұдан бөлек, жалпы жұртымыздың, мұсылман үмбетінің басын біріктіретін Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы дайындалды.

Тұғырнама мұсылман қауымының Құран Кәрім мен хазіреті Мұхаммед пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрсеткен жолмен жүруіне, мәзһаб пен сенімге байланысты жік-жікке бөлінбеуіне ықпал етеді деп сенеміз.

Бүгінгі басқосуымыздың тағы бір маңызды тұсы – «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тәлімдік құжатымызды қабылдау. Дұрыс сенімде болу, білім алу, Отанды сүю, дінаралық татулықты нығайту, басшыны құрметтеу, еңбекқор болу, көркем мінез қалыптастыру, ысырапқа жол бермеу сынды асыл қасиеттер – мұсылманға тән сипаттар.

Алла Елшісінен: «Жақсы адам кім?» деп сұрағанда, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қоғамға пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Мұсылманның шынайы келбетін бейнелейтін құжатымыз ел игілігі үшін қызмет етуге үндейді.

Жуырда Ұлт көшбасшысы халқымызды ысырапқа жол бермеуге, үнемшілдікке, қолда барға қанағат етуге шақырып, мұсылмандықтың үлгісін көрсетті.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – деп, адамзат баласын қанағатшыл болуға бұйырған.

Біз барға – қанағат, жоққа – шүкір еткен халықпыз. Иманым – жиғаным деп білген бабаларымыз байлықтың өлшемін қанағат деп білген. Ал мұсылман дегініміз – ысырап та жасамайтын, сараңдық та танытпай, орта жолды ұстанатын пенде.

Қазіргі заман талабына сай, білімі мен біліктілігі толысқан діни мамандар санын арттыру – менің жіті назарымда.

Сондықтан бабаларымыздың пәтуалы сөзімен үндесетін қолымыздағы «Имамның тұлғалық келбеті» тәлімдік құжатымыз қазіргі таңдағы қоғамда сұранысы мол, жалпы жұртымыздың бүгінгі тіршілігінде маңызды рөл атқарады деген үміттеміз.

Одан бөлек «Дін қызметкерінің этикасын» әзірлеп, осы форумда қабылдауымыздың мәні ерекше. ХХІ ғасыр имамын тек мешітке қатысты құлшылық-амалдармен елестету өткен күннің еншісінде қалды деуге болады.

Бүгінгі имам, бәлкім біз күткен дәрежеден де биік тұруы тиіс. Әрбір имам қарапайым адамнан бастап, қоғамның түрлі саладағы тұлғаларымен тең дәрежеде сұхбаттасын рухани көшбасшыға айналуы керек. «Дін қызметкерінің этикасы» деп аталатын құжатымыз осынау талаптарды ескереді.

Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Бұл құжаттың көтерер жүгі осындай.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз үмбетін: «Алла Тағала кімге жақсылықты қаласа, соған дінді үйретеді», – деп сүйіншілеген.

Бәрімізге мәлім, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен жылы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Жолдаудың еліміз үшін маңызы зор. Өйткені, бұл мемлекетіміздің дамуы мен халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған стратегиялық құжат.

Біздің негізгі бағытымыз – діни, рухани сала болғандықтан, еліміздің рухани дамуы жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Халықтың иманы мен руханиятын дамытпай, елдің экономикалық өркендеуі мүмкін емес деп есептеймін.

Мемлекет дінге сенушілердің діни қажеттіліктерін орындау үшін барлық жағдайлар жасады.

Орта Азия бойынша құлшылық үйлерінің саны жағынан біздің ел бірінші орында. Дәстүрлі діндердің ғибадатханалары тең дәрежеде қызмет етуде.

Қымбатты бауырлар!

Биыл еліміздің рухани саласында мемлекеттік деңгейде айтулы игі іс-шаралар өтеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын, Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл секілді мерекелерді кеңінен атап өткелі отырмыз. Бұл – ұлттар мен ұлыстарды бірлікке ұйыстыратын, татулыққа үндейтін елеулі шаралар.

Бейбіт заманды басты байлығы санаған халқымыз қашан да татулықты тұғырына айналдырған. Тарихтан белгілі, халықтың болашағын ойлаған дін қайраткерлері де татулық пен бірлікті басты бағдар еткен. Халықтар бірлігі – бәрінен қымбат қазына деп санаған.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргетасын бірлікпен бекіткен. Алла Елшісінің тайпалар мен руларды бір мақсатқа біріктіруі – кез келген басшыға басқару ісінде үлкен бағдар болары хақ.

Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», – деген қанатты сөз бар. Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған.

2015 – әсіресе, діндар қауымы үшін маңызды оқиғалар жылы. Өйткені, биыл Елбасының тарихи бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтерген, рухани келісімнің ордасы – Астанамызда әлемдік дін көшбасшыларының дәстүрлі құрылтайы өтеді.

Әрбір парасатты пенде әлемдегі қаржылық дағдарыс пен адамдар арасындағы әділетсіздік, отбасылық күйреу, әлеуметтік келеңсіздіктер секілді мәселеден құтылудың бір ғана жолын түсінді. Ол – рухани құндылықтарды бірінші орынға шығару.

Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына ауадай мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы.

Ардақты ағайын!

Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді. Ортақ Отанымыз – Қазақстан халқының бірлігі мен татулығы – болашақ заман үшін үлгі-өнеге, өсиет болып қала бермек. Бүгінгі берекелі басқосуымыз тарих беттерінде алтын әріптермен жазылары хақ.

Бүгін Елорданың төрінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген 500-ден астам имамдар мен ел, дін қамында жүрген асыл азаматтар 4 тарихи құжаттымызды қабылдамақ. Діни басқарманың тарихында тасқа таңба басқандай болып қалатын осынау тарихи күн – XXI ғасырдың имамын, еліміздегі дін исламды жаңа белеске жетелейтін болады.

Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Жуырда, Астана қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайында І-Республикалық имамдар форумы өтті. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форумға имамдармен қатар ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің мүшелері, елімізге танымал дін ғалымдары жиналды. Форумның қонағы ретінде ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, бірнеше шет мемлекеттердің исламдық діни ұйымдарының басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, көптеген қоғам қайраткерлері қатысты. Форумның ашылу салтанаты Елбасымыздың жолдаған құттықтау сөзімен басталды. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзін Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізді.

Елбасы өзінің жолдаған құттықтау хатында «форум отандық мүфтият қызметіне тың серпіліс беріп, дін саласындағы түйткілді мәселелерді шешудегі имамдардың рөлін арттыруға себін тигізеді деген сенімін» деп, аталған іс-шараның маңызды екендігін ерекше атап өтті. Президент сондай-ақ имамдарды діни тұрақтылықты нығайту, өскелең ұрпақты дін атын жамылған теріс ағымдар ықпалынан сақтау жолында табанды жұмыс жүргізуге шақырды.

Форум жұмысының нәтижесі бойынша маңызды құжат - Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы қабылданды. Тұғырнаманы қабылдаудағы көздеген негізгі мақсат – Қазақстан мұсылмандарының өзге дін өкілдерімен, дін жолын ұстанбайтындармен ынтымақтастықта тіршілік етіп, ұлтаралық және конфессиялық тұрақтылықты сақтай келе, аталған үдірістерді нығайту, сақтау және күнделікті қызыметте басшылыққа алу сияқты қағидаларды нығайту.

Атап айтқанда, тұғырнамада ҚМДБ Исламдінінің сүнниттік бағытын, оның ішінде имам Әбу Ханифаның мәзһабын, ал сенім-наным мәселесінде матуриди ақидасын ұстанатындығы ресми бекітілді.

Тұғырнама ақида мен фиқһ мәселелерінен бөлек ахлақ, әскери қызмет, салт-дәстүр, отбасы сияқты тағы да басқа қағидаларды қамтыды.

Жалпы, тұғырнаманың қабылдануы қазақ елінің ежелден келе жатқан дәстүрлі сенімін бұрмалап, Ислам дініне қайшы келмейтін ұлттық салт дәстүрлерімізді жоққа шығаруға әрекеттеніп жүрген деструктивті ағымдарға қарсы қоятын маңызды қадам болып табылады.

Сонымен қатар, форум барысында «ҚМДБ қызыметкерінің қызыметтік этикасы», «Имамның тұлғалық бейнесі», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» сияқты бірқатар маңызды құжаттар қабылданды.

Azan.kz

Вторник, 24 Февраль 2015 00:00

Алтын дала ауылындағы кездесу

18 ақпанда Қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммад(с. ғ.с)ның туылған күніҚостанай ауданы, Алтын дала ауылы мешітінде атап өтті.Бұл жиынға ауданымыздың имамы Азамат қажы Серікбайұлыбір топ жамағатпен қатысып, жұртшылыққа Пайғамбарымыз жайында уағыз-насихат айтты және ауыл молдалары қонақ болып келді. Осы мешітінің 7 шәкірт өз өнерлерін көрсетіп мәуліт қасидаларын оқыды. Жамбыл округінің әкіміде құрметті қонақ болып жиналған мұсылмандарды мерекемен құттықтады. Айта кететің жағдай, сол мешітке демеушілік жасап жүрген Сағындық ағамыз, пайғамбарымыздын құрметіне дастархан жайып, үлкендердін батасын алды.

Ғибратнама

барлық мақалалар

Медиа

барлық басылымдар
Сайт құрастырушысы — Иником